Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 ноября 2020 13:25

"Тағы да шабуыл жасалуы мүмкін". Венадағы теракт туралы не белгілі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

2 қарашада кешкісін Австрия астанасы Венаның бірнеше жерінде лаңкестік шабуылдар болды. Террористер алты жерден шабуылдаған. Бүгінде төрт адам қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанған. Tengrinews.kz тілшісі Венадағы теракт туралы баяндайды.


2 қарашада кешкісін Австрия астанасы Венаның бірнеше жерінде лаңкестік шабуылдар болды. Террористер алты жерден шабуылдаған. Бүгінде төрт адам қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанған. Tengrinews.kz тілшісі Венадағы теракт туралы баяндайды.

Бір мезетте алты жерден шабуылдаған

Пандемияға байланысты бүгін Австрияда локдаун енгізілген. Сондықтан, кеше кешкісін қала тұрғындары қатаң карантин алдында көшеге шығып, қыдырып жүрген. Қала көшелері мен кафелерде адам толы болған. Террористер әдейі осы күнді таңдауы мүмкін.

Лаңкестер алғаш шабуылдаған жер - Зайтенштеттенгасстағы синагог ғимараты. Кейін тағы бес жерден шабуыл жасалған, бесеуі де қаланың орталығында. Террористер Морцинплац, Зальцгрис, Фляйшмаркт, Бауернмаркт және Грабен көшелерін таңдаған. Олардың нақты қанша адам болғаны белгісіз. Белгілісі - атыс қаруын қолданған.

ORF телеарнасы террористер шабуылдаған жерлерді картада көрсетті.

Бұл шабуылдар салдарынан үш адам қаза тапқаны хабарланған. Үшеуі де қарапайым қала тұрғындары. Бір әйел мен екі ер адам алған жарақаттары салдарынан ауруханада қайтыс болған. Ал таяуда ғана қаза тапқандар саны артты. Kurier мәліметінше, шабуылдан кейін төртінші адам көз жұмған. 

Басында жергілікті БАҚ-та кем дегенде жеті адам қаза болғаны хабарланған. Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Лаңкестер қолынан жарақат алған 16 адам қазір ауруханада. Оның ішінде полицейлер де бар.

Kronen Zeitung басылымының мәліметінше, лаңкестер Akakiko мейрамханасында адамдарды кепілге алған. Бірақ мейрамхана өкілі оны жоққа шығарды. Ғимаратқа тек полицейлер кірген екен.

"Тағы да шабуыл жасауы мүмкін"

Вена орталығында атыс бастаған лаңкестердің қанша екені әлі анықталмады. Шабуыл кезінде полицейлер біреуін атып тастаған. Онда автомат, тапанша және мачете болған. Ал қалған лаңкестер қашып үлгерген. Бірақ көп ұзамай полицейлер тағы төрт террористі ұстаған. Дегенмен лаңкестердің басым бөлігі әлі жасырынып жатыр.

Австрия ІІМ басшысы Карл Нехаммердің айтуынша, лаңкестер тағы да шабуыл жасауы мүмкін, себебі лаңкестер қала орталығынан әлі кетпеген. Сондықтан, Нехаммер қала тұрғындарынан көшеге шықпауды сұрады.


© Reuters 

Нехаммердің сөзінше, шабуыл кезінде полицейлер атып тастаған лаңкестің кім екенін анықталған. Ол "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған - авт. еск.) ұйымының жақтаушысы болыпты.  

Ал Австрия канцлері Себастьян Курц лаңкестердің бұл шабуылды кәсіпқой түрде жоспарлағанын айтады.

"Біздің республикамыз қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатыр. Біздің қауіпсіздігіміз үшін өз өмірін қатерге тіккен барлық төтенше жағдайлар қызметкеріне алғыс айтамын. Біздің полиция осы қорқынышты терактіге жауаптыларға қарсы шаралар қолданады", - деді ол.

Қазір Венаға Австрия Қарулы күштерінің әскері жеткізілген. Олар астанадағы барлық нысанды бақылап отыр. Қалада қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылды, оқушылар сабақтан босатылды.

Желіде куәгерлердің лаңкестер шабуылын түсірген видеосы мен суреттері тарады. Бұл видео/суреттерді ел билігі тергеуге қажет деп жинап жатыр.

Венада қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Венадағы атыс кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін айтты.

"2 қарашада кешке Австрия астанасы Венада белгісіз адамдар атыс шығарған. Жергілікті биліктің айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Австрия полициясы терроризмге қарсы ауқымды операция жүргізіп жатыр. Қазақстанның Австриядағы елшілігінің алдын ала мәліметі бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында ҚР азаматтары жоқ", - делінген хабарламада.

Трамп пен Макрон көңіл айтты

Венадағы шабуылға қатысты түрлі ел президенттері пікір білдіріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып Франция президенті Эмануэль Макрон көңіл айтты.

"Біз, француздар, Венадағы шабуылдан кейін австриялықтардың күйзелісі мен қайғысына ортақтасамыз. Франциядан кейін (Францияға) дос елге шабуыл жасалды. Бұл - біздің Еуропа. Біздің дұшпандарымыз кіммен жауласқанын білуі керек. Ешкімге жол бермейміз", - деп жазды ол Twitter-парақшасында.

АҚШ президенті Дональд Трамп та осы оқиғаға қатысты пікірін айтты.

"Біздің дұғаларымыз Еуропадағы тағы бір сұмдық лаңкестік әрекеттен кейін Вена халқына арналады. Жазықсыз адамдарға жасалған мұндай шабуылдарды тоқтату керек", - деп жазды ол Twitter-парақшасында.

Сонымен қатар, ол АҚШ терроризммен күресіп жатқан Австрия, Франция және бүкіл Еуропаға қолдау көрсететінін айтты.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети