Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
28 января 2022 14:23

Қазақстандық музыкант Голливуд трейлерлеріне әуен жазып жүр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Музыкант Тигран Папазян Музыкант Тигран Папазян

Қазақстандық Тигран Папазян Голливуд және ТМД фильмдерінің трейлеріне музыка жазып жүр. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында трейлер индустриясы мен ондағы ерекшеліктер туралы айтып берді.


Қазақстандық Тигран Папазян Голливуд және ТМД фильмдерінің трейлеріне музыка жазып жүр. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында трейлер индустриясы мен ондағы ерекшеліктер туралы айтып берді.

Тигран - Петропавл қаласының тумасы, жасы 31-де. Ең қызығы, оның музыкалық білімі жоқ, ал бітірген мамандығы - құқықтану.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от TengriNews (@tengrinewskz)

"Музыкадан білім алуға бірнеше мүмкіндігім болған еді, бірақ неге екенін білмеймін, жолы түспеді. 7 жасымда ата-анам музыкалық мектепке тапсырған еді, бірақ ол жердің басшылығы бір аптадан соң мені кәсіби би бөліміне ауыстырды. Одан кейін 16 жасымда пианино сабағына жазылдым, онда да ұзаққа шыдамадым. Әрине, арнайы білімің болмағаннан кейін өзіңді толыққанды музыкант санау қиын, бірақ бұл менің шығармашылықпен айналысуыма еш бөгет болған емес. Тапсырыс берушілер, ең алдымен, дипломыңды емес, талантыңды бағалайды", - дейді ол.

Ол трейлер индустриясына қалай келгенін түсіндіріп, өзінің еңбек жолына тоқталды. 

"11 жасымнан бастап музыканың талай бағытында бағымды сынап көрдім. 2007 жылы Offdate деген бүркеншік атпен би музыкасы бойынша алғашқы винил релизін шығардым, сондай-ақ электрон альбом жазып, танымал диджей Пол ван Дайктың компиляциясына кірдім. Содан кейін электр рок-рейв Кombainer жобасының арқасында вокалшы және продюсер ретінде таныла бастадым. Дегенмен, бұл бағытта өз мүмкіндігімді толықтай жүзеге асыра алмайтынымды түсіндім, сөйтіп, трейлер индустриясына бет бұрдым", - дейді ол.

Папазянның айтуынша, трейлерге деген талап жоғары. Ол жанр алуандығын трейлердің негізгі механизмі санайды.

"Бұл салаға деген қызығушылық, ең алдымен, өзімді қамшылаудан басталды. Неге десеңіз, трейлерге саундтрек жазу оңай шаруа емес. Трейлер музыкасы көптеген жанрдан жиналған тәжірибені талап етеді. Бұрын электрон және эпикалық оркестрлік, гибрид және рок тректерін жазған едім, қазір осы бағыттың барлығы менің шығармашылық жұмыстарымнан көрініс табады. Байқасаңыздар, бұл трейлер музыкасына деген талаптың деңгейін көрсетеді. Мәселен, мен 30 Seconds To Mars тобының Kings and Queens трегіне балалайка үнін қостым, бұл барып тұрған экзотика ғой", - дейді музыкант. 

Сонымен қатар, ол жаңа жанрдағы алғашқы туындысы туралы сөз қозғады. 

"Трейлердегі алғашқы жобам Константин Хабенскийдің "Коллектор" фильмінен басталды. Айтпақшы, бұл трейлер Golden Trailer жүлдесіне ұсынылған еді. Golden Trailer Awards трейлер жанрында Оскармен пара-пар екенін айтқым келеді, сондықтан осы тізімге іліккеннің өзі мен үшін үлкен мәртебе болды", - дейді Папазян.

Қазақстандық музыкант шетелдіктермен қалай серіктестік орнатқанын айтып, өз кеңесін берді.

"Шынымды айтсам, мені іздеп ешкім байланысқа шыққан емес. Өз-өзімді жарнамалап, түрлі студиялардың менеджерлерін таптым. Оларды өз еңбектеріммен таныстырдым, шетелдіктер жоғары бағалап, серіктестік ұсынды. Иә, осындай қарапайым жолмен Голливудқа жақындай бастадым. Әр адам өз еңбегін жарнамалай білуі керек, әйтпесе онсыз даму жоқ", - дейді ол. 

Тигранның айтуынша, өнерді ақшамен өлшеуге болмайды. 

"Жобаларымның бағасы бойынша кесіп айта алмаймын, неге десеңіз, бұл мәселе әр тапсырыс берушімен бөлек талқыланады. Әрине, америкалық агенттік пен ресейлік әріптестердің төлеген сомасында айтарлықтай айырмашылық бар. Дегенмен, мен табыстан бұрын жобаның өзін бірінші орынға қоямын, сондықтан да менімен келісу қиын емес", - дейді ол.

Сөз соңында ол алдағы жоспары туралы айтып, шығармашылығындағы келесі сатыға тоқталды.

"Жақын арада жарыққа шығатын жобаларым бар, қазір пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Өкінішке қарай, басқа ақпаратты бөлісе алмаймын, дегенмен уақыты келгенде хабарын беремін. Сонымен қатар, фильмге толыққанды саундтрек жазуды көздеп жүрмін. Әзірге бұл деңгейге жетпедім, бірақ бұл тірліктің де ауылы алыс емес. Мәселен, Marvel жобаларына музыка жазып, шығармашылықтың келесі сатысына өткім келеді", - деді Тигран Папазян.  

Қазақстандық "Девятаев" (Тимур Бекмамбетовтің фильмі), "Галактика қақпашысы", "От", "Собибор", "Соник", "Өрмекші- адам", "Ремпейдж" және тағы да басқа танымал фильмдердің трейлерлеріне музыка жазған. Сонымен қатар, Тигранның саундтары Far Cry 6, Battlefield V, Mass Effect: Andromeda ойындарында да бар.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов

Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети