Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
08 сентября 2021 13:58

Қазақстан құрамасы жанкүйерлерді таңғалдырған ТОП-10 матч

ПОДЕЛИТЬСЯ

©ҚФФ ©ҚФФ

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы таңғалдыруын жалғастырып жатыр. Кеше командамыз сырт алаңда азулы босниялықтардан ұпай жырып әкетті. Сирек болса да, Қазақстан құрамасының жанкүйерлер күтпеген нәтижені тіркеген матчтері бар. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан құрамасының жанкүйерлерді таңғалдырған топ-10 матчін жинады. 


Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы таңғалдыруын жалғастырып жатыр. Кеше командамыз сырт алаңда азулы босниялықтардан ұпай жырып әкетті. Сирек болса да, Қазақстан құрамасының жанкүйерлер күтпеген нәтижені тіркеген матчтері бар. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан құрамасының жанкүйерлерді таңғалдырған топ-10 матчін жинады. 

Армения - Қазақстан 0:1

Өзіміз жасаған топ-матчтер тізімін Армения мен Қазақстан кездесуі ашады. Бұл ойын 2007 жылы Ереванда өткен. 2008 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі болатын. Қазақстан құрамасы УЕФА-ға ауысқалы сырт алаңда жеңіске жете алмай келе жатқан.

Бұл кездесуде армениялықтар шабуылда белсенді болды, кей тұста Қазақстанды қақпа бағанасы құтқарып қалды. Дегенмен 64-минутта Сергей Остапенко гол салып, қазақстандықтарды алға шығарды. Алаң иелері есепті теңестіруге тырысқанымен, шабуылдары голға әкелмеді. 1:0 - Қазақстанның жеңісі.   

Осылайша, Қазақстан құрамасы тарихындағы ең маңызды жеңістердің біріне қол жеткізген. 


Армения - Қазақстан матчі. Фото sportsarena.kz сайтынан 

Бельгия - Қазақстан 0:0

Бұл матчта да Қазақстан сенсация жасады деуге болады. Тарихында алғаш рет ЕУРО аясында іріктеу кезеңінде матч өткізді. Алғашқы қарсыласы Бельгия құрамасы еді. Сапында сол кезде "Аякста" ойнайтын Томас Вермален, "Баварияға" енді ауысқан Даниэль Ван Бюйтен, кейін "Манчестер Ситидің" аңызына айналатын Венсан Компани болды. 

Бірақ Қазақстан құрамасы қарсыласынан қаймықпай, сырт алаңда бір ұпай еншілей алды. Бельгиялықтар жанкүйерлері алдында жеңіске жетуге тырысқанымен, Қазақстан қақпасынан саңылау таба алмады. 0:0 - матч тең есеппен аяқталды. 


Фото: Sportsfaa.kz

Қазақстан - Австрия 0:0

2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өз алаңында Австрияны қабылдады. Алғашқы екі турда жеңілген қазақстандықтарды сарапшылар тағы аутсайдер деп атады. 

"Вердер" шабуылшысы Марко Арнаутович бастаған австриялықтарға да жеңіс ауадай қажет еді. Бірақ Қазақстан бұл кездесуде қарсыласына жеңіс берген жоқ. Кездесуде есеп ашылмай, матч 0:0 есебімен аяқталды. Қазақстан құрамасының жеңісі болмаса да, көбі күтпеген нәтиже тіркелді. 

Украина - Қазақстан 1:1

Биыл ғана болған матчке тоқталайық. 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан наурызда Украина құрамасына қонаққа барған. Жалпы, Қазақстан өз тарихында украиндармен төрт рет кездесіп, төртеуінде де жеңілген. Сондықтан, биыл Киевте өткен кездесуде, расын айтқанда, ешкім тең есеп күтпеген. 

Бұл ойында алаң иелері толығымен басым болды. Допқа иелік етті, матч бойы 20-дан аса соққы жасады. Бірақ Қазақстан Киевтен бір ұпай еншілеп қайтты. Роман Яремчуктің голына екінші таймда Қазақстан Серікжан Мужиковтің дәл соққысымен жауап қатты. Осылайша, ұлттық құрамамыз іріктеу турниріндегі алғашқы ұпайын алды.


©Reuters

Босния және Герцеговина - Қазақстан 2:2

Тізімге кеше ғана өткен матчті қоспауға болмайды. Босния және Герцеговина құрамасы сапында "Интер" шабуылшысы Эдин Джеко, "Барселона" экс-ойыншысы Миралем Пьянич, "Арсенал" қорғаушысы Сеад Колашинац бар. Оның үстіне, босниялықтар өз жанкүйерлері алдында ойнады. 

Бірақ есепті Қазақстан ашты - Исламбек Қуат гол соқты. Кейін Пьянич пенальтиден есепті теңестірсе, матч бітуіне санаулы минут қалғанда Лука Менало алаң иелерін алға шығарды. 

Жеңіліс аулы жақындай бергенде Бақтиер Зайнутдинов айып соққысынан есепті теңестіріп кетті. Қорытынды есеп - 2:2. Пьянич бұл ойыннан кейін матч нәтижесін "үлкен қателік" деп атады.

Қазақстан - Бельгия 2:2 

ЕУРО-2008 іріктеу турниріне оралайық. Жоғарыда осы іріктеу кезеңіндегі Бельгия - Қазақстан матчіне тоқталған едік. Енді 2007 жылы Алматыда өткен қарымта матч туралы айтпақпыз. 

Ойын алаң иелері үшін сәтсіз басталды. 25-минутқа дейін құрамамыз жауапсыз екі гол жіберді. Тең есептің өзі тым алыста тұрғандай көрінді. Бірақ 39-минутта Дмитрий Бяковтің голы үміт сыйлады. Ал 77-минутта Самат Смақов пенальтиден гол салып, таразы басын теңестіріп кетті. 

Бұл Қазақстан құрамасының УЕФА-дағы ең алғашқы камбэгі болатын.  

Қазақстан - Украина 2:2

Биыл қыркүйектің басында Қазақстан ӘЧ-2022 іріктеу кезеңінде өз алаңында Украинаны қабылдаған. Алғашқы ойындағы тең есептен кейін қонақтар ашулы еді, оларға жеңіс ауадай қажет болды.

Бірақ Қазақстан бұл ойында қарсы тұрған құрамаға жеңісті сыйлай беретін команда емесін көрсетті. "Астана Аренадағы" матч драмаға толды. Украиндар жылдам гол салды да, шабуылын жалғастыра берді. Бірақ мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Есесіне екінші таймда Руслан Валиуллин жақын бұрышты дәл көздеп, есепті теңестірді. 

Бірақ төреші қосқан қосымша үшінші минутта Даниил Сикан қонақтарға жеңіс сыйлағандай көрінді. Себебі ойынның бітуіне екі минуттай қалған. Әйтсе де, бұл Қазақстанға жеткілікті болды. Валиуллин соңғы секундтарда допты айып алаңында қабылдап, тағы да есепті теңестіре алды. Қорытынды есеп - 2:2.  


©ҚФФ

Қазақстан - Польша 2:2 

2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы Роберт Левандовски бастаған поляктарды қабылдады. 2016 жылы Польша Еуропа чемпионатының ширек финалына шыққан еді, ойны жүріп тұрған кез. 

Олар мұны бірден дәлелдей бастады. Бірінші таймда екі гол соғып тастады. Жанкүйерлердің салы суға кеткен. Бірақ үзілістен кейін алаңда басқа құрама шықты. Сергей Хижниченко бірден екі гол тоғытты. Сол матчте Қазақстан комбинациялық футбол көрсеткен, ойыннан кейін құрама бас бапкері Талғат Байсуфинов Қазақстан "екі ұпай жоғалтқанын" айтқан болатын. 

Қазақстан - Шотландия 3:0

2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін Қазақстан өз алаңында Шотландия құрамасына қарсы ашқан. Қонақтар бұл ойында фаворит болғаны құпия емес. Бірақ алаң иелері бұл кездесуде қарсыласын ірі есеппен жеңіп, сенсация жасады. 

Матчтің 10-минутына дейін Юрий Перцух пен Ян Вороговский алаң иелеріне қолайлы нәтиже жасап берді. Ал екінші таймда Бақтиер Зайнутдинов есепті 3:0 қылды. 

Сол кезде кей сарапшы бұл матчті нағыз сенсацияға балаған болатын. 

Қазақстан - Сербия 2:1

15 жылдай уақыт өтсе де, жанкүйерлер үшін ең ыстық матч осы Қазақстан - Сербия кездесуі болар. Себебі бұл Қазақстанның УЕФА-дағы алғашқы жеңісі болып тарихта қалды. 

Бұл кезге дейін Қазақстан УЕФА аясындағы іріктеу турнирлері аясында 17 матч өткізіп, оның үшеуінде ғана тең түскен, қалған 14 кездесуде жеңіліп қалған болатын. 

2007 жылы наурызда Алматыда Қазақстан Сербияны қабылдады. Бұл ЕУРО-2008 іріктеу турнирі болатын. Екінші таймда Қайрат Әшірбеков пен Нұрбол Жұмасқалиевтің голдары Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады. Кейін сербиялықтар есеп айырмасын қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети