1. Главная
  2. Узнай
  3. Культура
  4. Кино

Раиса Мұхамедиярова - Жібек, ал Әсел Сағатова - Томирис. Қазақ актерлеріне бұйырмаған рөлдер

"Томирис" фильмінің түсірілімінен © instagram.com/akansatayev "Томирис" фильмінің түсірілімінен © instagram.com/akansatayev

Қазақ кино әлемінде ойып тұрып орын алатын көптеген тарихи туынды мен фильм бар. Әрқайсына тән тарихы да бар. Tengrinews.kz тілшісі солардың бірнешеуіне шолу жасады. 

Раиса Мұхамедиярова - Жібектің рөлі

2019 жылдың 6 қарашасында кеңес және қазақстандық кино әрі театр актрисасы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, "Құрмет" орденінің иегері Раиса Мұхамедиярованың дүниеден өткен еді. Актрисаның қазақтың классик жазушысы, драматург, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғабит Мүсіреповтің үшінші жары болғанын бірі білсе, бірі білмейді. 

Бүгінде "Қыз Жібек" фильмін білмейтін жан жоқ. Қазақ елі алыс-жақын елдерге осы фильм арқылы таныстырылды. Раиса Мұхамедиярованың сөзінше, ол дәл осы фильмге түсемін деп ойлаған екен. Себебі фильм сценариінің авторы Мүсірепов жары Мұхамедияроваға "сол фильмге түсесің" деп те айтқан екен.


Ғабит Мүсірепов пен Раиса Мұхамедиярова © camonitor.kz

Алайда актрисаның айтуынша, Мүсірепов оның жалпы киноға түскенін қаламаған. 

"Біз Сұлтан Қожықовпен "Қыз Жібектің" сценариін жазатын болдық", - деді маған. "Мен түсемін бе?" деп сұрағанымда, "Түсесің", - деді маған. Мені актерлік сынамаға шақыратын күнді күтіп жүрдім. Артынша сынаманың біткенін естіп, жан дүниемде іштей дискомфорт пайда болды. Мені сатып кеткендей сезім болды. Ал мен сатқындықты жек көремін. Осыдан кейін арамыз жылымай-ақ қойды", - дейді актриса. 

Раиса Мұхамедиярованың өнер мен өмір арасындағы тартысы

Меруерт Өтекешова Жібектің рөліне ойда жоқта тағайындалған

Ал фильмде басты рөлде ойнаған Меруерт Өтекешова бұл киноға ойда жоқта келген екен. 

"1967 жылдың соңында Сұлтан Қожықов есімді режиссердің романти­калық драманы түсіргелі жатқанын дүйім жұртшылық болып естідік. Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын, актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып, барсам, толған қыздар. Әрі бәрі де әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. "Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?" деп ойлап қоямын", - дейді өнер иесі. 

Актрисаның айтуынша, іріктеуге келген қыздардың бірен-саранын есептемегенде, көпшілігі екінші кезеңге де өтпеген. Тіпті алғашында көркемдік кеңес актриса жас деп екіұдай ойда болған көрінеді. 

"Ал Сұлтан Қожықов ағамыз жас болсам да маған сенді. Бұл сенімнің астарын мен кейіннен түсіндім. "Қыз Жібек пен Төлегенді тәжірибелі актерлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалындаған жастар ойнауы керек" деген Сұлтан ағамыздың сөзі есімде. Артылған сенімнің жүгі ауыр, әлбетте. Сондықтан кино барысында бар қарым-қабілетімізді көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөлендік", - дейді актриса "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында.

"Мына сұлулардың арасында маған не бар?". Меруерт Өтекешова "Қыз Жібек" фильмінің басты рөліне қалай келді?

Жібектің ариясы "Гәккуді" орындаған - Мүнира Ижанова 

Ал "Қыз Жібектегі" "Гәкку" әнін актриса Меруерт Өтекешова емес, опера әншісі Мүнира Ижанова орындағанын көбі біле бермейді. Атақты композитор Нұрғиса Тілендиев Жібектің ариясы "Гәккуді" орындайтын әнші іздеп, алдын ала тыңдау үшін Бибігүл Төлегенова мен Мүнира Ижанованы шақырған. Ол Ижанованы алғаш рет 1965 жылы жоғары оқу орындары арасында өткен ән байқауында сахнада "Ақ Шағала" әнін орындап тұрған кезде көрген екен. Бұл туралы әнші "Ақ Жайық" порталына айтып берген.

"Қыздар педагогикалық институтында (ЖенПИ) жұмыс істеп жүрген кезімде Нұрғиса Тілендиев пен "Қыз Жібек" фильмінің режиссері Сұлтан Қожықов мені іздеп келді. Сол кезде Нұраға маған: "Айналайын, "Ақ шағала" әнін орындаған сен бе едің? Тағы қандай әндерді білесің?" деді де, рояльға отырып, "Жан жарым", "Жан сәулем", "Ақ шағала", "Жүрегім менің" секілді 15 шығарманы ойнап кеп жіберді. Мен оның сүйемелдеуімен барлық әнді де орындап шықтым. Кейін Нұраға институттағы өзім жетекшілік ететін топтағы 30қызбен бірге Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына келіп-кетуімді өтінді", - дейді әнші.

Меруерт Өтекешова, Мүнира Ижанова және Құман Тастанбеков © "Ақ Жайық"

Мүнира Ижанованы студияға келгенде Бибігүл Төлегенова Нұрғиса Тілендиевтің домбырамен сүйемелдеуімен "Гәккуді"шырқап отырған екен.

"Содан кейін Нұраға маған қарай бұрылып, "мына әнді қайталай аласың ба?" деп сұрады. Бибігүл Ахметқызымен бұдан бұрын Семейде бір жерде жұмыстас болдық, ол кісіні өте жақсы көремін, сыйлаймын. Өзімді ыңғайсыз сезінсем де, "Гәккуді"сол жерде бірден қайталап бердім. Кейін күндердің бір күнінде Нұраға маған телефон соғып, өзі құрамында болған комиссияның шешімімен "Қыз Жібек"фильміне менің даусымның таңдалғанын айтты. Не себепті таңдау менің даусыма түскенін құдай білсін. "Осы дауыс барады" деді, болды. Бірақ байқауда жеңіп кеткеніммен, кейін өкіндім. Өйткені, үміткерлер көп болатын. "Неге сені алады, неге мені алмайды?" деп сұрақтың астына алғандар да болды", - дейді Мүнира Ижанова.

Әсел Сағатоваға "Томиристің" рөлі бұйырмады

Танымал актриса Әсел Сағатова stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне соңғы жеті жылда бір де бір басты рөл бұйырмағанын, алайда оған қарамастан кастингтерге жиі баратынан айтқан. Сағатова "Томирис"тарихи фильмінде басты рөлде ойнағысы келген екен. Актриса әрі екі баланың анасы фильм кастингіне барып, бағын сынап та көрген екен. Бірақ, жолы болмаған.

"Томиристің рөлінде ойнағым келді. Іріктеуге де бардым. Бірақ, өкінішке қарай, басты рөлге өтпей қалдым. Негізі кинода батыр, өркөкірек қызды сомдап шыққым келеді. Ол менің арманым десем де болады. Өзімнің мінезіме қарама-қарсы адамды ойнап бағымды сынап көргім келеді. Бірақ, режиссер мырзалар мені көбінесе сезімтал, нәзік актриса ретінде көреді", - дейді актриса Әсел Сағатова.

Әсел Сағатова © instagram.com/asselsagatova

Нұрлан Әлімжанов - Тарихи тұлғаларды сомдағысы келеді

Актер, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әлімжанов фильмге алғаш рет 2006 жылы түскен. "Шолпанның күнәсі" картинасында ол Әзімбайдың рөлінде ойнаған. Ал нағыз танымалдық оған үш жылдан кейін "Ағайынды" сериалы жарық көргеннен кейін келген.

Әлімжановтың айтуынша, оған фильмде тарихи тұлғаларды сомдаған ұнайды. Дәлірек айтқанда, Абылай хан, Сакен Сейфуллин немесе Ахмет Байтұрсынов секілді тұлғаларды кинода ойнағысы келеді екен.

Нұрлан Әлімжанов. "Елбасы жолы" фильміндегі кадр

Нұрлан Әлімжановтың актерлік мансабындағы ең басты жетістігі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сомдауы. Ол төрт фильмнен тұратын "Елбасы жолы" киноэпопеясында басты рөлде ойнаған.

Үш баланың әкесі, кітапқұмар, 8-сыныпта ән жазған. Сіз кімсіз, Нұрлан Әлімжанов?

Дәурен Серғазин - "Мен үшін әр рөлім ыстық"

Кино және театр әлемінде жүргеніне біраз болған актер Дәурен Серғазин бұрын орындамаған, күрделі рөлде ойнағысы келетінін айтады. 

"Нақты осы, осы деп айта алмаймын. Осыған дейін де ойнаған рөлдерім ұнайды. Бірақ бұрын сомдалмаған, мен үшін қиын, күрделі рөлдерде ойнағым келеді. Нақты осындай деп айту қиын. Ойымда әзірге нақты бір кейіпкер жоқ", - дейді актер.

Дәурен Серғазин. "Қазбат" фильмі. © instagram.com/p/B1IVw2qlZZZ

Дәурен Серғазиннің айтуынша, актерларда кастингтен өтпей қалу жиі болады.

"Ондай фильмдер көп. Барлығынан өтіп кетсем мен түспеген фильм қалмайтын шығар. Көптеген ірі туындыға шақыру аламын. Бірақ көбіне өте алмай қаламыз. Мен үшін барлық рөлім сүйікті. Себебі маған ұнамаса мен оны сомдамас едім. Ол рөлі маған қызық болғаннан кейін, жалпы киноның кейіпкері қызық болғаннан кейін келісемін. Ақшасына немесе басқа дүниесіне емес, шығармашылық - мен үшін бірінші орында. Сондықтан әр кейіпкер мен үшін қызық болғаннан кейін келісемін. Жұмыс барысында ол одан сайын саған ыстық болады. Себебі оған уақытыңды бөлесің, бар күш-жігеріңді саласың. Ең соңғы рөлімнің бірі "Қазбат" фильміндегі рөлім. Ең қиын болған рөлдердің бірі. Әлі сиясы кетпеген рөл болғандықтан ең жылы болып тұрғаны сол", - дейді актер.