Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
31 марта 2018 13:40

Қазақстанда жүрегі ауыратындардың көбеюіне етті көп пайдаланудың қатысы бар ма?

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© vedamost.info © vedamost.info

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде 18 миллионға жуық адам жүрек ауруларының салдарынан көз жұмады. Ал Қазақстан халқы жүрек-қан тамырлары ауруларынан қаза болатындардың саны жағынан ТМД бойынша көш басындағы елдердің қатарында тұр.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде 18 миллионға жуық адам жүрек ауруларының салдарынан көз жұмады. Ал Қазақстан халқы жүрек-қан тамырлары ауруларынан қаза болатындардың саны жағынан ТМД бойынша көш басындағы елдердің қатарында тұр.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып отыр, еліміздегі көрсеткіштер де көңілге қонымды болмай тұр. Сонымен қатар, жүрек ауруларына шалдыққандар бұрынғыдай ересектер ғана емес, қазір жаңа туған сәбилерден де табылып жатыр, демек, бұл аурулар да жасарып келеді.

Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі әлемді жайлаған жүрек ауруларының негізгі себептері мен Қазақстанда жүрегі ауыратындардың неліктен көп екенін білуге тырысты.

Қазақстанда етті көп пайдалану мен жүрек ауруларына шалдыққандардың көбеюі арасында байланыс бар ма?

Алматы қалалық кардиология орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты кардиохирург-дәрігер, РМҒА қауымдастырылған профессоры, Еуропалық кардиоторакалды хирургтер ассоциациясының мүшесі Алмат Қодасбаевтың айтуынша, Қазақстанда етті көп пайдалану мен жүрек ауруларына шалдыққандардың көбеюі арасында тікелей байланыс жоқ.

"Қазақстанда жүрек ауруына шалдыққандардың көбеюі тамақтану дәстүрімізге, яғни, атам заманнан етті көп пайдалануымызға тікелей байланысты деп айта алмаймын. Тамақтану рационында етті көп пайдаланатын елдерде жүрегі ауыратында көп болады деп айтылып жатады. Ал кейбір дамыған мемлекеттерде, Еуропада етті бізден де көп жейтін елдер бар екен. Олар еттің әр түрін жейді, мысалы, стейк – етті күйдіріп жеу немесе кәуап түрінде етті жиі пайдаланып келген елдер бар. Ал бізде етті көбінесе қайнатылған түрінде немесе қуырдақ түрінде қолданылады. Сондықтан, ет жеуге байланысты жүрегі ауыратындар бізде көп, басқа елдерде аз деп айтуға болмайды", - дейді ол.

Маманның айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына жалғыз тамақ себеп болмайды. Оған адамның күнделікті жүріс-тұрысы, өмір сүру салты қатысты.

"Тіпті, тамақтану режимдері қалыптасқан, экономикасы дамыған елдердің өзінде жүрек аурулары жасарған. Оған кейінгі кездері жиі кездесетін кеңселік жұмыстар, экологиялық өзгерістер, дене қимылының аздығы себепші болып отыр. Мынадай ғылыми деректер бар, Жапонияда теңіз өнімдері көп қолданылады. Сондықтан оларда адамдардың өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 85 жас. Алайда бұл елде де жалпы өлімнің негізгі себептерінің бірі осы жүрек-қан тамырларының аурулары. Скандинавия елдерін айтар болсақ, мұхиттың ортасында отырып, күнделікті балық немесе теңіз өнімдерін жесе де жапондар сияқты ұзақ өмір сүрмейді. Яғни, адам денсаулығының сапалы болуы ішіп-жейтін тамағына ғана тәуелді емес", - дейді Қодасбаев мырза.

Дегенмен, оның айтуынша, тұзды, майды, әсіресе жануарлардың ішінен алынған майды пайдалану, қуырылған тамақтарға әуес болу немесе майлылығы жоғары сорпаны, қантты және қант қосылған тамақтарды көп пайдаланудың пайдасынан гөрі зияны өте жоғары. Олардың орнына сорпа, сұйық күйінде, тез қортылатын, жеңіл тамақтарды, өсімдіктерді, жеміс-жидектерді пайдалануды әдетке айналдыру керек.

Елімізде жүрегі ауыратындардың көп бөлігі ерлер ме, әйелдер ме?

Қодасбаев мырзаның айтуына қарағанда, жүрек ауруларына әйелдерге қарағанда ер адамдар жиі ұшырайды.

"Табиғи жаратылыс бойынша, әйелдер мен ерлердің өзіндік ерекшеліктері болады. Ал жүрек аурулары көбінесе ер адамдарда кездеседі. Себебі ерлердің арасында денсаулыққа немқұрайлы қарау жағдайлары көп болады және олар тамақтануға байланысты көптеген тәртіпті орындай бермейді. Сонымен қатар, ерлер шылым шегу, ішімдік ішу және еттен жасалған тағамдарды жеуге әуес келеді, аз қозғалады, сондықтан жүрек аурулары ерлерде жиі кездеседі. Ал әйелдерде репродуктивті ерекшелік бар, яғни оларда бала көтеру мүмкіншілігі бар. Ол кезеңде адам денесіндегі гормоналдық өзгерістерге байланысты қан-тамырларында болатын майлы немесе атеросклерозды өзгерістер әйелдерде ерлерге қарағанда аз кездеседі. Десек те, өз тәжірибемде бала емізіп жүрген әйелдің жүрек-қан тамырлары май шоғырымен бітеліп, инфаркт болғанын кездестірдім", - дейді ол.

"Бірақ, жалпы, әйелдер арасында ерлерге қарағанда жүрек ауруларына шалдыққандар аз кездеседі. Әйелдердің жасы 55-60-тан асқанда жүрек ауруына шалдығу қаупі жоғарылайды. Себебі бұл кезде гормоналдық өзгеріс басқаша өрбиді, сондықтан бұл кезде жүрегі ауыратындар жиілей түседі. Сонымен қатар, 60 жастан асқан соң әйелдер арасында жүрек-қан тамырларының май шоғырымен бітелуінен басқа артериялық қан қысымының жоғары болуы да жиі кездеседі", - деді Қодасбаев.

Жүрек ауруларына шалдықпау үшін не істеу керек?

"Қазақтар "ауру астан" немесе "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде", дейді. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды және ата-бабаларымыз сол кезден-ақ баршамызды сол салтты ұстануға шақырған. Салауатты өмір салты дегеніміз не? Денені жиі қимылдату. Денесін жиі қимылдататындарда жүрек-қан тамыр аурулары сирек кездеседі. Зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Темекі шегіп, ішімдік ішпеу қажет. Темекі арқылы түсетін никотин қан тамырларындағы май шоғырларының жиылып, қан тамырлары қабырғаларының тарылуына алып келеді. Темекі мен никотин - бірден бір зиянды заттар", - дейді Қодасбаев.

Сонымен қатар, майлы және қуырылған тағамдарды көп пайдалануға болмайды. Өсімдіктерден жасалған тамақты жиі пайдалануға дағдылану керек.

"Жүрек ауруларының алдын алу үшін тағы бір жайтты айта кету керек, Қазақстанда скринигтік тексеруден өткізу бағдарламасы бар. Скринингтік тексеру дегеніміз, жасы 45-50-ден асқан кез келген азамат емханаға барып алдын ала тексеруден өтеді. Тексеру жолдарыс өте қарапайым және сол қарапайым тексеру кезінде қан қысымыңыздың жоғары болу қаупі төніп тұрса немесе қанның құрамындағы қанттың мөлшері жоғары болса, көз, жүрек ауруларының қауіпті топтарының бар екені анықталатын болса, ары қарай күрделі тексерулер жасалып, жүректі инфарктқа дейін жеткізбей, алдын ала емдеу тәсілдері жүргізіледі", - деді ол.

Маманның сөзіне қарағанда, бұл бағдарлама аурулардың алдын алуға толық мүмкіншілік жасап отыр.

"Қазақстандықтардың көпшілігі ол жөнінде білмейді, білсе де, жылына бір рет тексеруден өтуге бармайды. Ауруды асқындырып, жанына батқанда барып емдету күрделі болады, әрі қымбат болады және ұзаққа созылады. Соған жеткізбей, алдын ала емдеу өте оңай. Медициналық сақтандыруға көшудің де мақсаты – сол", - деді Алмат Қодасбаев.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.35   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети