1. Главная
  2. Узнай
  3. Технологии
  4. Интернет

Вице-министр интернет сапасының неге нашарлағанын түсіндірді

  • 1

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов елімізде интернет желісінің сапасы неге нашарлағанын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде байланыс қызметіне сұраныс пен талап күшейген.

"Әлемде интернетке салмақ түсіп жатыр. Қазақстанда да трафиктің өсуіне интернет абоненттерінің белсенділігі себеп. Дүкендердің тауарларды, тағам мен дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу тапсырысын интернет арқылы қабылдауы, жаңа абоненттердің қосылуы, видеоконтентті қолданудың артуы, үйден онлайн жұмыс істеуге көшу және оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуы интернетке әсер етіп отыр", - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Осы орайда Дарын Тұяқов Қазақстанда интернеттің сапасын арттыру бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

"Біз барлық мүмкіндікті қолдана отырып, байланыс сапасын арттырып жатырмыз. Байланыс операторлары интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмысты жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 20 пайызға сыртқы арналар кеңейтілді. Оның сапасын бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр", - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр елордада интернет сапасының нашарлауы байланыс станцияларының алып тасталуымен байланысты екенін атап өтті.

"Бұл жұмыс тұрғындардың өтініші бойынша жүргізілді. Мысалы, қаладағы ЭКСПО көрмесі ауданында интернет сапасының нашарлауы байқалды. Осыған байланысты қалада интернет сапасы нашар орындарда қосымша базалық станция орнату мәселесі қала әкімдігімен бірлесіп шешіледі", - деді Дарын Тұяқов.

Ол базалық станцияны орнату үшін электрмен жабдықталған орын берілуі керегін жеткізді.

"Сондықтан бұл мәселе қала әкімдігімен бірлесіп шешіледі. Қазіргі таңда қаладағы 5 орында антенна орнатылып, электрмен жабдықталды", - деді вице-министр.

Осыған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қазақстандықтарға көлікті онлайн түрде тіркеуге мүмкіндік берілетінін айтқан.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі коронавирус жұқтырған 7 науқастың жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын хабарлағанбыз. 

Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова үкімет басшысынан көмек сұраған болатын. Ал премьер-министр Асқар Мамин елімізде егін шаруашылығын дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізілетінін айтқан

Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 670-ке жетті. 47 науқас аурудан жазылды, 6 адам қайтыс болды.