1. Главная
  2. Узнай
  3. Спорт
  4. Бокс

Головкин - Шеремета: GGG неден сақтануы керек? 25 ноября 2020, 18:02

Кеше Қазақстандық Геннадий Головкин мен поляк Камил Шеремета арасындағы жекпе-жек туралы ресми хабарланды. Жекпе-жек 18 желтоқсанда өтеді. Кездесу

Кеше Қазақстандық Геннадий Головкин мен поляк Камил Шеремета арасындағы жекпе-жек туралы ресми хабарланды. Жекпе-жек 18 желтоқсанда өтеді. Кездесу Холливуд (Флорида штаты, АҚШ) қаласында болады.

Бұл кездесу туралы былтыр белгілі болған. Пандемияға байланысты жекпе-жек бірнеше рет шегерілген. Енді жыл соңында Головкин IBF титулын қорғайды. Tengrinews.kz тілшісі Головкин - Шеремета туралы соңғы жаңалықтарға тоқталып, сарапшылардың болжамын ұсынады.

Кездесу қалай аяқталуы мүмкін?

Бұған дейін Камил Шереметаның кім екенін жазғанбыз. Осыдан 10 жыл бұрын Польшада "Феликс Штамм" турнирінің финалында қазақстандық Серік Сәпиевті жеңгенін айттық.

8 жылдан бері кәсіпқой бокста жүрген Шереметаны бокс жұлдызы деуге келмейді. 2018 жылға дейін тек Польшада жұдырықтасқан. Сол жылы Италияға барып, жергілікті Алессандро Годдиді жеңіп, EBU нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы атағын алған. Шереметаның кәсіпқой бокстағы жалғыз титулы осы.


Камил Шеремета. Фото: sportowy24.pl 

Поляк былтыр Францияда жергілікті Эндрю Францилетті жеңген. Кейін қазанда Головкин мен Сергей Деревянченко жекпе-жегінің андеркардтында жұдырықтасып, АҚШ-та дебютін өткізген. 31 жастағы поляк АҚШ нарығына тым кеш шықты.

Шереметаның бұған дейінгі 21 қарсыласы да танымал емес. Тек өз елінде танылып жүрген боксшылар. Поляк қарсыластарының бәрін жеңсе де, бұл тізім ешкімді қанағаттандыра қоймас. Себебі Камил Шеремета бүгінге дейін 21 қарсыласының бесеуін ғана нокаутпен жеңген.

GGG - Шеремета кездесуі 2016 жылы өткен Головкин - Келл Брук жекпе-жегін еске түсіреді. Брук те Головкинге дейін өз елінде жұдырықтасып, барлық қарсыласын жеңген еді. Нәтижесінде қазақстандық боксшы оны 5-раундта нокаутқа түсірген болатын.


Головкин - Брук. Фото ©REUTERS 

Шереметаға қарсы кездесуде де бәрі Головкиннен нокаут күтері анық. Себебі ол соңғы алты кездесуінің екеуінде ғана нокаутпен жеңген. Сондықтан, бұл жекпе-жек нокаутпен аяқталады деген батыл болжам жасайық.

Сарапшылар Головкинді сақ болуға шақырды

Бұл жекпе-жек туралы сарапшылар пікірі бірдей. Бәрі Головкин жеңетініне сенімді. Тек кейбірі қазақстандық боксшыны сақ болуға шақырады. Мысалы, ресейлік боксшы Хасан Байсангуровтың пікірінше, Шеремета Головкинге қарсылық көрсете алады.

"Головкин мен Шеремета өте тартысты жекпе-жек өткізуі мүмкін, өйткені Гена бұрынғыдай емес, қартайып келеді. Ал Шеремета чемпиондарға қарсы өте лайықты жекпе-жек өткізе алады. Ол соққыны өте жақсы қабылдап, өзі алға ұмтылады. Олар өте қызық жекпе-жек өткізуі мүмкін", - деді Байсангуров "Совететский Спортқа" берген сұхбатында.


Геннадий Головкин. Фото: Тұрар Қазанғапов©

Америкалық журналист, бокс сарапшысы Майк Смит те осындай пікірде. Ол Головкинге Сауль Альвареске қарсы екі кездесудегі стратегиясын қолданбауға кеңес берді.

"Головкин Шереметамен дәл солай жұдырықтаса алмайды, себебі поляк 12 раундтық жекпе-жекте басым түседі. Шереметада бокстың керемет дағдылары бар, раундтарды өз еншісіне жазуы мүмкін. Шеремета орта салмақтағы танымал боксшылармен кездеспеді, бірақ Головкинде жеңіске жетудің жақсы жоспары болмаса, GGG-ге қауіп төндіреді", - деді ол.

Головкин мен Шеремета не дейді?

Головкин - Шеремета жекпе-жегі туралы бір жыл бұрын хабарланған. Содан бері боксшылар бір-бірі туралы түрлі пікір білдерген. Таяуда Шеремета Головкиннің титулдарын өз еліне алып келгісі келетінін айтты.

"Бұл титулды Польша мен отбасым үшін жеңіп алғым келеді. GGG - ұлы чемпион, тарихтағы ең мықтылардың бірі, бірақ, оны алмастыратын уақыт келді. Орта салмақта Польшадан шыққан бірінші әлем чемпионы атану үшін тамаша мүмкіндік үшін алғыс білдіремін, осыны пайдалана алуым керек", - дейді Шеремета.


Камил Шеремета. Фото: wrotapodlasia.pl©

Головкин де бұл кездесу ресми хабарланғанда үнсіз қалмады. Ол титулын 21-рет қорғап қалатынын айтты.

"Бұл жәй ғана жекпе-жек емес. Бұл үлкен мағынасы бар жекпе-жек. Мен әрдайым барлық қарсыласымды қатты құрметтеймін. Боксты қатты сағындым және биыл жекпе-жек өткізгім келді. Мақсатым - әлем чемпионы атағын 21-рет қорғау ", - деп жазды Головкин.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Gennadiy Golovkin | GGG (@gggboxing)

Егер GGG титулдарын қорқап қалса, бұл рекорд болып саналады.

Шереметадан кейін кім болады?

Кей сарапшының сөзінше, Головкин Шереметедан кейін "Канеломен" жұдырықтасады. Себебі бокста кейде болашақта жұдырықтасуды жоспарлап отырған боксшылардың жекпе-жегін бір-біріне жақын орнату қалыпқа енген. Мысалы, Головкин мен Шеремета 18 желтоқсанда кездессе, Сауль Альварес бір күннен кейін Каллум Смитпен қолғап түйістіреді. Сондықтан, кей сарапшы 2021 жылдың алғашқы жартысында Головкин мен Альварес үшінші рет кездеседі деп болжап отыр.


Головкин - "Канело". Фото ©REUTERS 

Соңғы уақытта GGG-дің Шереметадан кейінгі қарсыласы деп осы Альварес қана айтылып жүр.

Ал таяуда Головкинді тағы бір боксшы, дәлірек айтқанда, экс-боксшы жекпе-жекке шақырды. кім дейсіз ғой? "Канелоның" бұрынғы промоутері Оскар де ла Хойя. Ол биыл жазда боксқа оралуға дайын екенін айтқан еді. Жақында Головкин секілді алпауыттармен жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеді.

"Мен рингке 2021 жылдың бірінші тоқсанында ораламын. Иә, мен нағыз жекпе-жек туралы айтып отырмын. Қарсыласқа келетін болсақ, бүгін біреу мені бірден қызықтырған боксшының есімін атады. Бұл қалжың емес. Мен Головкинмен немесе сол секілді боксшылармен жекпе-жек өткізуді мақсат етіп отырмын. Мен осы стильдегі боксшыларды еш қиындықсыз жеңемін. Жақында көреміз..." - деді де ла Хойя The Ak & Barak Show радио-шоуында.