ПОДЕЛИТЬСЯ
11 февраля 2019 | 10:03
34 жастағы ақтөбелік батырлар жырын тыңдауға болатын қосымша жасады
Ақтөбелік 34 жастағы Жансерік Сүйінбаев эпостық жырларды мобиль қосымша арқылы оқуды ұсынады. Бағдарлама жасаушы Tengrinews.kz тілшісіне QazEpos мобиль қосымшасы жайлы айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ақтөбелік 34 жастағы Жансерік Сүйінбаев эпостық жырларды мобиль қосымша арқылы оқуды ұсынады. Бағдарлама жасаушы Tengrinews.kz тілшісіне QazEpos мобиль қосымшасы жайлы айтып берді.
Жансерік Сүйінбаев
Автордың айтуынша, QazEpos қосымшасы арқылы смартфонда қазақ халқының батырлар жырларын тыңдауға болады.
Қазақ халқының эпостары аудио нұсқада тек күйтабақта жазылған екен. Оған қоса, көп жыр жоғалған көрінеді. Ол қосымшаны жасап шығару үшін 2 жылдай уақыт еңбектенгенін айтады. Оның ішінде, бір жылы эпостардың авторлық құқыққа ие компания өкілдерімен келісім жасасуға кеткен.
"Бұл қосымшаны таяуда ғана іске қостым. Бұл "Тұлпар мініп, ту алған" флешмобымен тұспа-тұс келді. Мен эпостардың түпнұсқаларын ресейлік компаниядан алдырдым. Жазылған қолда бар эпостардың саны бар-жоғы 11 екен. Білуімше, тек эпикалық жыр-дастандардың халық арасында таралған саны 300-ге жуық, осының ішінде жарық көргендері қырыққа да жетпейді. Болашақта жарыққа шықпағандарын да қосымшаға енгізу жоспарда бар", - дейді автор.
Қазіргі уақытта QazEpos қосымшасында Қобыланды батыр, Қыз Жібек, Мұңлық-Зарлық, Алпамыс батыр, Айман-Шолпан, Қарасай Қази батырлық дастаны, Қамбар батыр, Әли батыр, Қабанбай батыр, Нар қыз, Асау Барақ эпостық жырлары бар.
Жансерік Сүйінбаев қосымша жасаудағы мақсаты қазақ ауыз әдебиетін жастарға қолжетімді ету екенін айтты.
"Менің бес жасар ұлым өсіп келе жатыр. Оның қандай мультфильмдер, фильмдер көретінін үнемі қадағалап отырамын. Қазіргі таңда жастарымыз өзге елдердің ойдан шығарған кейіпкерлеріне көп еліктейді. Мысалы өрмекші адам сияқтылар олардың батырлары болып жатыр. Бала соларға еліктейді, олардың тәрбиелік мәні жоқ және біздің мәдениетімізге жат. Қандай батырларды білесің деп сұрасаң сол мультфильмдегі кейіпкерлерге нұсқайды. Ал мен бала кезімде атам өзінің ойнатқышынан Қобыланды батыр, Қыз Жібек жырларын қосып тыңдататын. Сонда батыр деген осылар екен ғой деп ойлайтынмын және жақсы әсер алатынмын", - дейді ол.
Ақтөбелік бұл мазмұндағы қосымша елімізде жалғыз дейді. Одан бөлек, эпостық жырлардың ең басты пайдасы - тәрбиелік мәнінде.
"Эпостарда адалдықты, әділдікті, азаттық жақтайтын ұнамды кейіпкерлермен қатар, ел тонаушы, зорлықшыл, қаскөй арамза топтар да бар, яғни, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге үйретеді. Батырлар елдің тыныштығын, бірлігін сақтау, жаудың шапқыншылығына, зорлық-зомбылығына жол бермеу идеясынан туған бейнелер. Жыр-дастандардағы қазақ батырларының ерліктері, іс-әрекеттері, ар-намысы, елге-жерге деген сүйіспеншілігін бейнелейді", - дейді автор.
Оның сөзінше, қазақ әйелінің бейнелері Құртқа, Қарлыға, Гүлбаршын образдарының да қыз-келіншектерге берер тәрбиесі мол. Одан бөлек, шыққан тегімізді ұмытпау, қазақтың ержүрек, шыншыл, рухы биік халық екенін өсіп келе жатқан буынға үйрету басты мақсат екен.
"Ауыз әдебиеті - адамға ең пайдасы мол рухани азықтің бірі. Қазақ әдебиеті осындай дүниелерге өте бай. Соған қарамастан, басқа елдің ойдан шығарылған кейіпкерлеріне табынамыз. Әрине, эпостардың берер пайдасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, бір айтарым оны тек оқу керек, тыңдау керек. Іздемпаз, білімді азаматтар көп болсын деген үлкен үмітімім бар", - дейді Жансерік Сүйінбаев.
Ол бұл жобаны әлеуметтік мақсаттарды көздеп жасағанын айтты. Дегенмен, қосымшадағы эпостарды толықтай тыңдау үшін оны ақылы түрде сатып алу қажет. Жансерік Сүйінбаев қосымша не үшін толықтай тегін емес екенін түсіндірді.
"Қосымшаның заңды түрде шығуын қалап, эпостағы жырларды орындаған және оқыған адамдарға және Кеңес үкіметінде осыларды шығарған "Мелодия" дыбыс жазу студиясының құқықтарын бұзбау үшін, оларға төлемақыларын беру мақсатында қосымшаны толықтай пайдалану ақылы түрде жүзеге асады. Эпостарды толықтай тыңдау үшін қолданушы ең арзан бағамен оларды сатып алуы керек", - дейді бағдарлама жасаушы.
Әзірше Алпамыс батыр жырын толықтай тегін тыңдауға болады. Жансерік QazEpos қосымшасын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта қосымшаны тек App Store-дан iOS мобиль смартфондарына жүктеуге болады. Android операциялық жүйесіне қосымшаны шығаруға жоспарланып жатыр екен. Жүктеп болғаннан кейін кез келген эпостық жырды тыңдай аласыз, ол үшін ешқандай тіркеу жасаудың қажеті жоқ. Халық ауыз әдебиетінің шығармаларының барлығын бір электрон жүйеге топтастыру деген мақсаты бар екен. Оның айтуынша, бәрін іске асыру үлкен еңбекті талап етеді.
Дегенмен, осындай қосымша арқылы ол болашақ ұрпақтың саналы, рухы биік, ұлтжанды болып өсуіне барын салатынын айтты.
Дайындаған Мақсат Мамбетжан
Показать комментарии
Читайте также