11 декабря 2019 | 15:16

Допинг дауы: Басы бәлеге қалған Ресей қандай додаларға қатыса алмайды?

Көрнекі сурет. © Ашық дереккөзден

Ресей Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарынан төрт жылға шеттетілді. Допинг дауына іліккен ресейліктерге Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) осындай жаза тағайындады. Алдағы төрт жылда байрақты бәсекелерде Ресей туы көрінбейді, әнұраны шырқалмайды. Солтүстік көршілеріміз өз елінде үлкен жарыстарды да қабылдай алмайды. Tengrinews.kz тілшісі Ресейді спорттан шеттетіп тастаған допинг дауына шолу жасады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ресей Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарынан төрт жылға шеттетілді. Допинг дауына іліккен ресейліктерге Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) осындай жаза тағайындады. Алдағы төрт жылда байрақты бәсекелерде Ресей туы көрінбейді, әнұраны шырқалмайды. Солтүстік көршілеріміз өз елінде үлкен жарыстарды да қабылдай алмайды. Tengrinews.kz тілшісі Ресейді спорттан шеттетіп тастаған допинг дауына шолу жасады.

Даудың басы - допинг
Реклама
Реклама

23 қыркүйекте WADA сарапшылары 2012 және 2015 жылдар арасында Мәскеу допингке қарсы зертханасының мәліметтер базасында өзгерістер болғанын байқаған. Яғни, ресейлік тарап тексеруге берілген допинг-сынамалардың көбі өзгертілген болып шықты. Осылайша, бұған дейін спортшылары допинг қолданғаны үшін басы бәлеге қалған ресейлік билік енді өздері сол сынамаларды жасырған болып шықты.

Бүкіләлемдік агенттік осы жағдайды түсіндіру үшін ресейлік спорттың басшыларына үш апта уақыт берген. Сол кезде-ақ ресейлік спорт шенеуніктері алдағы Олимпиада ойындарымен қоштаса беруге болатынын түсінген.


Фото: championat.com

1 қазанда Ресей допингке қарсы агенттігінің бас директоры Юрий Ганус бұл оқиғаның алдағы Олимпиада ойындарына әсер  ететінін мәлімдеген.

"Екі олимпиададан шеттетілу қаупі зор: бәрі айтып жатқан жазғы ойындарға енді қысқыны да қосу керек", - деген ол "Интерфаксқа".

Бұған дейін Ганус мыңға жуық допинг-сынаманың өтірік жасалуы мүмкін екенін айтқан.

Жалпы, Ресейдің допинг дауы 2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпиададан басталған. Содан бері көрші елдің спорттағы жағдайы жақсармады. Көптеген спортшысы допингпен ұсталған. Ал былтыр ресейлік спортшылар Пхенчхандағы қысқы Олимпиадаға нейтрал құрама ретінде қатысқан еді.

Ресейдің жазасы қандай?

9 желтоқсанда Лозаннада WADA атқарушы комитетінің отырысы өтіп, Ресейдің допингке қарсы агенттігін статусынан айырды. Демек, Ресей алдағы төрт жылда барлық ірі халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Оның ішінде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттары бар. Ресей ондай жарыстардан қатысу құқығынан айырылып қана қоймады, олар төрт жыл бойы байрақты бәсекелерді өз елінде өткізе де алмайды.


Фото: АР/ТАСС

Ресейлік шенеуніктер Олимпиада ойындары мен сол сияқты халықаралық турнирлерге ресми қонақ болып бармайды. Сонымен қатар, Ресейге 2032 жылғы Олимпиаданы өткізуге ұсыныс жасауына тыйым салынған.

Ал спортшылары енді өз елінің атынан өнер көрсете алмайды. Допинг дауына ілікпеген спортшылар нейтрал статуста жарыстарға қатыса береді. Бірақ жеңіске жетсе, Ресей туын көтере алмайды, әнұраны шырқалмайды.

Ресей футболдан әлем чемпионатына қатыса ала ма?

Енді спортшылар Пхенчхан Олимпиадасы секілді "Ресейдің олимпиадалық атлеттері" деп аталмайды.

"Олар - бейтарап атлеттер, демек қандай да бір елдің, Ресейдің өкілдері емес", - деді WADA комитетінің басшысы Джонатан Тэйлор баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, футболдан Катарда өтетін 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Ресей өз туымен ойнай алады. Ал негізгі кезеңге өтсе, тек бейтарап түрде өнер көрсетеді. Мұнда да олардың туы мен әнұраны болмайды.


© Imago Images

Ал УЕФА өкілдерінің мәлімдеуінше, WADA шешімі 2020 жылғы Еуропа чемпионатының матчтары мен 2020/2021 жылғы Чемпиондар лигасының финалын Санкт-Петербургте өткізуге кедергі бола алмайды. 

Бұған дейін де әлемде көптеген танымал спортшылар допинг дауына іліккен. Бірақ бір елдің жүйелі түрде ілігуі және оған мемлекеттік құрылымның көмектесуі әлемдік спорт тарихында болмаған. Биыл қазанда Юрий Ганустың өзі New York Times газетіне берген сұхбатында допинг-сынамаларды жасыру дерегі болғанын растаған еді.

ХОК бұл шешімді қолдады, Путин не дейді?

Ресейліктерге енді халықаралық ұйымдардан көмек күту қиын. Себебі WADA-ның шешімін Халықаралық олимпиада комитеті толық қолдап отыр.

"Допинг дауын жасырып қалған ресейлік биліктің әрекетімен келіспейміз. Ал WADA-ның бұл жанжалға қатысы бар шенеуніктер, спортшылар мен команда мүшелеріне қатысты шешімін қолдаймыз. Таза спортшылардың құқығы қорғалуы керек деп санаймыз. Оларда спорттағы карьерасын жалғастыруға мүмкіндік болуы керек", - делінген ХОК спортшылар комитетінің хабарламасында.


© Reuters

Ал Ресей президенті Владимир Путин бұл шешімді апелляцияға береміз деп отыр.

"Бұл шешімді сараптауымыз керек. Менің бірден байқағаным: мысалы, Ресей олимпиада комитетіне шағым жоқ. Егер солай болса, мемлекет ұлттық туымен өнер көрсетуі керек. WADA шешімі Олимпиада хартиясына қарама-қайшы келіп тұр. Біздің Лозаннадағы Спорттық арбитраж сотына апелляцияға беруге құқығымыз бар", - деді Путин Париждегі "Норман төрттігінің" саммитінде.

"Біз нейтрал тумен бармаймыз"

WADA шешімінен кейін ресейлік спортшылардың пікірі әртүрлі. Бірі тек өз елінің атынан шыққысы келсе, басқалары нейтрал атлет болып қатысуға келісімін беріп отыр. Мысалы, Ссуға секіруден Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Евгений Кузнецов нейтрал ту астында өнер көрсетуге дайын. Бұл туралы оның жеке бапкері Валентина Решетняк ТАСС-қа айтқан.

"Бұл спортқа қанша жылын арнады, денсаулығы қанша кетті. Бұл тақырыпта онымен сөйлестік: ол нейтрал тумен баруға дайын", - деді Кузнецовтың бапкері.

Ал бокстан Ресей құрамасы нейтрал тумен өнер көрсетуге қарсы. Бұл туралы команданың бапкері Виктор Фархутдинов мәлімдеді.

"Біз нейтрал тумен бармаймыз, еліміздің намысын қорғағымыз келеді. Бізге Ресей әнұраны шырқалып, туы желбіреп тұрғаны маңызды. Олимпиада медальдарын жеңіп алғымыз келеді, бірақ мұны еліміз үшін жасауды қалаймыз", - деді ол.

Мәнерлеп сырғанаудан танымал бапкер Алексей Мишин болса, Олимпиадаға ұқсас сайыс ұйымдастыруды ұсынды.

"Арбитражда сәтсіздікке ұшырасақ, не болғанын емес, не болатынын ойлау керек. Олимпиада ойындарына альтернатива болатын өз сайысымызды өткізу қажет. Спорт жетекшілерінің орнында болсам, осындай қиын уақытта спортымызды қолдайтын жағдай туралы ойлар едім. Спортқа қатысы бар барлық қауымдастықты жинап, үлкен форум өткізу керек деп ойлаймын", - деді ол.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная