ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
02 мая 2018 | 16:57

Академик Шора Сарыбаев қайтыс болды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шора Сарыбаев TWESCO дөңгелек үстелінде. © Tengrinews.kz Шора Сарыбаев TWESCO дөңгелек үстелінде. © Tengrinews.kz

Қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Сарыбаев қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Сарыбаев қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақ тіл ғылымы 2018 жылдың 1 мамырында орны толмас қайғыға душар болды. ҚР ҰҒА академигі, танымал тілші-ғалым Сарыбаев Шора Шамғалиұлы 94 жасқа қараған шағында дүниеден озды", - деп хабарлады институттың баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, қаралы митингтің 3 мамырда сағат 10.00-де Ғылым академиясының ғимаратында (Құрманғазы көшесі, 29) өтетіні хабарланды. 

Шора Шамғалиұлының қазақ тіл білімі мен түркітануға қосқан үлесі зор, қайраткерлік елеулі еңбегі - көпке үлгі. Шора Сарыбаев 1925 жылы наурыз айының 2 күні Ташкент қаласында әйгілі ағартушы, әдіскер ғалым Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін, 1945-1950 жылдары ол кезде С.М.Киров аталған Қазақтың мемлекеттік университетінде оқып, оны бітіргеннен кейін қазақ тілі кафедрасында аспирантураға қалдырылады. 1954 жылы профессор Мәулен Балақаевтың жетекшілігімен "Қазақ тіліндегі одағайлар" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Сол жылдан бастап осы күнге дейін қол үзбей ҚР ҰҒА Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек етіп келеді. Алғашқыда аға ғылыми қызметкер, одан кейін 30 жылдан астам уақыт қазақ тілі тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1979-1987 жылдары Тіл білімі институты директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Бүгінге дейін институттың бас ғылыми қызметкері болып жемісті жұмыс істеп келді.

1974 жылы докторлық диссертация қорғады. 1983 жылы Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланды. Сарыбаевтың шығармашылық шеңбері кең ауқымды, әр алуан. Ғалымның қаламынан 250-ден астам ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер, оқулықтар мен сөздіктер жарық  көрген.  Оның еңбектері тек Қазақстан емес, бұрынғы Одақ көлемінде шығып тұрған "Вопросы языкознания", "Советская тюркология", "Народы Азии и Африки", "Советское востоковедение" тәрізді ғылыми-теориялық журналдарда және шетел баспаларында жарық көрді. Ғылымның біралуан еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихына, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, тағы да басқа проблемаларға арналған. Осылардың ішінен бар күш-жігерін сарп етіп зерттеген екі саланы ерекше бөліп атауға болады. Оның бірі - диалектология болса, екіншісі - тіл білімінің тарихы. Ғалым еңбектерінің үштен бір бөлігі диалектология мәселесін зерттеуге арналған. 30 жылға жақын тіл тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі шалғайда жатқан тұрғындар тілінен және республикадан тыс жердегі қазақтар тілінің мол байлықтарын жинау үшін жүйелі түрде диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырып, ел аузынан әріптестерімен бірлесе жүріп, сөз байлығын жинауға басшылық етті. Тіл білімі институтының картотекалық қорын молайтуға мұрындық болды. Жиналған диалектілік материалдар негізінде бірталай зерттеулер жазып,тындырымды жұмыс атқарды. Оның 1976 жылы жеке кітап ретінде жарияланған "Қазақтың аймақтық лексикографиясы" атты докторлық диссертациясы түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы монография еді.

Шора Сарыбаев Мәскеу, Қазан, Алматы, Ашхабад, Бішкек, Нальчик және тағы да басқа қалаларда, сондай-ақ Түркияда өткізілген симпозиумдар мен конференцияларға қатысып, "Диалектілік сөздіктерді құрастыру", "Диалектілік лексикографияның талас мәселелері", "Тіл мәдениеті және жергілікті ерекшеліктер", "Әдеби-сөйлеу тілі сөздігі", "Диалектілік терминология", "Түркі тілдерінің аймақтық лексикографиясы” тәрізді тақырыптарда баяндама жасады. Сәрсен Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамыта түсті. Жаңа нұсқадағы диалектологиялық сөздікті құрастыруға және диалектология саласындағы терминологияның қалыптасуына белсене араласып, тыңнан біраз терминдерді ұсынды. Сарыбаев "Қазақ диалектологиясы" деген атпен шыққан алғашқы оқулықтың авторы. Бұдан басқа ғалымның 1989 жылы "Қазақ тіліндегі аймақтық лексика" атты монографиясы жарық көрді. Көп жыл бойы диалектология бөлімін басқарып, жинаған қыруар материалдар негізінде жазылған бір томдық "Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі", "Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы" атты сериямен шыққан 8 жинақтың белді авторларының бірі болуымен қатар оған тікелей басшылық етті. Оның басшылығымен және редакторлығымен көлемді "Қазақ тілінің аймақтық сөздігі" құрастырылды. Сонымен қатар, ғалым қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты.

Профессор Шора Сарыбаевтың айрықша бір еңбектеніп, көп жылдан бері үзбей айналысқан саласы - қазақ тіл білімінің тарихы. Осы ретте қазақ тіл білімі саласындағы бай мұраны жннақтап, ғылыми жүйеге түсіре отырып, профессор Құдайберген Жұбановтың есіміне арнап "Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішін" жарыққа шығарды. Осы көрсеткішті шығарған кезде Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы және тағы да басқа арыстардың 140 еңбегі енгізілетіні үшін бұл кітабы 1960 жылы пышақтың астына түсіп, туралып кетті. Саяси қате жіберді деп авторға сөгіс беріліп, бөлім меңгерушілігінен босатылды. Бірақ ғалым алған беттен қайтпай, осы еңбегін жалғастыра берді. Соның нәтижесінде 1965-1994 жылдары "Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші" деген атпен бірінен соң бірі 6 томы басылып шыкты. 7-томы баспаға дайын тұр. Сонымен қатар ғалым "Түркітану әдебиетінің библиографиялық көрсеткішін" бастырып шығарды. Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық және докторлық диссертациялардың да библиографиялық көрсеткіші (2003) жарық көрді. Аталған библиографиялық көрсеткіштердің қазақ тіл білімі тарихына қосар үлесі мол. Қазақ тіл білімімен шұғылданушы әр ғалымның осы еңбекті жазған авторға алғыстан басқа айтары жок. Ғылыми қызметкерлерге, әсіресе, аспиранттар, студенттер, мұғалімдер үшін бұл еңбек таптырмайтын, күнделікті қолдан түспейтін кітапқа айналып отыр.

Ғалымның морфология саласы бойынша сөз таптарын зерттеуге арналған "Қазақ тіліндегі одағайлар" (1954), "Еліктеуіш сөздер" (1960) деген кітаптары жарық көрді. Ол бұдан басқа "Қазіргі қазақ тілі" (1962), "Қазақ тілінің грамматикасы” (1966) авторларының бірі.

Сарыбаев әртүрлі сөздіктерді құрастыру жұмысына да белсене араласып келеді. Оның қатысуымен "Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі" (1966), "Қысқаша орысша-қазақша сөздік" (1987, 1990, 1993), "Қазақ тілінің жаңа атаулары" сөздігі (1992) тағы да басқа жарық көрді. Сонымен қатар ғалым үлкен "Қазақша-орысша" және "Орысша-қазақша" сөздіктерді құрастырушылардың бірі.

Сарыбаев алтаистика саласына байланысты қазақ-моңғол тілдерінің туыстастығын дәлелдеуге арналған бірнеше мақала жариялады.

1980 жылдан бастап Қырғыздың мемлекеттік университетіндегі диссертация қорғау кеңесінің мүшесі, кейін сол кеңестің төрағасының орынбасары, 1980-1994 жылдар аралығында Қазақстан ҰҒА Тіл білімі институтының және әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің мамандандырылған кеңесінің мүшесі болды.

Сарыбаевтың ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысын да атап өткен жөн. Ондай қасиеті ұзақ жылдар бөлім меңгерушісі болып істегенде, он жыл бойы директордың орынбасары қызметін атқарғанда, әсіресе, Бүкілодақтық аймақтық диалектологиялық конференция (1973), Бүкілодақтық түркологиялық конференция (1976) өткізгенде мәжілістің ғалым-хатшысы болған кезде ерекше көзге түсті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ш.Ш.Сарыбаевтың ғылыми-ұстаздық қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын дайындаудағы еңбектері Республика Үкіметі тарабынан бағаланып, оған 1985 жылы "Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері" деген атақ беріліп, 2000 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 488.27   530.83   5.01 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети