Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
05 мая 2020 11:06

"Арыстағы жағдайдың тәжірибесін пайдаланамыз". Шөкеев үкімет басшысынан көмек сұрады

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: ТЖК Фото: ТЖК

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкімет басшысы Асқар Маминнен көмек сұрап, су тасқынынан келген шығын өтелуі керегін айтты, деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы өңір басшысы Үкімет отырысында айтты. 


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкімет басшысы Асқар Маминнен көмек сұрап, су тасқынынан келген шығын өтелуі керегін айтты, деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы өңір басшысы Үкімет отырысында айтты. 

Өңір басшысы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды басқанын, 7 ауылды су басу қаупі төніп тұрғанын атап өтті.

"3200 тұрғын мектепке орналастырылды"

Ол су басқан елді мекендерде құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 190 дана техника жұмылдырылғанын, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 мотопомпа, су жинағыш сораптары келгенін айтты.

"Атакент, Мақтаарал, Жамбыл ауылдық округтеріндегі мектептердің базасында 14 қабылдау эвакуациялық пунктер ұйымдастырылды. Қазіргі таңда онда 3200 адам орналастырылды, қалғандары туған-туыстарының үйінде. Қабылдау эвакуациялық пунктері тиісті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді. Карантин жағдайын ескеріп, 120 медицина қызметкері көмек көрсетіп жатыр", - деді облыс әкімі.

"845 үйді су басты"

Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай салдарынан 845 үй су астында қалғанын айтты.

"Алдын ала есеп бойынша жалпы 845 үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, 1 мәдениет үйін, 10 дүкенді су басты. Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожолды су басты. Бұдан бөлек, көлемі 7 639 гектар егістік жерін су басты. Сонымен қатар, мал шығыны нақтыланды. Қазіргі таңда шығындарды есептеп жатырмыз", - деді өңір басшысы.

"Полиция су басқан үйлерді күзетіп жүр"

Түркістан облысының әкімі су басқан ауылдарды полиция қызметкерлері күзетіп жүргенін айтты.

"Ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердегі мүлікті қорғау үшін 8 блокбекет орнатылып, полиция департаменті құрамынан жалпы 303 қызметкер, 53 арнайы көлік жұмылдырылды", - деді ол.

"Ауылдағы су ұзақ жатуы мүмкін"

Өмірзақ Шөкеев өзбекстандық мамандар коллекторларды тазаулауға көмектесетінін, ауылдағы су бірден кетпейтінін жеткізді. Осы орайда облыс әкімі премьер-министрден көмек сұрады.

"Елді мекендердегі су жердің бедері және мұнда жерасты суының жақын болуына байланысты су ұзақ уақыт жатуы мүмкін. Сондықтан елді мекендердің айналасынан үлкен арықтар қазылады. Асқар Ұзақбайұлы, ондағы суды арықтарға жеткізу үшін техника керек. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірігіп, мотопомполарды насостарды жұмылдырып, жұмысқа бірге кірісуіміз керек", - деді өңір басшысы.

Шығын қалай есептеледі?

Сондай-ақ, Шөкеев елді мекендерден су кеткеннен кейін шығынды есептеу жұмыстары жүргізілетінін, өткен жылы Арыста болған төтенше жағдайдың тәжірибесі пайдаланылатынын айтты.

"Су елді мекендерден кеткеннен кейін үйлерге кіріп, әр үйге келген шығынды есептеуіміз керек. Кейін комиссиямен бірігіп, ол үйлерді қалай қалпына келтіреміз деген мәселені талқылаймыз. Үйлерде әртүрлі мүлік қалды. Мүлікке қандай зардап келгенін есептеу қиын. Арыстағы тәжірибемізге сүйеніп, ол мүліктің компенсациясын жасау үшін су басқан елді мекендегі тұрғындарға келген шығынды жеке есептеу керек. Оларға берілетін компенсациясын да белгілеу қажет деп ойлаймын", - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, 7 мың гектардан астам егіс алқабына шығын келген.

"Егіс алқабына келген шығынды есептеп шығып, оны да өтеп беруге көмектесуіміз керек деп ойлаймын", - деді ол.

"Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз"

Өмірзақ Шөкеев қауіпсіз аймаққа көшірілген тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Арыстағы сияқты көп адамды жинап, үлкен жиын жасамаймыз. Жеке-жеке мектепке барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халық түсіністікпен қарайды. Біз комиссияны күтіп отырмыз. Олармен бірге барлығын аралаймыз", - деп түйіндеді сөзін Түркістан облысының әкімі.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети