"Өнер жолы әскерге жол берген жоқ". Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі және Айқын "сарбаз болды"

15 Қазан, 17:03
4
"Өнер жолы әскерге жол берген жоқ". Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі және Айқын "сарбаз болды" - Төреғали Төреәлі, Айқын Төлепберген, Қайрат Нұртас © instagram.com/aikyn
Төреғали Төреәлі, Айқын Төлепберген, Қайрат Нұртас © instagram.com/aikyn

Әскери киім киген қазақ эстрадасының әншілері Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі мен Айқын желіде қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Әскери форма киіп, қолдарына гитара алып ән шырқаған әншілер Instagram желісіндегі парақшаларына суреттерін жарыса салған. 

"Көбі айтады біздерді ел көрген деп,
Елі елеп құрметтеп төр берген деп.
Өмір жолы әкеліп Өнер жолға
Өнер жолы әскерге жол берген жоқ.
Ыстық сәлем жолдайды Отандастар
Әскерге бармай қалған Дембель мен Дед!", - деп әзілмен өлең жазған Төреғали Төреәлі.

Алайда эстрада жұлдыздары Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне бекер келмеген. Биыл жазда 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында Қазақстан Ішкі әскерінің (қазіргі Ұлттық ұлан) жауынгерлері жанқиярлық ерлік көрсетіп, біраз боздағымыз қаза болған оқиғаны баяндайтын кино түсіріліп жатыр. Фильм режиссері - Асқар Ұзабаев. Туындының бастапқы атауы "Қазбат". Бүгінде кинофильмнің монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.


Түсірілім барысы

Фильмнің саундтрегі әскери бөлімнің казармасында түсірілген. Саундтрекке Қайрат Нұртастың репертуарындағы "Жүрегіңнен бір орын бер" әні таңдалған. Әннің сөзін жазған ақын Саят Әбенов, әуені - Жолдасбек Абдихановтікі.


Әншілер Ұлттық ұланның сарбаздарымен 

Әнші Айқын Төлепбергеннің айтуынша, гитарамен жанды дауыста орындалған әнді желіге жүктеп жіберген. 

"Біз бұл әнді мен, Қайрат және Дастан Оразбеков үшеуіміз бір кездескенде, гитарамен орындап, артынан әлеуметтік желіге салған едік. Сол әніміз фильм түсірушілерге қатты ұнапты. Киноның сценариімен таныстық, шынымен ән киноның табиғатына келіп тұр. Жігіттердің ұсынысын бірден қабылдадық. Әннің әскери ортада гитарамен орындалуы фильмдегі көңіл күйді дөп басып, ажарын аша түсетініне сенемін", - дейді Айқын. 

Төреғали Төреәлінің сөзінше, ол саундтрекке бірінші рет түскен. 

"Осындай ұсыныс түсіп жатыр деп Айқын хабарласқан соң, келісім бердім. Бүгін, міне, жауынгерлердің де көңілін көтеріп, қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Жалпы, әскерге көзқарасым өте жақсы. Мен де әскерге шақырылғанмын, "годен" болғанмын", - дейді әнші.


Түсірілім барысы

Төреғалидің айтуынша, ол әскерге баратын уақытта өнерде жүргендіктен бара алмаған.

"Мен айтыста, сахнада жүрдім де, баруға мүмкіндік болмады. Елге қызметімді сахнада атқарып жүрмін деп ойлаймын", - дейді әнші. 

Ал әнші Қайрат Нұртас әскерге баруды армандаған екен. Алайда ол да еліне сахнада қызмет етіп жатқандығын, әрі біраз адамға жұмыс беруші болып отырғандығын атап өтті.


© instagram.com/kair_n

"Менің әнім әскери фильмге саундтрек түсіру үшін таңдалды дегенде, қатты қуандым. Киноның сюжеттерін көрдім, ән арнайы жазылғандай тура келіп тұр. Жүрекке жетеді деп ойлаймын. Ал Ұлттық ұланға сәттілік тілеймін! Қызметте абай болыңыздар, аман жүріңіздер. Отбасыларыңыз, ата-аналарыңыз аман болсын. Еліміз тыныш болсын!", - дейді Нұртас. 

Айта кетейік, режиссер Асқар Ұзабаев "Қазбат" көркем туындысында 1995 жылы көктемде Пшихарв шатқалында болған оқиғаны суреттеген. Тәжік-ауған шекарасында 7 сәуірде моджахеттердің шабуылына еліміздің жетінші ротасы тап болған. 5 сағатқа созылған ұрыс нәтижесінде 17 адам қаза тапқан. Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері (қазіргі Ұлттық ұлан) жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі туралы көркем фильм 10 сериядан тұрады. Сонымен қатар, қазақ тілінде түсірілген толықметраж фильм биыл қараша айының соңында таныстырылады. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (4)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц