Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе? Ғалымдардың пікірі қақ жарылды

05 Қараша, 09:28
4
Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе? Ғалымдардың пікірі қақ жарылды - Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев
Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев

Қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлы мен замандасы ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таныстығы мен кездесуі жайлы пікір ғылымда екіге жарылған. Байланысқан, үндескен, рухани байланысы болған деген бір ғалымдардың пікіріне кейбіреуі кездесуінің нақты дерегі жоқ екенін айтады. Ғалымдардың пікіріне Tengrinews.kz тілшісі талдау жасаған еді.

Абайдың 1845 жылы қазіргі ШҚО-ның Жидебай ауылында туғаны белгілі, ал Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Жас аралығы 13 қана жыл болса да, олардың кездесуі жайлы бүгінге дейін тек аңыз-әңгімелер жеткен. 

***

Мәшһүртанушы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамет Тұрышев қос ұлы ойшыл кездескен деген тұжырым жасайды. 

"Абай мен Шоқан, Мәшһүр мен Шәкәрім кездесті ме?" дейміз. Бірақ ол заманда бейнетаспа жоқ болғанымен, рухани байланыс деген болған. Ол кезде бір-бірімен байланыс жасамау мүмкін емес. Мысалы, Құнанбайдың Алшынбаймен, Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыспен байланыс жасауы. Шоң мен Байдалы би, Шоң мен Ақтайлақ би, Құнанбай мен Балта, Құнанбай мен Алшынбай т.б. шешендік сөздерде қағысып, сөз айтысады. Демек, олар да кездескен. Елдік мәселелерде ақылдасып отырған", - дейді ол.

Сонымен қатар, ғалымның пайымынша, қазақтың бетке ұстар қаймақтарының бәрі бір-бірімен байланыс жасаған, осы себептен де ұрпақтары бірін-бірі білмеді, бірін-бірі көрмеді деу мүмкін емес. Ғалым жазушы Рамазан Тоқтаровтың "Абайдың жұмбағы" романына сілтеме жасайды.

"Мысалы, қазір оңтүстіктен шыққан ел басшыларын, ақындарды, шешендерді олардың кітаптарын, мақалаларын солтүстіктегілер біліп отыратыны секілді. Мәшһүр Жүсіптің олармен кездескені туралы Рамазан Тоқтаров "Абайдың жұмбағында" да жазады. Онда: "Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Абайдың ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда көңіл айтуға барып, кіріп келді. Сонда Абай: "Мәшһүр досым, "Құдай қайда?" дейді. Сонда Мәшһүр жүрегін көрсетіп "Жүректе" депті. "Рас, Мәшһүр екенсің. Онда менің оң жағыма кел" деп, оны оң жағына отырғызыпты. Одан кейін Мәшһүрге: "Ай мен күннің арасына жел кірсе не тұтылады?" депті. Мәшһүр: "Ай тұтылады" депті. Ал, "Күн мен жердің арасына ай кірсе не тұтылады?" десе "Күн тұтылады" депті. Ал енді "Мәшһүр Жүсіп екеуміздің арамызға сөз кірсе не тұтылады?" дегенде, "Жүрек тұтылады" деген екен", - деп келтіреді ғалым жазушының кітабынан үзіндіні.

***

Дәл осы романдағы оқиғаға ұқсас жайт жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым Ақселеу Сейдімбектің ел аузынан жинаған әңгімелерінде кездеседі. 

"Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірінің аты-жөндеріне сырттай қанық болса да, әлі дидарласа қоймаған кезі болса керек. Бірде, тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырық аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: "Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне: Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!" - депті.

Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен:

- Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса - жұмақ, ақымақ болса - тозақ! - деген екен.

Абай есті сөзді естігеніне риза болған шыраймен:

- Мәшһүр десе дегендей екенсің! - деп, қолын алып, төрін ұсыныпты.

***

Тұрышев "Мәшһүр-Жүсіп Шығармаларындағы метрологиялық терминдер" еңбегінде қос тұлға кездескені былай тұрсын, тіпті жақсы аралас-құралас болған дейді.

"М-Ж. Көпеев Құнанбай әулетінің үрім-бұтағын өте жақсы білген. Абай турасында жақсы пікірде болып, мысалдар келтіріп отырған. "Қазақ шежіресінде" (М-Ж. Көпеев. Қазақ шежіресі. - Алматы, Жазушы: 1993. 10-11, 38-39 б.). Өзінің "Нүсіпхан" деген поэмасының желісіне Абайды арқау еткен. Қазақ еліне Абай шығармаларын таныстырып, насихаттап отырған. "Нүсіпхан" поэмасында Құнанбай мен Абайды сөйлетіп, елдің ішіндегі шешілмеген дау-дамай, халық тағдыры туралы да сөз болып отырады. Семей өңірінің қазақтарын түгелге жуық сипаттайды. Поэма Құнанбайдың әулеттерін Тобықты руын мақтап, Құнанбайдың қажылығын, асқан ақылдылығын суреттейді. Абай туралы, оның ақылдылығына басын иеді, өнеріне тәнтті болады:

Ыбырай еді жан достым, 
Құнанбайдың баласы.
Арғын атасы Өскенбай,
Тобықтының ағасы, -

 - дейді Мәшһүр-Жүсіп (Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. 3 том. - Павлодар, 2003. - 289 б.). Поэманы талдаудан аулақпыз, біздің мақсатымыз осы деректер арқылы Абайды, жалпы Құнанбай әулетін Мәшһүр-Жүсіптің өте жақсы білгенін, аралас-құралас болғанын аңғарту еді.  Сөйтіп, Абай және Мәшһүр-Жүсіптің арасында рухани байланыс болған жоқ деген ел ішінде етек алған аздаған күдікті сейілту еді", - дейді ғалым еңбегінде.

***

Абайтанушы Тұрсын Жұртбай редакция сауалына берген жауабында қос тұлға кездесті деуге келмейтінін, алайда хат-хабар алмасқаны шындық екенін айтады. 

"Мәшһүр Жүсіптің Абайға өлеңмен жолдаған хаты бар. Олардың характері басқа. Ақселеу Сейдімбектің ел аузынан жинағандары қоспа сөз шығар. Бірақ ғылымда нақты дерек жоқ", - деп түйіндеді Тұрсын Жұртбай. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (4)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц