Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 марта 2021 13:26

Әншілердің жарнамасы. Адвокат шулы істен кейін қысым көргенін мәлімдеді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото Тілеужан Кішкенебаевтың Facebook-парақшасынан Фото Тілеужан Кішкенебаевтың Facebook-парақшасынан

Әншілер жарнамалаған лотереядан алданып, миллиондаған ақшасынан айырылған халықтың мүддесін қорғап жүрген адвокат Тілеужан Кішкенебаев қазір прокуратурадан қысым жасалып жатқанын айтады. Бүгінде адвокаттық лицензиясынан айырылған. Прокуратура да бұған қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Әншілер жарнамалаған лотереядан алданып, миллиондаған ақшасынан айырылған халықтың мүддесін қорғап жүрген адвокат Тілеужан Кішкенебаев қазір прокуратурадан қысым жасалып жатқанын айтады. Бүгінде адвокаттық лицензиясынан айырылған. Прокуратура да бұған қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әншілердің ісі

Бәрін басынан бастайық. 2019 жылы бірқатар әнші лотереяға жарнама жасаған. Кейін лотерея заңсыз екені анықталып, оған қатысқан халықтың аузы күйіп қалған. Тергеу барысында лотереяда тігілген үй жалған екені, көліктер жалға алынғаны анықталған. Бүгінде дәл осы лотерея ойындарынан 7800 адам зардап шеккен. Алаяқтар жалпы алғанда халықтың 200 миллион теңгесін жымқырған. Қазіргі уақытта зардап шеккен 50 адамның мүддесін адвокат Кішкенебаев қорғап жатыр.


Тілеужан Кішкенебаев  

Адвокаттың айтуынша, ол клиенттерімен бірге лотерея ұйымдастырушыларының да, жарнама жасаған әншілердің де үстінен арыз жазған. Бірақ Алматы экономикалық тергеу департаменті әншілердің ісінен қылмыс құрамын таппаған. Ал ұйымдастырушы ретінде көрсетілген үш адамның біреуі ғана жазаланған.

"Осы жөнінде мен бірнеше рет тергеушінің, прокурор мен судьялардың іс-әрекетіне шағымданған болатынмын. Бірақ бұл шағымнан нәтиже болмады", - дейді Тілеужан Кішкенебаев.

Әншілер үстінен жазылған арыз: тергеу қалай жүріп жатыр?

Төрт жыл бұрынғы іс қайта қаралған

Адвокаттың сөзінше, қазір өзінің басы дауға қалған. Себебі бірнеше жыл бұрынғы іс қайта қаралып, Кішкенебаевтың өзіне айып тағылған екен.

"Бізде кезекшілік деген болады, айына бір рет мемлекеттік адвокат кезегіне түсіп тұрамыз. 2017 жылы мені бір адамды қорғауға шақырды. Мен сонда барып, маған берілген адамды қорғадым. Сөйтіп, тергеуші маған осы жұмысым үшін ақы беру туралы қаулы шығарып, мен өз ақшамды алып кеттім. Кейін мен қатысқан қылмыстық іс жалған болып шығады. Жедел уәкіл мен учаскелік инспектор өз жұмысын көрсету үшін ұйымдастырған. Ол кейін анықталып, инспектор үш жылға сотталды. Сол кезде менен де жауап алынып, кінәм жоғы анықталған. Іс осылай жабылған болатын", - дейді адвокат.


Фото: instagram.com/advokattyk.kyzmetter

Кішкенебаевтың айтуынша, ол сол кезде үш адамды қорғаған. Бірақ ол жалған қылмыстық іс екенін білмегенін айтады. Төрт жыл өткен соң іс қайта қаралып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" бабы бойынша айып тағылған.

"Алдын ала сөз байласып, мемлекеттің ақшасын алаяқтық жолмен алғансың дейді. Мен қандай ақша алдым? Үш адамды қорғағаным үшін 10 мың теңгеден беріліп, 30 мың теңге төленді. Оның жартысын түрлі салыққа, зейнетақы жинағына, мүшелік жарнаға ұстап қалады. Қолыма тигені 10-15 мың теңге, соны бөлісіп алдық па екен? 10 мың теңге үшін қылмысқа бару логикаға сыймайды.

Төрт жылдан бері қылмыстық іс қозғалмай, неге қазір қозғап отыр? Бұл іске екі адвокат қатысқанбыз, екінші адвокатқа айып тағылмай, маған қатысты ғана тергеу амалдары жүрді. Осыған қарап, мені қудалау әрекеті жүріп жатыр деп ұқтым", - дейді ол.

"Прокуратура менімен өштесіп отыр"

Тілеужан Кішкенебаев бұл істің артында басқа адамдар бар деп санайды. Себебі әншілердің оқиғасынан бөлек, оған прокуратура да тіс қайрап отыр екен.

"Мен бұған дейін де Алатау ауданы соты судьясының үстінен бірнеше рет шағымданып, ол бірнеше рет тәртіптік жауапқа тартылған болатын. Кейін соттың төрағасы мені шақырып алып, судьялар үстінен неге шағымдана бересің деп қысым көрсетті. Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуроры, тергеушілерінің үстінен де шағымданған едім. Олар да бірнеше рет тәртіптік жазаға тартылған. Осы қаулылардан кейін қалалық прокуратура менімен өштесіп отыр. Тергеуші дұрыс жұмыс істемесе, прокурор оны бақыламаса, адвокаттың шағымдануға құқығы бар", - дейді Кішкенебаев.

9 наурызда Кішкенебаевқа қатысты үкім шыққан. Соттың үкімі бойынша ол 3 жылға адвокат қызметімен айналысу құқығынан айырылып, 500 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған.

"Мен үкіммен келіспеймін, қазіргі уақытта апелляциялық шағым берілді. Елбасымыз, Жоғарғы сот төрағасы осы әділетсіздікті назарға алса екен деймін", - дейді ол.

Бүгінде адвокаттар алқасы да әріптесін қолдап отыр. "Қорғаушыға да қорғаушы керек болып отыр" дейді олар. Енді Тілеужан Кішкенебаев апелляция алқасының шешімі әділетті болады деп үміттеніп отыр.

"Жоғарыда айтқанымдай, лотереядан халық 200 миллион теңгесін жоғалтқан. Менің клиенттерімнің шығыны 20 миллион теңгеден асады. Бұл ақша әлі қайтарылмады. Мен қудалансам, бұл ақша халыққа қайтарылмайды. Себебі менің жағдайымнан кейін басқа адвокаттар бұл істі алмайды. Менің жалғыз қалайтыным - адвокаттық қызметімді атқаруға мүмкіндік берсін. Апелляция алқасы әділ шешім шығарады деген үміттемін", - деп түйіндеді адвокат.

Прокуратура не дейді?

Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Кенесары Бағбанұлы Tengrinews.kz тілшісіне адвокаттың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. 

"Алматы қаласының прокуратурасы және прокуратура органдары тұлғаларға заңсыз ықпал етпейді. Тек заңды түрлі актілерін енгізіп, шешімдер шығарады. Сот үкімі шықса, демек сот бұл істің бағасын берді. Сот барысында қандай да бір қате болса немесе заң бұзушылықтар орнатылса, ол жеке қаулы шығарып,  шара қолдану үшін мемлекеттік органдар мен прокуратураға қаулы жібереді. Егер сот барысында ешқандай жеке қаулы қабылданбаса, сот тергеу амалдарының нәтижесі бойынша оң бағасын берген. Енді адвокат Кішкенебаев апелляцияға беріп, жоғарғы инстанциядағы соттарға барып, позициясын дәлелдеуіне мұршасы бар", - деді Кенесары Бағбанұлы. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети