Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
18 декабря 2019 15:03

Финалда Серік Сәпиевті жеңген. Головкиннің келесі қарсыласы кім?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Камил Шеремета. Фото: Ed Mulholland/ MatchroomBoxing USA Камил Шеремета. Фото: Ed Mulholland/ MatchroomBoxing USA

Таяуда IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен поляк Камил Шеремета жекпе-жегі наурызда өтеді деп хабарланған. GGG-дің ықтимал қарсыласы қаншалықты әлеуетті? Камил Шеремета деген кім? Tengrinews.kz тілшісі Головкиннің алдағы қарсыласымен таныстырады.


Таяуда IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен поляк Камил Шеремета жекпе-жегі наурызда өтеді деп хабарланған. GGG-дің ықтимал қарсыласы қаншалықты әлеуетті? Камил Шеремета деген кім? Tengrinews.kz тілшісі Головкиннің алдағы қарсыласымен таныстырады.

Продолжение

21 жеңіс - 5 нокаут

Шереметаны кәсіпқой бокс әлеміндегі жұлдыздардың бірі деп айтуға келмейді. Боксшы көбіне өз елінде ғана танымал. Бүгінге дейін рингке 21 рет шыққан. Оның бәрінде де қарсыласынан айласын асырған. Бірақ Камилді қарсыласын нокаутқа түсіретін панчер деп айта алмаймыз. Ол тек 5 жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жеткен. Қалғандарында ұпай санымен басым түскен.

Боксшының айтарлықтай титулы жоқ. EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағы бар. Бұл - оның кәсіпқой бокстағы жалғыз жетістігі.

Шеремета көбіне Польшада жұдырықтасады. Тек биыл 9 наурызда Францияға барып, титулын қорғап қайтқан. Ал 5 қазанда ол Головкин мен Сергей Деревянченко кешінің андеркартында жұдырықтасып, АҚШ-та дебютін өткізген.


Камил Шеремета. Фото: sportowy24.pl

Поляктың кәсіпқой бокстағы қарсыластары да аса азулы деуге келмейді. Қазақстандықтарға угандалық Кассим Оума ғана таныс болуы мүмкін. Себебі бұл боксшы 2011 жылы Головкинмен жұдырықтасқан. Панамада өткен сол кездесуде GGG Оуманы 10-раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Ал 2016 жылы Шеремета угандалық боксшыдан төрешілер шешімімен басым түскен.

Серік Сәпиевті жеңген

30 жастағы боксшының кәсіпқой деңгейде аса танымал емес екенін айттық. Поляк әуесқой бокста да айтарлықтай жетістікке жетпеген. Әуесқой бокста Камил Польша чемпионатының алтын және қола медалімен ғана мақтана алады. Халықаралық жарыстарда жолы болмаған. Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында ауыз толтырып айтарлық жеңістері жоқ.

Әуесқой бокста Шереметаның польшалықтар тосынсый деп таныған бір жекпе-жегі бар. 2010 жылы Польшада "Феликс Штамм" атты турнир өткен. Жарыстың финалында турнир қожайыны саналған Шеремета мен қазақстандық Серік Сәпиев кездескен болатын. Сол жекпе-жекте Камил жеңіске жетіп, турнирдің алтын медалін еншілеген.

Жалпы айтқанда, Камил Шеремета әуесқой бокста 192 кездесу өткізіп, оның 168-інде жеңіске жеткен. Екі рет тең түскен және 22 рет қарсыласына жол берген.

Жекпе-жек Чикагода өтеді

Ring Polska басылымы кеше Головкин мен Шеремета жекпе-жегі наурызда өтеді деп жоспарланып отырғанын хабарлады. Басында кездесу ақпанда өтеді деген сыбыс болған. Ал боксшылардың жұдырықтасатын орны жайлы ақпарат әлі өзгерген жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, боксшылар Чикагода жұдырықтасады. Таңдаудың осы қалаға түсуінің өз себебі бар.

"Головкиннің Чикагодағы жанкүйерлер арасында абыройы зор. Егер Головкин Камил Шереметамен жұдырықтасса, жекпе-жекті Чикагода өткізу керек. Себебі ол жақта польшалық диаспора көп", - деген еді Головкиннің промоутері Эдди Хирн.

Дәл қазір Чикагода 1,5 миллионға жуық поляк тұрып жатыр екен. Сондықтан жекпе-жек Чикагода өтсе, Шеремета қолдаусыз қалмайды. 

Бұған дейін Головкиннің Чикагодағы Wintrust Arena-ны брондап қойғаны жазылған. Бокс кеші кезінде бұл аренаға 10 мыңнан аса жанкүйер сыйып кетеді.

"Фаворит емес екенімді түсінемін"

Бұл Головкин үшін алдағы үлкен жекпе-жектер алдында "дене қыздырып алу" секілді. Мұны поляктың өзі мойындап отыр.

"Сергей Деревянченкоға қарсы ауыр кездесуден кейін Головкин келесі жекпе-жегінің оңайырақ болғанын қалайды, сөйтіп, мені көздеп отыр. Мен бұл текетіресте фаворит емес екенімді түсінемін, бірақ бұл менің зор мүмкіндігім. Әлемді таңғалдыру үшін бар күшімді саламын", - деген еді ол.


© fightsaga.com

Шереметаның отандастары да оның Головкинге азуын батыра алатынына күмәнмен қарайды. Мысалы, Польшаның спорт комментаторы Камилдің жеңісіне 10 пайыз ғана мүмкіндік берген.

"Маған бұл жігіт ұнайды, бірақ Головкинге қарсы мүмкіндігі жоқтың қасы. 5 емес, 10 пайыз ғана мүмкіндігі бар шығар. Головкин қазір қартайды, бірақ бұл қанша дегенмен Головкин: оның соққылары әлі де ауыр және рингті әлі солай қиып өтеді. Бұл Шеремета үшін ауыр жекпе-жек болады", - дейді Матеуш Борек.

Головкинге қарсы жекпе-жек арқылы Шеремета қалтасын сәл қалыңдатып алады. Оның айтуынша, бұл жекпе-жекте ол карьерасындағы ең үлкен гонорарды еншілейді.

"Нақты соманы атағым келмейді, бірақ бұл карьерамдағы ең үлкен сыйақы болатыны анық. Алдыңғы жекпе-жектерімдегі гонорарларымды қоссақ та, Головкинмен кездесуден алатын сыйақыға жетпейді. Бірақ мен ақшаға көңіл бөлмеймін. Есте қаларлық жекпе-жек өткізгім келеді", - деген еді ол.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.35   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети