ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
08 июля 2019 | 11:13

Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы кеңестік жүйеге дейін қалай дамыды?

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архиві қорлары құжаттарында қазіргі Нұрсұлтан (бұрынғы Ақмола, Астана қаласы және Ақмола облысы) туралы деректер көптеп кездеседі.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архиві қорлары құжаттарында қазіргі Нұрсұлтан (бұрынғы Ақмола, Астана қаласы және Ақмола облысы) туралы деректер көптеп кездеседі.

Архив құжаттары негізінде Нұрсүлтан қаласының тарихына байланысты басылымдарда бірнеше мақалалар жазылып, кітаптар жарыққа шықты.

Дегенмен қаланың бастауы кезі туралы "ақтаңдақ" беттер әлі де баршылық.

1822 жылы Орта және кейбір Ұлы жүз қазақтарының жерлерінде М. М. Сперанскийдің басқаруымен Батыс-Сібір генерал-губернаторының "Сібір қазақтары туралы жарғы" негізінде жаңа түрдегі басқару жүйесі жүргізіле бастағаны белгілі.

1832 жылдың 19 мамырында Батыс-Сібір генерал-губернаторы, корпус командирі Вельяминов Омбы облысының бастығына жолдаған хатында 1831 жылдың 28 желтоқсаны мен 1832 жылдың 14 қаңтары аралығында Сібір және Азия комитеттерінің ұйғарымымен қазақ даласында Ақмола ішкі округінің құрылғаны туралы хабарлаған.

Ақмола округінің ашылуы жайында архив құжаттарында былайша баяндалған: «...1832 жылдың 22 тамызында Орта жүз қазақтарының жерінде, Ақмола мекенінің солтүстігінде сағат 10-да штабтың обер офицерлері парадқа формаларын киіп, қару асынып, жаяу саппен киіз үй тігілген алаңға келді. Сұлтандар мен старшындар, билер, қарапайым халық жиналған топтың алдында барабан, кернейлермен марш ойнап, сап түзеді.

Алаңға бір тілмаш 1822 жылдың 22 маусымында қабылданған "Сібір қазақтары туралы жарғыны" қазақ тілінде оқып, сұлтандар мен билерден дуандыққа екі заседатель сайлау қажеттігін айтты. Сонан соң молда құран оқып, Ресей императорының атына ұзақ өмір тілейтіндігін білдірді. Ал жиналған жұрт оқылған анттың әрбір сөзін қайталап тұрды.

Қазақтардың әдет-ғұрпымен ұлықтаған бір жағында екі басты бүркіт, екінші жағында садақ асынып, атқа мінген қазақ бейнеленген, Ақмола округі деп жазылған құттықтау қағазы оқылды.

Аға сұлтан болып Қоңыр Құлжа Құдаймендин, ал заседательдер болып билер Құтырыш Қабанбаев пен Маталбай Бекталовтар сайланды.

Артынша 31 дүркін зеңбірек атылып, сапта тұрған әскер үш рет "Ура" деп ұрандап, кернейшілер керней тартты.

Аға сұлтан мен заседательдер киіз үйге кірді. Төрге Ресей императорының портреті ілінген... Игі жақсылар өз орындарына жайғасты, тілмаштарды ерекше күркеге орналастырды. Сөйтіп, Ақмола округінің құрылғаны жайлы акт жасалып, оған Ресей шенеуліктері мен аға сұлтан, оның заседательдері қол қойды, орыс тілін білмегендер мөр басты. Ал әскер саппен казармаға қарай аяңдады...", - деп көрсетілген.

Жиналған қазақтарға сый ретінде вино құйылып, сиыр еті тартылған.

Аға сұлтанға шапан ретінде бес аршын қызыл шұға, он аршын алтын оқа, он аршын бау, астарына он екі аршын шыт берілсе, заседательдерге бес аршын жасыл шұға, он екі аршын шыт, ал қалған билер мен болыстарға бес аршыннан шұға, шыт т. б. маталар таратылған.

Құжат деректерінде жиналған халыққа барлығы 35 қой, 1 жылқы сатып алу және аса құрметті қазақтарға олардың жақсы көретін жармаға жеміс-жидек қосылған ерекше тағам дайындау қажеттіліктері жайлы айтылған.

Тағы айта кететін жай, сол күні қазақтарға бәйге өткізуге рұқсат етілген, бәйгеге тоғыз сыйлық тағайындалған. Той үш күнге жалғасқан.

Қазақтарды еліктірген тойдың арты немен жалғасты екен?

Ақмола округтік приказын басқару, көптеген болыстардың жерлерін бір-біріне қосу саясаты қарсаңында  қазақтар арасында өзара дау-дамай туындады...

Әрине, жаңа билік жергілікті халықтың мүддесін ойламай, тек үстемдік ету саясатын белсенді жүргізу мақсатында, әскери басқару жүйесінің өздеріне қолайлы жағдайда болуын ойластырды.

1833 жылдың 28 наурызында генерал-лейтенант ДеСентлоранның Батыс-Сібір генерал-губернаторына жазған хабарламасында полковник Шубиннің Ақмола округтік приказы ашылған соң, 25 ақпанда приказдықтың құрамына екі ағаш үй бергендігі, әр қайсысы төрт бөлмеден тұратын заседательдер мен тілмаштарға арналған кеңсе туралы ақпарат берген.

1835 жылдың 25 шілдесінде Аманқарағай ішкі округтік приказдығының заседателі Шубенков Омбы облысының басқарушысы подполковник Талызинге Ақмола жерінде 10 казактан тұратын «барымташы қарақшыларды» құрықтайтын бекет ашылғаны туралы хабарлайды. Сол жылдың 1 тамызында бекет казактары тағы 5 казакпен толықтырылғаны туралы екінші рет мәлімет береді.

Осы құжатта 1835 жылдың 15 тамызында Шубенков ашылған бекеттің болашақта ерікті және «тынышсыз» халықтың жағдайын зерттеуге көмегі болатынын және оның Сібір қазақтары туралы жарғы негізінде ашылғаны туралы баяндаған.

Архив құжаттарында 1838 жылдың маусым айының 26-да  ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Кенесары Қасымов Ақмолаға шабуыл жасағандығы жайлы дерек сақталған. Көтеріліс басшысы Кенесары Қасымовтың Ақмолаға шабуылы туралы 3 томдық іс құрылғандығы жайлы 1840 жылдың ақпан айының 16-да бас сұлтан, подполковник Құдаймендин, Қараөткелде, Сібір қазақтарының шекаралық бастығына жолдаған хатында атап көрсеткен.

Ақмола жеріне «келімсектерді» орналастыру жұмысы да тез арада қолға алына бастады. Салынған бекіністерді шіркеумен қамтамасыз ету ең алғашқы мақсаттың бірі болды. 1854 жылдың наурыз айының 2-де Сібір қазақтарының шекаралық бастығы Ақмола отрядының қолбасшысы, майор Сизыхқа Ақмола бекінісіне шіркеу салуға рұқсат бергені туралы хат жолдайды.

Ақмола орыс шіркеуінің құрылыс жұмысына шебер мұсылман татарлары да тартылды. Атап айтсақ, ағаш қоңырау құрылысын салуда Абдулманей Абдулманов еңбек еткен. Бұл тұста айтарымыз, сол уақытта діні бөлек болса да шебер адамдарға деген сұраныс жоғары болған сияқты. Бірақ бұл шаралар орыстандыру, біртіндеп шоқындыру, түпкілікті "біздің жер" деген пікірді мойындату үшін жасалып жатқан еді...

...1863 жылы Ақмола қамалы округтік қала мәртебесін алады.

1865 жылы Ақмола округі мен қалада 42 462 ер адам тұрған, оның 39217 әйел, 81679 бала болған. Қазақтар саны 40599, саудагерлер саны - 15, сырттан келген саудагерлер саны - 4, шетелдіктер, оның ішінде бұхарлықтар, қоқандықтар саны - 113 болған.

Діни есебіне келсек, мұсылмандар саны - 40858, христиандар - 1514, католиктер - 55, лютерандар - 3, иудейлер - 32 деп көрсетілген.

 1864-1865 жылдар аралығындағы мал санағына келсек, Ақмола округінде  116266 жылқы, 56173 ірі қара, 470712 қой, 190 түйе, Ақмола қаласы бойынша 2083 жылқы, 1821 ірі қара, 495 қой болған.

Мыс қорытатын бір зауыт жұмыс жасап тұрған, пошта станцияларының саны - 21-ге жеткен. Округ бойынша екі жәрмеңке өтіп отырған.

Ақмола округі мен қалада азиялықтардың керуендері тоқтап, тауарларын сатып, көршілес елдерге тауарларын алып өткен. 1864-1865 жылдары 3058 керуен өтіп, 1529000 ақша айналымға түскен.

Жоғарыда берілген деректер қазіргі астанамыздың өткен тарихында европа мен азия елдерінің бір-бірімен экономикалық және мәдени дамуына ықпал еткен қала болағанына көз жеткізеді.

1866 жылдың 23 қыркүйегінде Ақмола қаласының жобасын жасау туралы мәселе қозғалады. 1866 жылғы деректерде "Ақмола қаласы 1832 жылы құрылып, "Ақмола" деген атау  қаладан 25 шақырым жердей қашықтықта Нұра өзенінің жанында орналасқан ақ бейіттің, қазақ бейітінің атауымен аталған" десе, "бұл мола қалмақтың да моласы болуы мүмкін" деген екінші бір жорамал бар деп көрсеткен.

Осы атауларға және кеңес дәуіріне дейінгі уақыттағы орыс шенеуліктері мен ориенталист зерттеушілер қазақ жерінде табылып жатқан ескерткіштерге, әсіресе археологиялық ескерткіштерге "күмәнмен қарау, бұл қазаққа тән емес, бұл ескерткіштер қалмақтікі, ноғайдыкі және т.б болуы мүмкін" деген пиғыл ұстанып, өз ойларын білдірген жазба хаттары қазіргі таңда мұрағат қоры құжаттарында сақтаулы. Бұл жағдайлар да ғалымдарымызды алаңдатуы тиіс, себебі архив құжаттарын тек отандық зерттеушілеріміз ғана пайдаланбайды, онымен қоса шетел азаматтары да зерттеу жұмысымен айналысады. Әрине, қазақ халқын "тарихы жоқ халық ретінде" отаршылар қанша рет көрсеткілері келсе де оған көзі ашық, ұлттық намысы бар қазақ зиялылары талай рет тойтарыс берген.

Енді өз тақырыбымызға оралсақ, қала тұрғындары Есім, Шұбар өзендері мен "атауы жоқ" деген көлден сәуір айынан қаңтар айына дейін өздерін сумен қамтамасыз еткен, онымен қоса құдықтарды да пайдаланған. Аталған өзен, көлдерде балықтар өте көп болған.

Бастапқы кезде халық сауда жасау үшін Петропавл мен Омбы қалаларына қатынап тұрған.

Қалада 36 мекеме, 39 жеке меншік үйлер болған. Мемлекеттік мекемелерде штаб және обер-офицерлер, төменгі әскери шендегілер және олардың қоймалары орналасса, жеке меншік үйлерде азаматтық шенеуліктер тұрған. Бұл қоныс отряд бастығы мен округтік приказға, полицияға бағынған. "Солдат слободкасында" шенеуліктер тұрса, Ақмола станциясында казактар, станциялық басқармалар, училищелер және т.б. орналасқан.

Қалада жалпы саны 4777 халық тұрған, оның ішінде: қазақтар - 245, орыстар - 3016, поляктар - 28, неміс - 1, еврейлер - 39, татарлар - 130, азиялықтар - 1319.     

Қазақ жерін отарламай тұрған кездің өзінде қазақтар Петропавл жерінде орыстармен сауда-саттық жүргізіп, мал, тері және тағы басқа тауарларды орыс тауарларымен айырбас жасағандықтары туралы Көкшетау қаласының старостасы Т. Ныгаев жазып кеткен.

...Патша өкіметі қазақ жеріне ішкерілей ену және одан тыс көршілес мемлекеттерді өзіне қарату мақсатында өзінің отаршылдық саясатын жүргізуде аянбай тер төкті, билікті толықтай өз қолдарына алу тұрғысында жаңа реформалар жүргізеді. Бірнеше жобалар жасалып, талқыланады. Осындай жобалар да архив құжаттарында кездесіп жатады.

Соның бірі - 1868 жылғы Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы жарғының жобалық түрі. Онда Батыс-Сібір өлкесі негізінде екі Ақмола және Семей облыстарының құрылғаны, Ақмола облысының орталығы Ақмола деп бекітіліп, облыстық басқарма салынғанша орталығы уақытша Омбы қаласында орналасатыны атап көрсетілген. Ақмола облысы бес уезге: Омбы, Петропавл, Кокшетау, Ақмола және Сары-Су деп бөлінген.

...Ақмола қаласы біртіндеп көлемі жағынан ұлғая түсті. 1868 жылы қалаға керуендердің бас бұруына байланысты олардың малдарына шөп шабатын жайылым-жер бөлінді және қалаға қосымша жер алуға рұқсат етілді. Егін егуге жер сұраған қала тұрғындарына жер беріле бастайды. Мысал келтірсек, 1869 жылы егін егу үшін 10 кесінді, 41 ондық жер 11 рубль 50 тиынға саудагер Филатовқа жалға берілген. Келесі жылы ол жерге сұраныс болмаған. Ал 1871 жылы 10 кесінді жердің құны 5 рубльге өскен.

Қаланы көркейту және өздерін әлеуметтік-экономикалық жағынан қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары да жүргізіле бастайды. 1870 жылы қалада 3 диірмен салынған, оның екеуі желмен, біреуі атпен де, желмен де айналатын болған.

Қала тұрғындары мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен және көбінесе өз шаруашылықтарында бау-бақша өсірумен айналысқан. 1869 жылы екі май ерітетін зауыт салына бастаған.         

Сауда қызу жүргізілді, қаладағы жергілікті саудагерлер санына келетін болсақ, 1 гильдиялы -3 саудагер, 2 гильдиялы 45 саудагерлер сауда-саттықпен айналысқан.

Қалаға 1 гильдиялы саудагерлер 37 рубль 50 тиыннан 112 рубль 50 тиынға дейінгі аралықта кіріс әкеліп отырса, 2 гильдиялы саудагерлер әр қайсысы 15 рубльдан барлығы 675 рубль күміс ақшаға кіріс жасаған. Ақмола саудагерлер старостасы болып М. Максутов тағайындалған. Саудагерлердің 2-і орыс, қалғандары бұхарлықтар мен қоқандықтар болған.

1869 жылы қоғамдық қалалық банк құрылып, жұмыс жасаған. 1909 жылы қалада Сібір сауда банкісінің бөлімі құрылған. Негізінен банк мекемелері Омбы және Петропавл қалаларында шоғырланған.

1890 жылы Ақмола мещанині Ибрагим Мустафин Сутюшев жүн жуатын мекеме ашу туралы, 1881 жылы Капель Чайкин деген азамат сабын ерітетін завод салу қажеттігі туралы Ақмола генерал-губернаторына өз өтініштерін білдірген.

Қаланың үлкейгені сонша, әкімшілік қала тұрғындарына арналған қазыналық және қазынаға уақытша қарайтын жеке меншік ғимараттарды өрттен қорғау үшін сақтандырудың шаралары туралы мәселе қозғайды.

Қазақ жерін тағы бір жаратылыстану-тарихи және шаруашылық-статистикалық зерттеу жүргізу қажет деген желеумен әр облысқа қазақтың оқыған азаматтарын экспедиция  құрамына енгізіп, іссапарларға жібереді. Бұл тұс Ресей империясының нығайып, қазақ жеріндегі қазба байлығын тұтастай игеріп, сыртқа экспортқа шығарып пайда табу мақсатында өзара байланысты тездету үшін теміржолдар сала бастаған кез болатын.   

Осы мақсатта 1897 жылы Ақмола облысына, оның ішінде Ақмола уезіне Әлихан Бөкейханов, Оразғұл Базанов, Мұса Жасмухамбетов, Ысқақ Жақсылықов, Райымжан Мәрсековтер; Атбасар уезіне  Ережеп Итбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Мәжен Бекетаев, Мәжид Шомбаловтар жіберілген.

Cібір магистралі  Ақмола облысының Петропавл және Омбы уездері арқылы өтіп, Ақмола қаласы мен басқа да облыстарда өнеркәсіптің дамуына бірден-бір ықпал еткен фактор болды.

1900 жылдардағы дерекке келсек, Ақмола қаласының жанындағы "Қараөткел" деген жерде шілде айының 1-нен 20-на дейінгі аралықта алты шаруалық телімдерінің өзара съездері өтіп отырса, облыстық көлемдегі съездер, әсіресе Ақмола мен Торғай облыстары бойынша Торғай облысының "Қу мола" атты жерінде, кейін "Ұлытауда" өткізіліп отырған.

Көкшетау уезді мен Семей облыстары үшін облыстық съездер «Қоянды жәрмеңкесі» кезінде, яғни маусым айының 5-і мен 20-сы аралығында "Қоянды" жерінде, Көкшетау уезді бойынша "Бурабайда" шілде айының 5-і мен 17-сі аралығында, ал уездік съездер "Тайынша", "Маринка", "Атбасар", "Баймырза" атты жерлерде өтіп отырған. Тайынша жәрмеңкесі шілде айының 5-і мен 15-і аралығында, Петропавлға жақын жерде өтіп, жәрмеңке уақытында әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, сауда-саттық жасалған.

Жәрмеңкелерде қазақтың малы, олардың мал шаруашылығына қатысты тауарлары: ет, май, жүн, аңдар терілері орыс шаруаларының тауарларына, орыс фабрика-завод өнімдеріне, ал Бұхара, Хиуа саудагерлерінің шекпендері, кілемдері, қағаз және жібек маталары, кептірілген жемістеріне айырбас жасалған немесе ақшаға сатылған.

1902 жылы Константин жәрмеңкесінде ақша айналымы 61 миллионға жеткен. Сатылған малдар Ресейдің ірі губерниялары, облыстары мен қалаларына, атап айтсақ Тобыл, Орынбор, Пермь, Уфа, Мәскеу, Петербург, Астрахань, Варшава, Эстлянд, Лифлянд және т. б. жерлерге жөнелтілген.

1905 жылғы архив деректерге сүйенсек, Ақмола қаласында әр болыстың қазақтары сауда-саттықпен айналысқан. Оларға тоқталсақ, Қорғалжын болысынан Жарылқасым Саттыбалдин, Нұра болысынан Оспан Белгібаев, Ысқақ Доғалақов, Спаск болысынан Тұрысбек Тайшықов, Соран болысынан Жантай Тақшылықов, Еремен болысынан Киренбай Тайжанов, Қоржынкөл болысынан Күрлеуіт Өтебаевтар.

Сонымен қатар бұл азаматтар Петербор басшылығына діни мәселеде, атап айтқанда Ақмола қаласының 2-ші собор мешітінің молдасы Хамидулла Аубакировтің ұйымдастыруымен қазақтардың жеке басқа діни өкілдері ретінде Орынбор Діни мұсылман жиналысына (Орнбургское Духовное магометанское собрание) қарайтын Орынбор мүфтийін  құру және осы  петицияны апаратын депутаттар құрамына облыстардың барлық өңірлеріндегі  қазақтарды енгізу жөнінде ұсыныс жасаған.

Онда былай баяндалған: "Мұсылмандар діні Ислам деген атпен дүниежүзіне танымал, қазіргі кезде біздің бауырлар барлық дін өкілдері секілді Отанын қорғауда қан төгуде, әйтсе де азаматтық құқықта басқалармен салыстырғанда мұсылмандарға шектеу қойылған, яғни олар дін саласында нақты өздерінің міндеттерінен айырылған, оларды әскер қатарына шақырады. Молдалардың қатарын көбейтетін Діни семинариясы немесе академиясы тәрізді оқу орындары жоқ, оларға оқу орындарында өз тілдерінде сабақ беруге жол жоқ. Оған Троицк классикалық гимназиясындағы мұсылман діни сабағының өткізілмеуін және бұл жағдай балалардың өз дінінен алшақтауға  әкелетіндігін мысал ретінде алған. Молдалар священник сияқты төлемақы алмайды...". Бұл деректе дін мәселесімен қатар тіл мәселесі де баяндалған, яғни таза қазақ тілін қолдануды талап еткендігіне көз жеткізуге болады.  

1910 жылы Ақмола ауданының қоныстандыру басқармасы ақмола генерал-губернаторына әрі қарай "қара шекпенділерді" орналастырып, оларға жағдай жасап, жермен қамтамасыз етіп, шаруашылықтарын жүргізу  мақсатында қазақ жерінде, оның ішінде Ақмола өңірінде топырақ-ботаникалық экспедициясын ұйымдастырғандықтары туралы хабар береді. Бұл шараны Атбасар уездінің оңтүстік жағында және Семей жерінде Мюнхен университетінің докторы Феликс Фаддевич Зелинский топырақтанушы Леонид Васильевич Абутьков-Сенчуковпен  бірге жүргізді .

Ресей шенеуліктері осындай шараларды мемлекеттік тұрғыда, Императорлық Санкт-Петербург ботаникалық бау-бақшасының, Императорлық Санкт-Петербург, Новороссийск, Қазан университеттерінің және Мәскеудің ауыл-шаруашылық, Ново-Александрийск орман және ауыл-шаруашылық институттарының ғалымдарын тарту арқылы жүргізіп, өздерінің отанына қалтқысыз қызмет етті.

"Орыс мұжықтарымен" қатар басқа ұлт өкілдері де қазақ жеріне келіп жатқан еді. Бірақ оларға шектеу қою жағы да қарастырылып, генерал-губернаторлар мен жермен қамтамасыз ету ведомстволарының шенеуніктері неміс келімсектерін Ақмола өңіріне орналастырудың қажет еместігін де ескертеді.

"Қара шекпенділердің" ағылып келуі, оларды тұрғын-жаймен қамтамасыз етуде және өндірістің қарқынды дамуы нәтижесінде шектен тыс орман, тоғайлардағы ағаштарды жою процесі орын алды.

Ақмолаға жақын жерде Успен кені жұмыс жасап, оған ағылшын акционерлері басшылық жүргізді. Бұл кен орыны 1904 жылдары Рязановтардан шетелдіктерге өткен еді. Техникалық жағы төмен жабдықталып, жұмысшыларға жағдай жасалмаса да, жұмысшыларды "қанау арқылы" мыс өндірісінің өнімі жылдан жылға артып отырған. Мысалы, өнім 1904 жылы 707 пұт болса, 1915 жылы 155 322 пұтқа өскен.

Ақмола уезінде орналасқан Спаск мыс қорыту зауыты сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына ықпал етті.

Сонымен қатар қаладағы білім саласына келсек, 1903 жылы қалада Мариинск әйелдер училищесі, екі қалалық үш жылдық училище, 3 әйелдер мен 4 ерлер училищелері, 5 шіркеу училищелері, 6 мешіттер жанынан құрылған мұсылман ерлер медреселері жұмыс жасаған. Қазақтар балаларын мұсылман мектептеріне беруге тырысқан. Кейін келімсектердің көбейіп, орыс мектептерінің көптеп ашылуы, орыстандыру саясатының салдарынан кейбір қазақтар ана тілін де ұмыта бастайды.

Мектептер мен училищелердің жұмысы жиі тексерістен өткізіліп, бақылауда болған.

Әсіресе ауыл-шаруашылыққа байланысты мектептер мен училищелерді, атап айтсақ, Ақмоладағы, Көкшетаудағы, Атбасардағы мектептердің жағдайы өте төмен екендігі жайлы 1910 жылдың қазан айының 18-дегі Далалық генерал-губернатордың бұйрығынан көруге болады. Аталған мектептердің жылытылмауы, құрылыс жұмыстарының, метеорологиялық станцияларда бақылау жұмыстарының жүргізілмеуі, қаржы мәселесінің дұрыс шешілмеуі салдарынан, оқушылардың арасында сабаққа қатыспай бос жүрулері нәтижесінде білім алу жағы өте төмен көрсеткіште болғандықтан мектеп басшыларына сөгіс жарияланған...

Медицина саласы баяу дамыды, оған себеп алғашқыда тек әскерилерге ғана арналған медициналық мекемелер болған. Қарапайым шаруа мен жергілікті халық бұдан тыс қалған еді, кейінірек келімсектер әкелген "жаңа аурулар" түрлерінің көбейіп, олармен күрес жүргізуге байланысты азаматтық негіздегі ауруханалар ашыла бастады. 1902 жылы бес орындық кішігірім аурухана ашылды. 1912 жылғы санаққа келсек, қалада 1 дәрігер, 1 фельдшер, 1 акушер, облыс бойынша 72 дәрігер жұмыс жасаған.

Қалада "саяси сенімсіз" деген желеумен Ресейден жер аударылған еуропалық білім алған, көзі ашық азаматтар да тұрып жатқан еді. Бұл "саяси сенімсіздерді" қазақ даласына көптеп жіберулеріне генерал-губернаторлар қарсы болған. "Бұратана" халықтың ұлттық санасы оянып кетеді деп қорықса да, онымен Ресейдегі шенеуліктер санаспаған болуы керек.

Омбы қаласы қазақ жеріндегі жаңа көзқарастар мен революциялық ойлар орын алған орталық қана емес, қатаң әскери тәртіп пен бақылаудың да орталығы ретінде танылды.

1912 жылдың қаңтар айында мемлекет билігіне қатысты қарсылық білдірді деген айыппен Ақмола уездінің Алексеевск ауылында 7 адам тұтқындалып, Трущенковтар жанұясы толығымен Турухан өлкесіне жер аударылған. Осындай жағдай Көкшетау уездінде де орын алған. Ал 1912 жылдың мамыр айының 11-і мен 14-і аралығында Спаск мыс қорыту заводында ереуіл болып, жұмысшылар ауыр жағдайда жұмыс жасап жатқандықтары себепті жалақыны көтеру туралы талаптарын білдірген. Ақмола облысында мәдени-ағарту саласындағы мұсылман мекемелері: Петропавл қаласында "Петропавл мұсылман оқу-кітапханасы" мен Ақмола қаласында "Мұсылман оқу-кітапханасы" жұмыс жасады.

Қазақтар Орынборда шығатын "Қазақ" газетін, татарлар Орынбордан шығатын "Вакт, Петербургтан шығатын "Иль", "Миллят", Уфадан "Турмуш", Қазаннан "Қояш" газеттерін жаздыртып алып отырған. "Қазақ" газетін алушылардың саны 3007-дей болса, оның 586 данасын Ақмола облысының халқы жаздыртып алған.

Қазақтар арасында ағылып келіп жатқан келімсектерге қарсы ұлттық сана қалыптасып келе жатқандығы туралы: "...В настоящее время по сведениям агентуры Управления, настроение населения спокойное, но под влиянием культуры в массах начинает просыпаться национальное самосознание, а вызванные притоком переселенческой волны стеснения районов кочевок и необходимость с облюбованных предками мест уходит на юг, не могут не порождать из....ного недовольства, тем более, что переселенцы далеко не всегда являются для киргизов добрыми соседями..." деп Омбы жандарм басқармасының бастығы, полковник Козлов қол қойған Далалық генерал-губернатордың 1909 жылдан 1914 жылға дейінгі аралықтағы саяси шолуында жазылған.

...Дүрбелеңге толы жағдайлар қазақ халқының әлеметтік жағдайына, ұлттық мәдени дамуына қатты соққы болып тиеді. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске Ақмола өңірінің қазақтары да белсене қатысты. Ал қара жұмысқа барған қазақтарға төлемақы төлену мәселесі 1917 жылдан дейін де нақты шешімін таба алмай, оларды құр әурешілікке салдырып, жауапсыздыққа жол берілді, оның жалғасы кеңестік жүйенің орнауы кезінде жалғасын тауып, көп жағдайда шешімін таппады.

Сонымен Ақмола өңірінде кеңестік өкімет орнап, Ақмола халқы өз тарихында саяси жағдайға толы жетпіс жылдық тарихына аяқ басты...

Қазіргі таңда Қазақ елінің ғасырлар бойғы арман-тілегін Тәуелсіздіктің көк туымен желбіреткен  бұрынғы Ақмола, кейінгі Астана қаласы - Тұңғыш Елбасының құрметіне Нұрсұлтан деген атауына ие болды.

Тәуелсіздіктің астанасы болған - Нұрсұлтан қаласының экономика, мәдениет, ағарту, әлеуметтік және басқа да салалары өркендеп дамып, Қазақ халқын әлемге тек Тәуелсіздіктің Ордасы ретінде таныта берсін деген ниеттеміз!

Жылысбаева Марзия Ғаниқызы,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спор министрлігінің
"Орталық мемлекеттік архив" РММ директорының орынбасары

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 516.01  course up  536.3  course up  5.17  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer