Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
05 января 2022 12:42

Қазақстан қалаларындағы митинг: талаптар, ұстаулар және мәлімдемелер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасып, ал бүгін үкімет отставкаға кетті. Халықтың талабы орындалды. Tengrinews.kz тілшісі Жаңаөзенде басталып, еліміздің көптеген қаласында жалғасқан наразылық акциясы туралы материал дайындады. 


Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасып, ал бүгін үкімет отставкаға кетті. Халықтың талабы орындалды. Tengrinews.kz тілшісі Жаңаөзенде басталып, еліміздің көптеген қаласында жалғасқан наразылық акциясы туралы материал дайындады. 

Бәрі газдан басталды

2 қаңтарда ертеңгісін Жаңаөзенде халық алаңға жинала бастады. Себебі Жаңа жыл бастала сала өңірде сұйытылған газ бағасы екі есе қымбаттаған - 60 теңгеден 120-ға. 

Маңғыстау облысының жүргізушілері көбіне бензин орнына сұйытылған газбен жүреді. Сондықтан бұл өңірде көлік жүргізушілері үшін сұйытылған газ әлеуметтік маңызды саналады. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт күні бойы алаңда тұрып, бір ғана талап қойды - сұйытылған газ бағасын литріне 50 теңгеге түсіру.

Бейбіт митингке шыққан жаңаөзендіктер түнде де тараған жоқ. "Талабымыз орындалғанша қайтпаймыз" деді. Халық сонда тамақ істеп, жылынды. 

Жаңаөзен халқын басқа қалалар да қолдай бастады

Еліміздің басқа да өңірлері Маңғыстау халқына қолдау білдіру үшін алаңға жинала бастады. Желіде алғашқылардың бірі болып Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал жұрты жиналғаны хабарланды. 

Ал 4 қаңтарда наразылық акциясы Қазақстанның түкпір-түкпірінде басталды. Үлкен қалалардан кішкентай аудандарға дейін. Желіде әр өңірде жиналған жұрттың видеосы, суреттері тарады. Батыс өңірлерінен бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Тараз жұртшылығы алаңға шықты. 

Сонымен қатар, атыраулық мұнайшылар жұмыс орнын тастап, Ақтауға жаяу бара жатқаны хабарланды. Бірақ "Теңізшевройл" ЖШС мен "Қаламқас" кен орны жұмысшылар митингке кетсе де, жұмыс жалғасып жатқанын айтты. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от АКТАУ | AKTAU☀️ (@aqtau_live)

Алаңға жиналғандар қатарында Атырау да бар. Желідегілер онда құқық қорғаушылармен қақтығыс болғанын айтады. Журналистердің мәліметінше, Атырауда кеше 5 мыңға жуық адам жиналған. 

Атырау. Фото: "Ақ Жайық"

Оралда да 500-ге жуық адам жиналған, онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев тұрғындармен кездесуге шыққан. 

Нұр-Сұлтанда "Астана концерт залы" аумағында бір топ адам рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болған. Желіде сол жақтан түсірілген видео тарады. Видеолардың бірінде полицейлер бала отырған арбаны автобусқа алып бара жатқан сәті түсірілген.

Ал полицейлер "елорданың 30 жастағы тұрғыны мен оның 5 айлық баласын шағын автобуспен үйіне апарып тастағанын" мәлімдеді. 

Ақтөбеліктер болса, облыс әкімдігіне дейін барған. Тұрғындар көшеде от жағып, сонда жылыныпты. 

Таразда халық полицей көліктерін бүлдірген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыс әкімі аппаратының ғимараты бүлініп, 10 полиция көлігі өртенген. 

Ал Алматының әр ауданында түнде мыңдаған адам шеруге шыққан. Наразылық акциясына шыққандар полицейлердің көлігін өртеген.  

Фото: Әлихан Сариев

Алматыдағы Республика алаңында жағдай қандай? 

Желі қолданушылары әр өңірде митингке шыққандар ұсталып жатқанын хабарлады. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгінде арандатушылар мен экстремистер ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатқанын айтты. 

Ішкі істер министрлігі кешеден 200-ден аса адам ұсталғанын хабарлады. 

Интернет істен шықты

Елде наразылық акциялары басталғанда көп өңірде интернет ағытылғаны хабарланды. Қазір материал жазылып жатқан уақытта интернет кей өңірде әлі жоқ. Кей жақта интернет бар, бірақ әлеуметтік желілерге кірмейді. 

Beeline компаниясы Twitter-де шағым айтып жатқандарға мобильді интернеттің жұмысындағы ақаулар "компанияға тәуелді емес себептерге" байланысты деп жауап берді. 

"Қазір біз компанияға тәуелді емес себептерге байланысты мобильді интернет қызметін көрсетуде шектеулерге тап болдық", - деп жазды Twitter-де.

Ал Kcell-де желідегі ақаулар елдегі жағдайға байланысты екенін айтты. 

"Қазақстан Республикасының Байланыс туралы Заңының 41-1 бабы 1-2 тармағына сай, Қазақстан Республикасының құзырлы органдары антитеррорлық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін желілердің жұмысын және байланыс қызметін көрсетуді тоқтату шаралары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Kcell өкілдері.

Интернет дұрыс істемеуіне байланысты желіде тараған көп видеоны жариялау мүмкін болмай отыр. 

Үкімет қандай шара қолданды?

Жаңаөзендіктер сұйытылған газ мәселесін көтеріп алаңға шыққанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды бақылауға алып, үкіметтік комиссия құруды тапсырған. Ералы Тоғжанов бастаған комиссия кеше Жаңаөзен мен Маңғыстау белсенділерімен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде тұрғындардың талабы орындалып, өңірде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті

Кейін Ақтөбе әкімдігі де халық талабын орындады. Ақтөбеліктер митинг кезінде ұсталғандарды босатып, сұйытылған газды 50 теңгеге түсіруді талап еткен. Кеше түнде әкімдік екі талап та орындалатынын мәлімдеді.

Qazaqstan телеарнасы Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының бас директоры мен сұйытылған газ сататын электрон сауда алаңының басшысы ұсталғанын хабарлады.

Тоқаев Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында 5 қаңтар сағат 01:30-дан бастап 19 қаңтар 00:00-ге дейін комменданттық сағат жариялады. Кейін Алматы облысында төтенше жағдай режимі енгізілді.  

Ал бүгін ертеңгісін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдау туралы Жарлыққа қол қойды. Үкімет мүшелері жаңа құрам бекітілгенше қызметінде қалады. Ал премьер-министр міндеттерін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. 

Қазақстан тарихында үкімет екінші рет отставкаға кетті

Тоқаев кімдерді сынға алды?

Тоқаев кеше демонстранттарды еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға шақырды.

Ал бүгін жиналыс өткізіп, Қазақстандағы наразылық ахуалына жол бергендерді атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ "Қазмұнайгаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.

Президент былтыр маусымда Маңғыстау облысындағы "Қазақ газ өңдеу зауыты" базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді:

  1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге  енгізу;
  2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;
  3. "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" Заңды әзірлеуге кірісу;
  4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;
  5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;
  6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін "Қазақстан халқына" деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.78   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети