Ер адам анасын тыңдай ма, әйелін тыңдай ма?

26 Қараша, 21:31
12
видеодан үзінді
видеодан үзінді

Бүгін 7 арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Мамасының баласы" тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бағдарлама барысында анасының айтқанынан шықпайтын ер адамдар сөз болды. Басты мәселе олардың не себепті өздері шешім қабылдай алмайтындығы, отбасылық қарым-қатынасқа ата-ананың түскендігінің әсері жайлы айтылды.

Екі баланың анасы Жансұлу Самат енеме қалай қарасам, болашақ келіндерім маған солай қараса екен дейді. 

"Болашақ енем туралы жолдасымның достары арқылы естіп-білдім. Жолдасым болса маған аса жарытып айтқан емес. Жолдасымыз екеуіміз бес-алты жыл жүріп барып, отау құрдық. Тұрмысқа шықпай тұрып мен енеме не ұнайтынын, не ұнамайтынын зерттедім. Қазір енем маған барлығын айтып отырады - не дұрыс, не дұрыс емес екенін. Жолдасымды жақсы көргендіктен, анасын қалай жақсы көрмейін. Екі ұл тәрбиелеп отырмын, сол себепті мен оған "анаңның баласы болып, айтқанынан шыға алмай отырма" деп айта алмаймын. Мен енемен не жасасам, болашақта екі ұлыма да сондай келін түссе деймін", - дейді Жансұлу Самат.

Бағдарламаның қонағы Ұларбек Нұрғалымұлы барлығы да тәлім-тәрбиеден басталатынын және жігітті "жігіт" қылып тәрбиелеу керектігін айтады. 

"Қазақтың әрбір баласы белгілі бір рудың белгілі бір шежіренің жалғастырушысы ретінде қарстырылады ғой. Әсіресе ұл балаларға әулеттегі дара туған бір аталарының игі істерін айтып отырады және сол кісіге еліктесін деген де ой бар. Алайда анасымен сырласу да, әңгімелесу де орынды. Керек жерде кеңес беруі де орынды, бірақ қашан да ол әкесінің баласымын деп, сол әулеттің жалғастырушысы ретінде өзін мақтаныш тұтуы керек. Қазіргі заманда мәселелер көп болып кетті. Түп негізі мынада болуы керек - балабақшада әйелдер қарайды, мектепте мұғалімдері әйелдер, үйінде көбіне анасы тәрбиемен айналысады. Осылайша оның құлағында әйел адамның жаңғырығы тұруы мүмкін", - дейді Ұларбек Нұрғалымұлы. 

Бағдарламаға арнайы шақыртылған Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің наиб-имамы Рахматулла Бәйменов "ата-енемізді қолымызға алдық", "ата-енемді бағып отырмыз" деген сөздерді айтатын жастарға дүниеге алып келген ата-анамыздың қамқорлығындамыз деу керектігін айтты.

Зағида Бегімбаева бағдарлама барысында үйленіп жатқан ұлына не айту керектігін және жаңа түскен келінге не айту керектігін стратегиялық тұрғыдан жіктеп берді.

"Барлық ана өз баласын жақсы көреді. Ер бала дүниеге келгенде жеті жасқа дейін бар мейіріммен тәрбиелеу керек. Жеті жастан кейін баланың азамат екендігін білдіру қажет. Сырттағы жұмыстарға (отын жару, бақша қазу) баланы үйрету керек. Әке баламен бірге бола бермейді, себебі әке деген асыраушы ретінде өмірі далада өтеді. Сол себепті ер адамның жұмысына бейімдеу анасының міндеті. Қызыңыздың жақсы ана, ұлыңыздың жақсы әке болуы осы әйелдерге байланысты", - дейді ол.

Ұларбек Нұрғалымұлы баяғы заманда қазақ халқында жас қыздардың қара шаңырақтың кенжесіне тұрмысқа шығуды аңсайтын болғанын айтты. 

Айта кетейік, "Өз ойым" бағдарламасы 27 маусымнан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-жұма аралығында көрсетілетін болды. Түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын бұл ток-шоу әлі талай қызықтарға толы. 

Получить короткую ссылку


Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (12)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц