Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
17 апреля 2020 16:39

"Коронавирустан көз жұмған адамның соңғы видеосы". Желіде қандай жалған ақпарат тарап жатыр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат азаймай тұр. Бүгінге дейін әкім мен полицей вирус жұқтырды, "COVID-19-дан қайтыс болған адамның соңғы видеосы" деген секілді хабарламалар тараған. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қатысты жалған ақпараттар туралы баяндайды.


Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат азаймай тұр. Бүгінге дейін әкім мен полицей вирус жұқтырды, "COVID-19-дан қайтыс болған адамның соңғы видеосы" деген секілді хабарламалар тараған. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қатысты жалған ақпараттар туралы баяндайды.

"Коронавирустан қайтыс болған адамның соңғы видеосы" - фейк

Қазақстандықтар мессенджерлерде Нұр-Сұлтан тұрғыны Тоқберген Әбиевтің видеосын таратып жатыр. Роликте ер адам денсаулығы туралы айтады.

"Коронавирусқа тексерілу үшін сынама өткіздік. Нәтижесінің қашан шығатыны және вирус табылса, қалай емдейтіні белгісіз. Бізді не күтетінінен шок жағдайда отырмын", - дейді ол видеода.

WhatsApp мессенджерінде осы видеомен бірге бір жазба тараған: "Бүгін Астанада қайтыс болған ер адамның видеосы. Кеше ғана түсірген".

Көп ұзамай Нұр-Сұлтан әкімдігі видеодағы ер адамның қайтыс болмағанын мәлімдеді.

"Желіде Тоқберген Әбиевтің жағдайы туралы айтып жатқан видеосы тарады. Кейін бұл адам қайтыс болды деген хабарлама болды. Бұл жалған. Ол дәрігерлердің бақылауында стационарда жатыр, қажетті медициналық көмек алып жатыр, жағдайы - ауырлықтың орташа деңгейінде", - деді Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева.

"42 500 теңгені зейнетақы жинағынан ұстап қалады" - фейк

Қазақстандықтар WhatsApp мессенджерінде 42 500 теңгеге қатысты хабарлама таратқан. Аудиожазбада бұл ақшаны зейнетақы жинағынан ұстап қалатыны айтылған.

"Әлі өтініш жібермегендер бар болса, біліп жүріңіздер, 42 500 теңгені сіздердің зейнетақы жинақтарыңыздан ұстап қалады. Яғни, өз зейнетақымызға беріп жатқан ақшаны алады да, картамызға жібереді. Әкем БЖЗҚ-дағы барлық ақшасын аударды. Қазір ондағы ақша 42 500 теңгеге азайғаны туралы хабарлама келді. Өкінішке қарай, ол ақша картаға әлі келмеді", - дейді аудио авторы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі бұл хабарламаның фейк екенін мәлімдеді.

"42 500 теңге жәрдемақы зейнетақы жинағынан алынады деп мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтарды фейктерге назар аудармай, ресми деректтерге ғана сенуге шақырамыз", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононец.

"Павлодарға қонған ұшақтағы 17 адамнан вирус табылды" - фейк

10 сәуірде WhatsApp-та коронавирус жұқтыру дерегі бойынша тағы бір ақпарат тарады. Бұл жолғы аудиохабарламада Павлодарда қонған ұшақ туралы айтылады.

"... 4 сәуірде Түркиядан келген ұшақ туралы, онда вирус жұқтырғандар жоқ деген. Бірақ онда 17 адамнан вирус табылыпты. Бүгін қалаға келгендер дереу қайтсын деп жатыр. Ақсудан, Екібастұз - Ленинский - Павлодар жолы жабылып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады. Енді бұл бағыттар толық жабылады", - делінген хабарламада.

Қалалық полиция департаменті бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта Полиция департаменті әлеуметтік желілерде тарап жатқан аудиохабарламаның авторын табуға бағытталған іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Полиция департаменті тұрғындарды шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттарды таратпауға шақырады", - деді полициядағылар.

"Әкім коронавирус жұқтырды" - фейк

Сәуірдің басында Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданының әкімінен коронавирус табылды деген хабарлама тараған. Бұқар-Жырау ауданының 40 жастағы тұрғыны осы жалған ақпаратты таратқаны үшін күдікке ілінді.

Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел адам Бұқар-Жырау ауданының әкімі коронавирус жұқтырды деген ақпаратты аудиоға жазып, таратып жіберген.

Полиция қызметкерлерінің қолына түскен хабарлама авторы кінәсін мойындап, тұрғындардан кешірім сұраған.

"Желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды", - деп мәлімдеді Қарағанды облысының ПД өкілдері.

"Блокбекеттен коронавирус жұқтырған адам өткен" - фейк

Ақтөбе облысында ер адам Темір ауданында блокбекет арқылы коронавирус инфекциясын жұқтырған адам өткені туралы ақпарат таратқан.

Полицейлер бұл ақпараттың жалған екенін айтады. Бүгінде жалған хабарлама таратқан ер адам ұсталды.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және төтенше жағдай режимін бұзбауға шақырады. Ер адамның 10 тәулікке қамауға алынғаны айтылады.

"Полицей мен дәріхана қызметкерлерінен вирус табылды" - фейк

Алматы облысының тұрғындары арасында коронавирусқа байланысты тағы бір ақпарат тараған. Бұл жолы жазбада полиция мен дәріхананың екі қызметкері коронавирус жұқтырғаны айтылады.

"Бүгін Грэсте үш науқас табылды деген ақпарат келді, оның бірі полицей, екеуі дәріхана қызметкері! Сондықтан Грэм те жабылуы мүмкін. Ертеңгісін белгілі болады", - делінген хабарламада.

Алматы облысының прокуратурасының мәліметінше, жалған ақпаратты Іле ауданының төрт тұрғыны таратқан.

"Жалған ақпарат таратқандар бірден табылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Олар тұрғындардан ресми түрде кешірім сұрады. Тұрғындарды шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауға және арандатуларға сенбеуге шақырамыз", - делінген хабарламада.

"Талдықорғанда 12 адамнан коронавирус анықталды" - фейк

Таяуда Алматыда облысында коронавирус жұқтыру бойынша тағы бір жалған ақпарат тарады. Аудиожазба Талдықорғанда 12 адамнан вирус табылғаны айтылады.

"Мынадай ақпарат келді... Кейін бұл туралы айтатын шығар…Талдықорғанда 12 адамнан коронавирус анықталыпты… Ақпаратты маған сол қарамақта жүрген адам айтты...", – делінген Желіде тараған аудиожазбада.

Көп ұзамай полицейлер аудио авторын ұстаған. Ер адамның Талдықорған қаласының 1986 жылғы тұрғыны екені анықталды.

"Ұсталған ер адам өзінің арам ниетін мойындап, 13 сәуірде жазбаны масаң күйде жазғанын айтты. Қазіргі уақытта ұсталған ер адам істеген әрекетіне өкініп, барлық азаматты оның қатесін қайталамауға шақырды", - деді полицейлер.

"Арты өлімге әкеп соғатын екпе егеді" - коронавирус туралы жалған ақпараттар

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети