Келісімшартсыз пәтер жалдау: Тақырға отырғызатын 10 қауіп

13 апреля, 17:24
0
Иллюстрациялық сурет: smi44.ru
Иллюстрациялық сурет: smi44.ru

Бүгінде елімізде пәтерді жалдау мен жалға беру - шешімін таппай келе жатқан мәселелердің қатарында. Бұған себеп - пәтерді жалға берушілер мен жалдаушылардың арасындағы қарым-қатынас механизмі бола тұра, жұрттың бұл қатынасты көбіне келісімшартсыз реттеуі. Көптеген тұрғындар әсіресе ірі қалаларға келгенде пәтерді жалға алудың заңды жүйесі мен тәртібін біле бермейді. Содан, келісімшартсыз-ақ пәтер жалдап тұрып жатқандардың қатары қалың. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі пәтерді жалға алушылар мен жалға берушілердің келісімшарты болмаса қандай қатерге тап болуы мүмкін екенін мамандардан сұрап білді.

Қазақстанның риэлторлар біріккен ассоцияциясының мүшесі Лариса Степаненконың айтуынша, мұнда екі тарапқа да, яғни пәтерді жалдаушыларға да, жалға берушілерге де қауіп-қатер бар.

"Алдымен пәтерін жалға берушінің қандай қатерге бас тігіп отырғанын қарастырып көрейік. Біріншіден, жалға беруші өз пәтеріне жалға алушыларды кіргізсе, жалға алушылар ойда жоқта кетіп қалуы мүмкін. Сондағысы коммуналдық қызмет ақысы және тағы сол сияқты төлемдер жасалмай қалуы кәдік. Яғни жалға берушінің жалға алушыларды басқаруға құралы болмайды. Екіншіден, жалға алушылар алдын ала айтылған екі адамның орнына бес не одан да көп адам болып тұрып жатуы мүмкін. Үшіншіден, онда қандай адамдардың тұратыны белгісіз қалады. Қазіргі уақытта терроризммен күрес шараларының жүргізіліп жатқанын білесіз. Ең кемі үйдің жиһазын бүлдіріп кетуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда жалға беруші шарасыз, қорғансыз қалып қояды. Ал осыдан кейін жалға алушыларды пәтер иесі қайдан іздеп жүреді?", - дейді ол.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, жалға алушылар пәтер иесіне салық органдарына шағымданамыз деп түрлі қорқытып-үркіту тәсілдерін қолдануы мүмкін. Артынан жалға берушілердің алушылардың ақшаны кешіктіріп төлеуіне, коммуналдық қызметтерді төлемеуіне кешіріммен қарауға мәжбүр болатын жағдайлары кездескен. Сондықтан пәтерін жалға беруші мұны заңды жолмен жүзеге асыруы тиіс. 

Ал енді жалға алушылардың қауіп-қатеріне тоқталайық. Мысалы, жалға алушы белгілі бір мерзімге ақша төлеп қоюы мүмкін, ал осыдан кейін үй иесі кез келген уақытта келіп, олардың шығуын талап етіп, алдын ала төленген ақшаны қайтармауы ықтимал. Мұнымен қатар, пәтер иесі жалға беру ақысын негізсіз өсіре салуы да мүмкін. Сондықтан келісімшарт жасалмаған жағдайда екі тарап та қорғансыз қалады. 

Маманның айтуынша, елімізде кез келген жалға беруші не жеке кәсіпкерлігін ашуы тиіс, не патент алуы керек. "Соған сәйкес салығын төлеп, емін-еркін өз пәтерін жалға беруіне болады. Осы жолмен жүрсе ғана жалға беруші түрлі қулық-сұмдықтан сақтана алады. Сәйкесінше азын-аулық салығын төлеген пәтер иесі өз іс-әрекетінің заңдылығына сенімді бола алады, мемлекет алдында да таза болады", - дейді маман.

Сондай-ақ, Лариса Степаненко пәтер жалдау мен жалға беруде келісімшарттың қандай болуы керектігін айтып берді. 

"Жалға алу келісімшарты жазбаша түрде толтырылады. Нотариустың куәландыруы қажет емес және куәландыру бойынша шешімді тараптардың ниеті бойынша қабылдайды. Құжатта барлық жағдайы қамтылған, қос тараптың қол қойылған болуы керек. Келісімшарт уақыты бір жылға дейін болса, оны Әділет департаментінде тіркеудің қажеті жоқ. Ал егер одан ұзақ мерзімге жасалса, онда оны тіркеу қажет болады. Әрбір тарап келісімшарт жасасу кезінде тіркеуге кімнің жауапкершілік алатынын келісіп алуы тиіс. Ал қазіргі заңға сәйкес, әрбір баспана иесі жалға алушыларды өз үйіне уақытша тіркеуі қажет. Сонымен, келісімшартта не болуы тиіс? Құжат толтырғанда жеке куәліктердің уақыты өтіп кетпеген болуы тиіс. Келісімшартта екі тараптың да міндеттері нақты көрсетілуі қажет. Жалға берушінің баспанаға құқық иеленуші екенін растайтын құжаты болуы керек. Ал баспананың иесі заң жүзінде өзі болмаса, иесінің атынан жалға беруге нотариус арқылы кепілдендірілген сенімхаты болуы керек. Мысалы осындай жағдай көп кездеседі, біреулер Астанада тұрып жатып, Алматыдағы пәтерін жалға беріп қойғысы келеді, осы кезде олар Алматыдағы туысы, жақыны, досы арқылы сенімхатпен пәтерді жалға беруге рұқсат ретінде нотариус арқылы сенімхат ұсынады, бұл сенімхаттың мерзімі өтіп кетпегенін де анықтап алыңыз", - деп ескертті ол.

Сонымен қатар, маман пәтерді жалға алушыларға да кеңес айтты. 

"Пәтер иесінің баспанасында қарызының бар-жоғы немесе мүліктің кепілде тұрған-тұрмағаны, қандай да бір жағдайлардан сақтандырылғаны туралы анықтаманы талап ету қажет деп кеңес айтар едім. Себебі жалға алушы пәтерді күтпеген жерден банк алып қоймайтынына, тыйым салынбағанына сенімді болуы тиіс. Яғни құқық иесі екені көрсетілген құжаттың болуы сақтандырылғанына кепіл емес. Мәселен жалға алушылардың пәтер ақысын бір жылға төлеп қоятын жағдайлары болады, осындай кездерде қиындыққа душар болмау үшін анықтаманы сұрату қажет", - дейді ол.

Ал заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, құқық иесі екені көрсетілген құжат кәдімгі сату-сатып алу келісімшарты екен. 

"Пәтер жалдаушылар баспана иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету құқығын тексергісі келсе, бұл құжаттың пәтерді сатып алғанда алатын сату-сатып алу келісімшарты екенін білуі керек. Мұнымен қатар, техникалық құжаты бар, оны техпаспорт дейміз. Мұндай құжатты сұрату дұрыс, себебі алдын ала ұзақ мерзімге пәтер жалдасаңыз ақшаңызды кім көрінгенге ұстата салуыңыз да мүмкін ғой. Алайда қазіргі уақытта көпшілік адам бұл құжатты сұратпақ түгілі, пәтер иесінің жеке куәлігін де тексеріп көрмей, ауызша келісіммен жүре береді", - дейді ол.

Алайда заңгер бұл құжаттың өзін қолдан жасайтын алаяқтар болуы мүмкін екенін айтып отыр. Сондықтан да, жалға алушы баспана иесінің пәтерге иелік ету құқығын тексеру үшін оны Халыққа қызмет көрсету орталығына бірге барып, тексеруді ұсынуы керек екен.

Получить короткую ссылку

Автор :
Теги:

Нравится Поделиться
Добавить комментарий
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц