ПОДЕЛИТЬСЯ
15 июля 2019 | 12:30
Дычконың қатарынан тоғызыншы нокауты, ҚПЛ-дағы жанжал - Спорт жаңалықтарына шолу
Өткен сенбі мен жексенбіде әлем және Қазақстан спорты оқиғаларға бай болды. Уимблдон мәресіне жетіп, Амир Хан жекпе-жекке шықты. Сондай-ақ, қазақстандық боксшылар кезекті жеңістеріне қол жеткізді, ал қазақстандық футболда тағы дау шығуы мүмкін. Тengrinews.kz тілшісі демалыс күндері спорт әлемінде болған ең басты жаңалықтарға шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Өткен сенбі мен жексенбіде әлем және Қазақстан спорты оқиғаларға бай болды. Уимблдон мәресіне жетіп, Амир Хан жекпе-жекке шықты. Сондай-ақ, қазақстандық боксшылар кезекті жеңістеріне қол жеткізді, ал қазақстандық футболда тағы дау шығуы мүмкін. Тengrinews.kz тілшісі демалыс күндері спорт әлемінде болған ең басты жаңалықтарға шолу жасады.
Ханның нокауты
Бірінші орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, британиялық танымал боксшы Амир Хан кәсіпқой рингтегі 39-жекпе-жегін өткізді. Бокс кеші Сауд Арабиясында ұйымдастырылған. Хан аустралиялық Билли Дибпен жұдырықтасты. Боксшылар жартылай орта салмақта WBC International титулын сарапқа салған.
12 раундқа жоспарланған жекпе-жек төртінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды - Дибтің командасы рингке орамал лақтырды. Бұған дейін Амир Хан қарсыласын екі рет нокдаунға түсіріп үлгерген болатын.
Деректер:
- Амир Ханның еншісінде 34 жеңіс (21 нокаут) пен бес жеңіліс бар;
- Билли Диб кәсіпқой рингте 45 рет жеңіске жетіп, алты рет жеңілген;
- Диб жекпе-жекке шығуға екі апта қалғанда келісіп, сол үшін екі салмаққа көтерілген.
Уимблдон мәресіне жетті
Өткен демалыста теннистен "Үлкен Дулыға" сериясына енетін Уимблдон турнирі мәресіне жетті. Алдымен әйелдер арасындағы жеңімпаз анықталды. Лондонда турнирдің финалында румыниялық Симона Халеп пен америкалық Серена Уильямс күш сынасқан. Уимблдонды жеті рет жеңіп алған атақты америкалық бұл жолы қарсыласына күш көрсете алмады. Матч екі сетте аяқталды - 6:2, 6:2.
The moment @Simona_Halep became Romania's first ever #Wimbledon singles champion ???????? pic.twitter.com/bny53dP8AL
— Wimbledon (@Wimbledon) July 13, 2019
Ал ерлер арасындағы жарыста Новак Джокович топ жарды. Финалдағы қарсыласы швейцариялық жұлдыз Роджер Федерер болған. Матч бес сетке созылып, нәтижесінде 7:6, 1:6, 7:6, 4:6, 13:12 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, серб теннисшісі Уимблдонда бесінші рет топ жарды.
Деректер:
- Румыния өкілі Уимблдон финалында алғаш рет өнер көрсетті;
- Уильямс Уимблдонның финалына 11-рет шықты.
- Джокович - Федерер матчы бес сағатқа созылды;
- Джокович пен Федерер Уимблдон финалында үш рет кездесіп, үшеуінде де серб жеңген;
Африка ұлттары кубогының финалистері анықталды
Еуропалық құрамалар демалып жатқан кезде, қара құрлықтың үздігі анықталуға жақын. Африка ұлттары кубогының жартылай финалында Сенегал құрамасы Тунисті жеңді. Матчтағы жалғыз голды сенегалдықтар қосымша уақытта, 100-минутта соқты - тунистік Дилан Бронн допты өз қақпасына соғып алған. Екінші таймда командалар бір-бірден пенальти теуіп, соға алмаған болатын.
74': Tunisia awarded a penalty
— Tarik Endale (@the_etheropian) July 14, 2019
75': Tunisia miss the penalty
80': Senegal awarded a penalty
81': Senegal miss the penalty
Then 101 minutes in, this ????????
I can’t with this game ????????♂️ #SENTUN #AFCON2019 pic.twitter.com/o6cCPAscNL
Ал екінші матчта Алжир құрамасы Нигериядан басым түсті. Бірінші таймда Уильямс Трост-Эконг допты өз қақпасына соғып, алжирліктерді алға шығарған. Ал екінші таймның ортасында Одион Игало пенальтиден есепті теңестірді. Матчтың ең соңғы минуттарында Рияд Марез айып соққысын голға айналдырып, Алжирді финалға алып шықты.
Деректер:
- Турнирдің қазіргі жеңімпазы Камерун құрамасы 1/8 финалда жеңіліп қалды;
- Жарыс қожайыны, Мохамед Салах бастаған мысырлықтар да 1/8 финалдан кері қайтты;
- Нигериялық Одион Игало сұрмергендер жарысында көш бастап тұр - 4 гол;
- Финал 19 шілдеде Қайыр қаласында өтеді.
Қазақстандық боксшылардың жеңісі
Бокс жанкүйерлерін қазақстандық үш спортшы қуанта алды. Голливудтағы бокс кешінде суперауыр салмақта өнер көрсететін Иван Дычко америкалық Нэйт Хэвенмен жұдырықтасқан. Отандасымыз қарсыласын жоспарланған он раундтың екіншісінде нокаутқа түсірді.
Ал жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін Мұса Тұрсынғалиев панамалық Рикардо Нуньеспен кездесті. Бұл жекпе-жек те Голливудтағы бокс кешінде өткен. Алтыншы раундта Нуньестің қабағы жарылуына байланысты жекпе-жек тоқтатылып, Мұса төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от MUSSA "WARRIOR" TURSYNGALIYEV (@tursyngaliyev) 12 Июл 2019 в 8:50 PDT
Бірінші жартылай орта салмақта сынға түсетін Руслан Мадиев Геннадий Головкиннің промоутерлік компаниясынан кеткеннен кейінгі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Қарсыласы филиппиндік Рики Сисмундо болған. Енді Golden Boy Promotions компаниясымен жұмыс істейтін Руслан Карсонда қарсыласын төрешілер шешімімен жеңді.
Деректер:
- Дычко кәсіпқой бокста тоғыз жекпе-жек өткізіп, бәрін нокаутпен жеңген;
- Тұрсынғалиев оныншы рет рингке шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Оның жетеуі - нокаутпен;
- Мадиев 13 рет жеңіске жетіп, бір рет жеңіліске ұшыраған. Боксшы 5 қарсыласын нокаутпен жеңген.
37 жыл сақталған рекорд
Италиялық Неапольде 2019 жылғы жазғы Универсиада мәресіне жетті. Сайыс 3-14 шілдеде өткен еді. Оған әлемнің 118 елінен алты мыңға жуық студент қатысқан. Жеті медаль еншілеген Қазақстан жалпыкомандалық есепте 25-орын алды - команда сапында 94 спортшы өнер көрсеткен болатын.
© ҚР ҰОК
Құраманың жалғыз алтын медалін дзюдошы Ғалымжан Қырықбай жеңіп алған еді. Ал бес рет спортшыларымыз тұғырдың екінші сатысына шықты: гимнаст Нариман Құрбанов пен Милад Карими, жеңіл атлет Михаил Литвин, таеквондошы Смайыл Дүйсебай (87 келіге дейінгі салмақта) және Зоя Кравченко (стендтік ату). Сәрсенкүл Рысбекова (стендтік ату) қола медаль иеленген болатын.
Деректер:
- Универсиадада еліміздің 37 жыл сақталған рекорды жаңарды. Ерлер арасында 4х400 эстафетасында Қазақстан құрамасы ел рекордын орнатты. Құрама нәтижесі - 3:07.66. Бұған дейінгі үздік нәтиже 1982 жылы (3:09.51) тіркелген.
- Универсиада жүлдегерлері мен олардың бапкерлеріне 140 мың доллар (53 миллион, 792 мың теңге) табысталады.
ҚПЛ-дағы жанжал: 18-тур
Демалыста футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 18-тур матчтары өтті. Бұл турда Көкшетаудағы "Оқжетпес" - "Тараз" матчында жанжал туды. Қонақтардан Михайло Йовановичтің алаңнан қуылуын жанкүйерлер "әділетсіз" деп бағалады. Салдарынан үзіліске дейін алда тұрған "Тараз" екінші таймда үш гол жіберіп, жеңіліп қалды.
Сондай-ақ бұл турда "Ақтөбе" мен "Шахтер" (2:2) тең түссе, "Жетісу" Талдықорғанда "Ертісті" тас-талқан етті - 4:0. Ал Шымкентте үздіктер қатарында келе жатқан "Ордабасы" мен "Тобыл" кездесіп, гол соға алмады - 0:0.
Ең тартысты матч Алматыда өтті. Биыл сүреңсіз ойнап жүрген "Қайрат" маусымды сәтті өткізіп жатқан "Қайсар" қақпасына бес гол соқты. Ал "қасқырлар" бұған бір ғана голмен жауап қата алды. "Астана" болса, 18-турдағы матчын ертерек ойнап, "Атырауды" 3:1 есебімен ұтқан еді.
Деректер:
- 2019 жылғы маусымдағы ең алғашқы хет-триктің авторы - Мартон Эппель. "Қайраттың" шабуылшысы "Қайсар" қақпасына үш гол соқты.
- Осы турдан соң "Тобыл" жеке дара көш бастады - 39 ұпай. Екінші орындағы "Астанада" 38 ұпай бар. "Қайрат" 35 ұпаймен үшінші орында келеді.
- "Ақтөбе" маусымдағы алғашқы ұпайын еншіледі. Команда 1 ұпаймен турнир кестесін түйіндеп тұр. Ақтөбелік клуб қарыздарына байланысты маусымды -12 ұпаймен бастаған болатын.
Показать комментарии
Читайте также