03 ноября 2020 | 14:04

"Қандала, 20 пайыз комиссия". Риелтордың "аузына қарап" пәтер іздеу қиын ба?

Рахила Тлеуова Корреспондент
Фотоколлаж ©Tengrinews.kz

Қазақстанның басқа өңірін білмеймін, бірақ Нұр-Сұлтанда риелторсыз үй жалдау қиынның қиыны болып кетіпті. Осыдан 9 жыл бұрын үй иесімен кездесіп, пәтерді көріп, ақысын қолма-қол беріп елорданың ішінен де, шеттегі Қосшыдан да пәтер жалдағанымыз есімде. Кейін жұмыстың жатақханасы, содан кейін бір бөлмеден екі бөлмелі үйге көшкен соң риелтордың не екенін "ұмыттық".

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстанның басқа өңірін білмеймін, бірақ Нұр-Сұлтанда риелторсыз үй жалдау қиынның қиыны болып кетіпті. Осыдан 9 жыл бұрын үй иесімен кездесіп, пәтерді көріп, ақысын қолма-қол беріп елорданың ішінен де, шеттегі Қосшыдан да пәтер жалдағанымыз есімде. Кейін жұмыстың жатақханасы, содан кейін бір бөлмеден екі бөлмелі үйге көшкен соң риелтордың не екенін "ұмыттық".

Алайда биыл қазанда ойда жоқта үйді кеңейтейік, балалар өсті деген оймен пәтерімізді саттық. Әлі үй алмадық. Сондықтан пәтер жалдауға тура келді. "Крыша" сайтын шарласақ, кілең риелтор. Пәтер иесінің хабарламасын табу - жоқтың қасы, мүмкін емес. Ал риелторға жалдайтын пәтер төлемінің 20 пайызын беру керек - орынсыз шығын. Мүмкін біреуге қызық, біреуге керек емес болар. Бірақ бас қалада пәтер жалға алатындардың саны көп екенін ескеріп, Tengrinews.kz тілшісі пәтер жалдағанда кездесетін қиындықтар туралы тәжірибесін бөліседі.

Реклама
Реклама

Риелторсыз пәтер жалға алу мүмкін бе?

Мүмкін. Бірақ арнайы сайттарда мұндай хабарламалар өте сирек кездеседі. Қазір әлеуметтік желіде риелторсыз пәтерді жалға беретін және іздейтін "хабарламаларды" жариялайтын парақшалар бар. Солар арқылы қандай пәтер, қай жерден, қандай сомаға іздейтініңізді және кім тұратынын, телефоныңызды көрсетіп, жариялауға болады. Содан кейін сізге пәтер иелері хабарласып, ұсыныс жасайды. Себебі олардың арасында риелтордан "шаршағаны" көп немесе оларға 20 пайызын бергісі келмейді. Ешкімге ақша артық етпейді.

Алайда мұндай парақшаға хабарландыру беру де тегін емес, дегенмен қолжетімді – 500 теңге. Біз іздеген ауданнан пәтер иелері хабарласқан жоқ. Алыстау жерден қоңырау шалды, келіспедік.

Риелторға 20 пайыз

Әлеуметтік желідегі хабарландыруды көрген риелторлар да хабарласты. Олар қандай пәтер, қандай ақыға іздеп жүргенімізді сұрады да, бірден шартын түсіндірді: пәтерді көрсетеді, жалға алған пәтер бағасынан 20 пайыз "комиссия" алады. Мысалы, сол жағалаудан 150 мың теңгеге 2 бөлмелі пәтер тапсаңыз, 150 мың теңге пәтер иесіне және соның 20 пайызын – 30 мың теңгені риелторға бересіз. Сонда 180 мың теңге жұмсалады. Риелторға не үшін? Пәтер иесінің нөмірін алып, пәтерді көрсеткені үшін. Біз 2-3 күнде көшуіміз керек болған соң, риелтормен пәтер іздеуге келістік. Амал жоқ...

Сақ болыңыз: бірнеше адамға жалға береді

Бір қызығы, пәтер иесі сізден 150 мың теңге және риелтор 30 мың теңге алғаны үшін түбіртек бермейді. Яғни, ақшасын бергеніңізді дәлелдей алмайсыз. Ал олардың табыстан салық төлеп жатқаны не жасырып жүргені өздеріне аян. Осындай кезде алданып қалмаңыз. Қалай? Сіз бір пәтерді күндіз көресіз, келісесіз, ақшасын бересіз және кейін көшіп келемін деп кілтін алып кетесіз. Сіз көшіп келгенде пәтерде басқа адамдар тұрып жатса таңғалмаңыз. Себебі ол пәтерді сізден басқа адам да жалға алған. Пәтер иесімен "Пәтерді жалға алу шартын" жасасқан болсаңыз да, ол қағазбен сотта шындықты дәлелдей алмайсыз. Оның заңды күші жоқ. Жай қағаз. Мұны риелтор айтты.

Бір пәтерге 3 клиент

Айтпақшы, біз бір риелтор емес, бірнеше риелтормен сөйлестік. Себебі біз біреуімен келісіп барғанша, басқа риелтор басқа адамға пәтерді "беріп жібереді". Оның үстіне бірінен кейін бірі қоңырау шалады. Содан кейін бірнешеуімен қатар сөйлесе бердік. Сөйтіп бір риелтормен пәтерді көруге баратын болдық. Барсақ риелтормен қоса 5 адам тұр: 3 қыз бөлек және 2 жігіт бөлек. Риелтор оларды да пәтерді көрсету үшін шақырыпты. Үй иесі келді. Пәтерді көрдік. Бір кезде пәтер иесі таңдау жасайтынын айтты: жас отбасы, 3 қыз, 2 жігіт. Осы үшеуінің біреуін таңдайды. Бағасын сұрадық, 3 клиентті көрген ол бірден 20 мыңға көтерді. Бірден шығып кеттік.

Қандала мен тарақан

Пәтер жалдайтындардың үлкен қорқынышы – қандала мен тарақан. Бұдан абай болу керек. Кейде әлеуметтік желідегі арнайы парақшада қай пәтерде, кімдерден кейін қалғаны да жарияланады. Қаншалықты рас екенін ешкім білмейді. Бірақ сақтық та қорлық жоқ. Пәтерге кіріп көргенде шкафтар мен төсек-орындарды ашып тексеруге қысылмаған жөн. Себебі сіз ол үйде тұрасыз және тұру үшін ақысын бересіз, тегін емес. Сондықтан жіті тексеріп алыңыз. Қандала мен тарақаннан құтылу қиын, тіпті мүмкін емес дейтіндер де бар.

Сантехника, тұрмыстық техника, интернет

Кейде фотода пәтер таза, әдемі болып көрінеді. Ұнайды. Бірақ ол үйдегі унитаз, душтың құрал-сайманы, кір жуғыш машинасы, электр (газ) плитасы ескірген болуы мүмкін. Кейде есіктерінің топсасы да ұстағаннан сынып жатады. Бәрін тескеріңіз. Себебі сіз үйді қайта өткізетін кезде пәтер иесі бәрін тексеріп алады. Сіз келгенде сынық тұрғанын дәлелдей алмай қаласыз. Сондықтан пәтерді жалға алуға бел бусаңыз, кемшілігін жөндетіп, бір-ақ кіріңіз немесе пәтер иесіне айтып, ескертіңіз.

Жас қыздар, жігіттер, кішкентай баласы бар отбасылар қарастырылмайды?

Иә, тұрмыс құрмаған қыздар болса, оларға жігіттер келіп, шу болады. Ал жігіттер тұрса, тазалық болмайды. Кішкентай баласы бар отбасыларда "шу болады, тазалық болмайды, бала бүлдіреді". Пәтер иелері осындай стреотип қойып алған. "Екі баламыз бар" десек, жасын сұрады. Біздің балалар жасөспірім болған соң, ойланып, келіскендері бар. Ал егер балабақшаға баратын жаста болса, тұтқаны қоя салады. Өткенде Facebook желісінде пәтер іздегендер "Шымкенттен болса" үйін жалға бергісі келмейтіндер туралы оқып едік. Сұмдық. 

Депозит: 2 айдан 1 жылға дейін

Ертесі тағы бір пәтерге бардық. Басқа риелтормен. Пәтер ұнады. Таза. Иісі жоқ. Жиһазы мен техникасы жаңа. Бірақ иесі "депозит" сұрады. Депозит деген – алдын ала төлем. Бір айдың ақысын төлеген кезде бірден екінші айға жарты ақшасын төлеу керек. Кейде 1 жылдық төлем де сұрайды. "Өзінің ақшасы тек пәтер жалдауға жететін қарапайым адамда қандай артық ақша бар екен" деп іштей қынжылдық. Ал біз ұзақ тұрмайтын болған соң мұндай шартқа келіспедік. Бірден шығып кеттік.

Риелтор кімге қолайлы?

Риелтор өзі басқа қалада тұратын немесе жұмыстан қолы босамайтын пәтер иелеріне ыңғайлы. Себебі үйде көрсетуге, жалдап тұрғандар босатқаннан кейін тазалық жасауға уақыты мен мүмкіндігі жоқ адамдар бар. Олар үшін риелтормен келісу әлдеқайда тиімді. 

Сонымен біз жалға беретін пәтер таптық, риелторсыз келістік. Енді үй сатып алсақ, өз үйімізге көшеміз. Үйді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл банк арқылы үшінші рет ипотека рәсімдейміз. Тәжірибеміз бар. Қиын болмау керек. Ал сіз пәтер жалдағанда жоғарыдағы кеңестерді ұмытпаңыз. Біз тек тәжірибемізден көргенді айттық. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная