Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
31 января 2022 19:15

Қытайдағы үш күн. Олимпиадаға дайындық қалай өтіп жатыр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Есет Төлеш Фото: Есет Төлеш


Қытайда қазір ең көп қойылатын сұрақ "Do you speak english?" шығар. Бұл елге әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар, журналистер, сарапшылар жиналған. Қызметкер, еріктілермен әңгіме дәл осы сұрақпен басталады. 

БАҚ өкілдерінің арасында қазақстандық журналистер де бар. Олар екі қалаға бөлінген, бірі Бейжіңде, екіншісі Чжанцзякоуда. 

Чжанцзякоудағы шектеулер

Чжанцзякоу - Қытайдағы тау-шаңғы курорты саналатын шағын қала. 4 миллионнан аса тұрғыны бар. ҰОК мәліметінше, бұл өңірде тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, биатлон, трамплиннен секіру және фристайл жарыстары өтеді. 

Чжанцзякоудағы журналистің бір сыпырасы тау маңындағы медиа-қонақүйлерге орналасты. Бірнеше қонақүйден тұратын кешенді кейбірі ертегідегі ғимараттарға ұқсатып жатыр.   

Тау баурайы болған соң күн суық, бірақ ауасы таза. Журналистер қонақүйден өз еркімен кете алмайды. БАҚ өкілдеріне тек Олимпиада нысандарына баруға рұқсат берілген. Ал ол үшін күнделікті автобустар қатынап жатыр.   

Қонақүйге келетін автобус бірден медиа-орталыққа апарып тастайды. Онда әлемнің жан-жағынан келген журналистер бас қосқан. Орталықта журналиске керектінің бәрі бар.

Ұялы телефон не фотоаппарат бұзылып қалса, қызмет көрсететін орталықтар да бар. 

Бұл жерді ұйымдастырушылар Relax Room деп атайды. Демалатын бөлме. Мұнда массаж жасайтын креслолар тұр. Тек қызық көріп отырғандар болмаса, бұл жаққа келетіндер аз. 

Спорт нысандарына жақын мейрамхананың бәрінде адам жалғыз тамақтануы керек. Үлкен үстелдердің өзіне шыны пластиктер қойылған. Бұл да өңірдегі шектеулердің бірі. Қолыңызға антисептик жақпасаңыз, мейрамханаларға кіргізбейді. 

Ал бұл - "Бин Дунь Дунь". Қытайдағы қысқы Олимпиаданың тұмары. Қазіргі қытай тілінде "бин" сөзі бірнеше мағына береді. Ең алдымен "мұз", сонымен бірге "тазалық", "күш" деген мағынасы бар. Ал "Дуньдун" сөзі "дені сау", "күшті" және "көңілді" дегенді білдіреді. Бұл сөз балалар туралы сөйлескенде жиі қолданылады екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Олимпиада тұмары - бұл қатысушылар мен көрермендерге қуаныш сыйлайтын қысқы спорт түрлерінің елшісі. Ол спортшылардың күші мен ерік-жігерін бейнелейді.

Ал "Бин Дунь Дуньнің" қасындағы кім десеңіздер, бұл - "Сюэ Жунжун". Ол - Паралимпиаданың маскоты. Қытай қалта шамының бейнесінде жасалған. Қалта шам Қытай мәдениетінің бір бөлігі саналады, ол мереке, гүлдену дегенді білдіреді. 

180 шақырымға 47 минутта

Чжанцзякоу мен Бейжің арасында 180 шақырым жер бар. Дегенмен, Олимпиада қонақтарына бұл қиындық туғызбайды. Себебі екі өңірдің вокзалынан Олимпиадаға арналған жүйрік пойыз жүреді.   

Пойыз сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүреді. Сондықтан қонақтар бір күнде бір өңірден екіншісіне оңай барып келе алады. Біз Чжанцзякоудан Бейжіңге барғанымызда, пойыз 47 минутта жеткізді.  

Қытай өз мәдениетін көрсетуге асық

Ал бұл - Бейжіңдегі медиа-орталық. Іші үлкен, үш қабаттан тұрады, журналист көп. Жан-жақта үлкен экрандар тұр. 

Қазір бос тұрған бұл бөлме Олимпиада басталғанда журналиске лық толады. Мұнда журналистер Олимпиададан хабар тарады.  

Бір байқағанымыз, медиа-орталықта Қытай өз мәдениетін толық ашуға тырысқан. Қытай мәдениетімен таныстыратын музей де бар.  

Ішінде қытай мәдениетіне тән ойыншықтар, кітаптар, жәдігерлер бар. 

Ал бұл - Қытай медицинасының мәдени кеңістігі. Мұнда қытай медицинасы туралы деректер табуға болады. 

Орталық залына "Аспан храмының" макеті орналасқан. Ол Қытайдағы ең ірі тарихи орындардың бірі саналады. Храм 600 жыл бұрын салынған, кезінде қытайлықтар онда аспанға сыйынған екен. 

Біз үміт артатын арена

Бүгін Чжанцзякоудағы Genting Snow Park аренасына барып қайтудың сәті түсті. Бұл аренада фристайл жарыстары өтеді. Сондықтан бұл аренадағы тартыс қазақстандықтарға қызық болмақ. Жанкүйерлер могулшылар ел қоржынына медаль салады деп үміттеніп жүр. Төрт жыл бұрын Юлия Галышева қола медаль алған, 29 жастағы спортшымыз әлі бабында, сондықтан одан алтын медаль күтетіндер жетерлік. 

Аренаға кірген кезде көзге бірден тулар түседі. Арасында Қазақстан туы да желбіреп тұр. 

Дәл осы жолда 3 ақпанда могулшыларымыз іріктеу кезеңіне қатысады. Қазір жол жарысқа сақадай сай тұр.  

Біз барғанымызда жұмысшылар жол мен трибуна арасын қоршап жатты.    

Кешелі бері Чжанцзякоуда қар жауып жатыр. Күн суық, қар борап, жел ышқынып тұр. Қазір аренада осындай техника толып жүр. Бәрінің шаруасы - қар тазалау. 

Ең өкініштісі - қазір үстін қар басып, бос тұрған трибуна жарыс күндері де осылай қаңырап тұруы мүмкін. Олимпиадаға шетелден жанкүйер кіре алмайды, қытайлықтар саны да шектеулі. Билет сатылмайды, тек жергілікті тұрғындар ішінен таңдап алынады. Оның өзінде жанкүйер аренаға кіруі үшін ревакцина салдыруы қажет, одан бөлек жарысқа 96 және 72 сағат қалғанда жасалған ПТР-тесттің нәтижесін көрсетуі керек.   

Әзірше Олимпиадаға дайындық осындай. Жарыстар 2 ақпанда басталады. Ал 3 ақпанда могулшыларымыз жарыс жолына шығады. 4 ақпанға ашылу салтанаты жоспарланған. Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанға дейін жалғасады. 

Қысқы Олимпиадаға бір апта қалды. Қазақстандықтар білуі тиіс маңызды деректер

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.35   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети