Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
23 декабря 2021 14:52

Олимпиада, антирекорд. 2021 жыл Қазақстан спорты үшін қалай өтті?

ПОДЕЛИТЬСЯ

2021 жылы қазақстандық спортшылар түрлі дүбірлі додаға қатысты. Қуаныш та, өкініш те болды. Tengrinews.kz тілшісі 2021 жылы Қазақстан спортындағы маңызды оқиғаларға тоқталды. 


2021 жылы қазақстандық спортшылар түрлі дүбірлі додаға қатысты. Қуаныш та, өкініш те болды. Tengrinews.kz тілшісі 2021 жылы Қазақстан спортындағы маңызды оқиғаларға тоқталды. 

"Алтынсыз" Олимпиада

Негізі биылғы Токио Олимпиадасының өзі даумен басталды. Себебі қазақстандық телеарналар Олимпиада трансляциясының құқығын дер кезінде сатып ала алмай, жанкүйерлер Елдос Сметов пен Зүлфия Чиншанло медаль алған жарысты көре алмаған еді. 

Негізі биылғы Олимпиаданың өзі Қазақстан тарихындағы ең сәтсізі болды. Ұлттық құрама алғаш рет Олимпиададан "алтынсыз" қайтты. Спортшыларымыз Токиода тек 8 қола медаль жеңіп, медальдар есебінде 83-орын алған еді. 

Сәкен Бибосынов. Фото: Reuters©

Бұл тұста ең көп сынға ұшыраған боксшылар болды. Себебі ел үміт артқан көптеген боксшы жарыс жолын ерте аяқтап, қоржынға бокстан екі қола медаль ғана түскен еді. Сол кезде Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болған Серік Сәпиев бәріне пандемияны кінәлаған. 

"Оның өз себептері бар. Бұл пандемияға да байланысты, өйткені біздің спортшылар Олимпиадаға дейін бір жыл бойы үйде жаттықты. Құрамамызға алты айлық дайындық өте қызу өтті. Америкада, Кубада, Ресейде оқу-жаттығу жиындары болды. Жарыс да тығыз болды. Олимпиада ойындарына екі жарым ай қалғанда Азия чемпионатына қатысу басты қателік деп есептеймін. Олай істемеу керек еді", - деп түсіндірген болатын Серік Сәпиев. 

Бес боксшымыз - әлем чемпионатының жүлдегері

Боксшылар Олимпиадада кеткен есені әлем чемпионатында қайтара алды. Ол кезде құраманың бапкерлік штабы ауысқан. Белградтағы жарысқа жаңа құрам аттанған еді, көбі жас боксшылар. 

13 боксшымыздың бесеуі жартылай финалға шығып, Кубамен бірге турнирдегі үздік нәтижені көрсеткен. Төрт спортшымыз финалға жолдама алды. 

Нәтижесінде Олимпиада "қоласын" алған Сәкен Бибосынов пен 33 жасында әлем чемпионатына алғаш барған Теміртас Жүсіпов алтын медаль тақты. Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов "күмісті" қанағат тұтты. Ал Абылайхан Жүсіпов қола медаль иеленді.

Теміртас Жүсіпов. ©ҚБФ

Бұл турнирде жанкүйерлерді медаль санынан бөлек қуатқаны - құрамаға жаңа леп келді. Әлем чемпионатына барған 13 боксшының сегізі жастар құрамасынан алынған. Бұл боксшылар жақсы өнер көрсетіп, жанкүйерлер үмітін ақтады.  

Паралимпиадада рекорд тіркелді

Токио Олимпиадасында сәтсіздікті Паралимпиада ойындарына барған спортшыларымыз қайталамады. Оларға пандемия кедергі келтірмеген. Параспортшыларымыз Токиода рекорд орнатып қайтты. 

2016 жылғы Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама бір алтын, бір күміс алған еді.  Ал Токиода бұл рекорд жаңарды. Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын медаль алды. Тағы үш спортшымыз күміс, бір спортшымыз қола медаль еншіледі. 

Давид Дегтярев. ©olympics.com

Осылайша, алғашқы алты Паралимпиада ойындарында екі медаль еншілеген спортшыларымыз Токиода бірден бес медаль алды. 

Линдердің өлімі құрамадағы былықты ашты

Биыл 17 қыркүйекте таңда отандақ БАҚ-та ауыратлет Альберт Линдер өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат жарияланды. Спортшының өлімі елімізде ауыр атлетика саласындағы былықтың бетін ашты. 

Альберт Линдер. Фото ©ААФ

Линдер қайтыс болғаннан кейін оның бауыры, ауыратлет Семен бапкерлер Альбертке қысым көрсеткенін, жарақат алғанда қолдау білдірмегенін айтқан. Құраманың аға бапкері Сергей Седовті айыптаған. 

Кейін құрамадағы басқа да зілтеміршілер бапкерлер қысым көрсететінін, қол көтеретінін айтып, ауыр атлетикадағы проблемаларды көрсеткен. 

Нәтижесінде ауыр атлетика федерациясы комиссия құрып, істі тексерген еді. Сергей Седов ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер құрамасының аға бапкері қызметінен босатылды.  

Чемпиондықты 11 жыл күткен "Тобыл"

Футболдан ел чемпионатында кейінгі жеті жылда алғаш рет ел чемпионы атағы "Астана" немесе "Қайратқа" бұйырмады. Қостанайлық "Тобыл" араға 11 жыл салып, екінші рет Қазақстан чемпионы атанды. 

© "Тобыл" ФК 

Маусым басында қостанайлық команда Қазақстан құрамасының белді ойыншыларын қатарына қосқан. Чемпионат басында көш басына шыққан команда бірінші орынды соңына дейін ұстап тұрды. Жазда бас бапкер ауысуы да "Тобылға" кедергі келтірмеді. Нәтижесінде команда чемпионаттағы 26 матчтың біреуінде ғана жеңілді. 18 кездесуде жеңіске жетті. 

Осылайша, келесі жылы ел намысын Чемпиондар лигасында қорғайды. 

"Қайрат" күзгі еуромаусымда ойнады

Ел футболындағы тағы бір оқиға - алматылық "Қайраттың" күзгі еуромаусымда ойнауы. "Қайратты" осыдан 10 жыл бұрын бизнесмен Қайрат Боранбаев сатып алғанда алматылық ұжым аутсайдерлердің бірі еді. Кейін команда бюджет артып, ел чемпионы атану, еурокубоктың топтық кезеңінде ойнау болатын. 

Бірақ алматылық ұжым бұл мақсатына ұзақ жете алмады. Тек былтыр "Қайрат" жаңа басшылық келгелі Қазақстан чемпионатында топ жарды. Ал биыл команда Чемпиондар лигасында ойнайды. Бірақ іріктеу кезеңінде жеңіліп, Еуропа лигасына өткен. Онда да жолы болмай, ақыры үшінші деңгейлі Конференциялар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған еді. 

© "Базель" ФК

Бірақ мұнда да алматылықтар сәтсіз өнер көрсетті. Команда Н тобында соңғы орын алды. Кипрлік "Омониямен" екі ойында да тең түсіп, қалған төрт матчта жеңіліп қалды. 

Десек те, "Қайрат" тізіміндегі бір мақсатты орындалды деп белгілей алады - команда еурокубоктың топтық кезеңінде ойнады.  

Хоккейшілеріміздің сенсациясы

Биыл мамырда қазақстандықтар хоккей жанкүйеріне айналды. Бұған себеп те бар - Ригадағы әлем чемпионатында біздің құрама жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуанта алды. 

Негізі әлем чемпионатында Қазақстан қашан да аутсайдер саналады. Көбіне 15-16-орын алып, төменгі дивизионға түсіп қалатын. Сондықтан бұл жарыс басталғанда қазақстандықтар әдеттегі нәтижені күтіп, оған назар аудара қоймаған. 

Бірақ қазақстандық хоккейшілер айдын қожайыны Латвияны, әлем чемпионы Финляндияны жеңді. АҚШ пен Канададан жеңілсе де, көш басындағы Германиядан, кейін Италиядан басым түскен болатын. Тек шешуші матчте Норвегияға жол беріп, плэй-офф кезеңіне шыға алмай қалған еді. 

Фото: ҚХФ©

Осылайша, әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 10-орын алған болатын. Бұл Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже саналады.  

Әлемнің үздік төрт құрамасы қатарындамыз

Көктемде хоккей жанкүйері болсақ, күзде бәріміз футзалға телмірдік. Қазақстан құрамасы Литвадағы әлем чемпонатында ел намысын қорғап жатқан. Футзалшылар да жеке рекордын жаңарта алды. Бұрын ұлттық команда әлем чемпионатында 1/8 финалдан әрі асып көрмеген.

Ал Литвада Кака шәкірттері топтан бірінші орын алып, 1/8 финалда Таиландты тас-талқан етті. Ал ширек финалда азулы Иран футзалшыларын қапы қалдырды. 

©instagram.com/kazfutsal

Қазақстан құрамасының финалға шығуына бірнеше секунд қана жетпей қалды. Жартылай финалда Португалия құрамасы соңғы секундтарда есепті теңестіріп, пенальти сериясында жеңіске жеткен еді. 

Қола медаль сарап салынған матчте Қазақстан құрамасы Бразилиядан жеңіліп қалған. Дегенмен, әлем чемпионатының 4-орны - Қазақстан құрамасы үшін ең жоғары нәтиже. 

Футболшылардың антирекорды

Қазақстан спорты үшін 2021 жылдағы ең басты оқиғалардың бірі футболшыларымыз әлем чемпионы Францияға қонаққа баруы болды. Бірақ бұл сапар антирекордпен аяқталды. 

Матч алдында Қазақстан құрамасының бірқатар ойыншысы жарақат алып, Парижге бармай қалған еді. Ал Килиан Мбаппе бастаған француздар Қазақстан құрамасын аямады. Мбаппенің өзі төрт гол соқты, Карим Бензема дубль жасады, Антуан Гризманн мен Адриан Рабьо бір голдан салды. Қорытынды есеп - 8:0. 

Фото: ҚФФ

Қазақстан құрамасы тарихында бұлай ірі есеппен жеңіліп көрмеген. 

Кәсіпқой бокстан бесінші әлем чемпионы шықты

Таяуда қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Қазақстандық боксшы Нұр-Сұлтанда аргентиналық Хуан Эрнан Леалмен жұдырықтасып, жартылай орта салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы белбеуін сарапқа салған. 

Елеусінов қарсыласын екінші раундта екі рет, үшінші раундта бір рет нокдаунға түсірді. Бірақ аргентиналық боксшы кездесуді жалғастырып, 12 раундқа шыдады. Төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті. 

© Тұрар Қазанғапов

Осылайша, Елеусінов тарихта әлем чемпионы белбеуін таққан бесінші қазақстандық атанды. Бұған дейін әлем чемпионы титулына Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов қол жеткізген еді.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети