Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
18 мая 2019 11:51

Өлеңін Франция президенті оқыған ақын - Олжас Сүлейменов

ПОДЕЛИТЬСЯ

Олжас Сүлейменов © olzhassuleimenov.com Олжас Сүлейменов © olzhassuleimenov.com

Бүгін ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің туған күні. Семейдегі полигонды жабуға үлкен үлес қосқан қайраткер 83 жасқа толды. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.


Бүгін ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің туған күні. Семейдегі полигонды жабуға үлкен үлес қосқан қайраткер 83 жасқа толды. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.

Әкесі оны төрт күн ғана көрген

Болашақ ақын 1936 жылы Алматыда әскери қызметкердің отбасында дүниеге келген. Есімі Абылай хан әскерінің қолбасшысы болған арғы атасы Олжабай батырдың құрметіне қойылған. Бірақ батырдың ұрпағы әке тәрбиесін көре алмады. Оның бала кезінде әкесі репрессияға ұшырап, түрмеге қамалған. Ресейлік тарихшы Лев Гумилевтің айтуынша, ол Омар Сүлейменовпен түрмеде бірге отырған. Көп ұзамай Олжас Сүлейменовтің әкесі өлім жазасына кесілді. Ақынның айтуынша, ол дүниеге келген соң әкесін төрт күн ғана көрген. Сондықтан, ол әжесі мен атасының тәрбиесін алған.

Қаламгер Алматыда Мәншүк Мәметова атындағы № 28 орта мектепте тәлім алып, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түсті. Мамандығы - мұнай және газ орындарындағы геолог-барлаушы. Дегенмен әдебиетке жақын Сүлейменов бұл мамандығын шетке ысырып, шығармашылық жолды таңдайды.


Олжас Сүлейменов жас шағында. ©e-history.kz

19 жасында әдебиетке қызыға бастаған ол геолог-барлаушы дипломын алған соң бірден Мәскеуге аттанып, А. М. Горький атындағы Әдебиет институтына түседі. Бірақ 1961 жылы төбелеске қатысқаны үшін оқудан шығарылған.

Өлеңін ұшақпен қала үстінен шашқан

Бірақ оның оқудан шығарылуы Олжас Сүлейменовтің болашағын айқындеп берді деуге болады. Әдебиет институтынан шығып қалған соң ол Алматыға оралып, "Казахстанская правда" газетінде жұмыс істей бастайды. Бұл 1961 жылдың көктемі болатын. 11 сәуірде Юрий Гагарин ғарышқа ұшады дегенді естіген соң газеттің редакторы Сүлейменовтен соған қатысты өлең шығаруын сұрайды. Сөйтіп, 12 сәуірде Сүлейменов шығарған өлең газет бетіне шығып, оны ұшақ арқылы көктен Алматыда және Қазақстанның басқа қалаларына шашылады. Бұған шабыттанған жас ақын "Адамға табын жер енді!" ("Земля, поклонись человеку!") атты поэмасын жазып шыққан.

"Менің поэмамды орталық телевизия мен радиолардан оқып, газеттер басып шығарды. Апта сайын түрлі қалалар шақыртты: зауыттарда, фабрикаларда, студенттік аудиторияларда оқып бердім. Менің табысым сондай болды", - деп еске алады ол.


©Azh.kz

Сөйтіп, 25 жастағы ақын кеңес делегациясымен бірге Еуропа мен АҚШ-қа барады. Поэмасын Париж бен Нью-Йоркте оқып береді. Юрий Гагарин қайтыс болған жердегі іргетаста "Земля, поклонись человеку!" деп жазылған. Осы поэмасының танымалдығын көріп Сүлейменовті Әдебиет институтының директоры оқуға қайта шақырған.

Кейін оның "Арғымақтар", "Солнечные ночи", "Ночь-парижанка", "Доброе время восхода", "Год обезьяны" секілді кітаптары жарық көрді.

Олжас Сүлейменовтің өлеңдері ағылшын, француз, неміс, испан, чех, түрік секілді көптеген тілге аударылған. Оның өлеңдері Францияда аса танымал. Бұл жақта оның бірнеше жыр жинағы шықты. Ал оның "Дикое поле" атты өлеңін Франция президенті болған Жак Ширак Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде оқып берген болатын.

Олжас Сүлейменовтің туындылары ішінде "Аз и Я" кітабы ерекше. 1975 жылы жарық көрген кітап Мәскеуде үлкен дау туғызды. Тіпті, соның салдарынан сегіз жыл бойы Ресейде өз кітаптарын шығара алмай қалған болатын. "Аз и Я" кітабында ол әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерін жариялады. Ол "Игорь полкы туралы сөз" кітабының аудармасы патриоттық сезімге байланысты бұрмаланған деген пікір білдіріп, өз нұсқасын ұсынған болатын. Бұл кітапқа сыншылар, тарихшылар мен түркітанушылар қарсы шықты. Оны ұлтшыл және түрікшіл деп айыптады. Тек Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен ғана Сүлейменов үлкен мәселелерге ұрынған жоқ.

"Кеңестік тарихи ғылымда қыпшақ және татар-моңғол шапқыншылығы кезінде орыс тіліне "аркан" немесе "кумыс" секілді бірнеше сөз ғана енді деп саналады. Ал мен қашан да орыс тілінде деп саналған, бірақ көзге көрінбеген түркизм туралы айттым. Академиктерді шошытқан осы", - дейді Сүлейменов өз кітабы жайлы.

Атом полигонын жаптырған қозғалыс

Ал 1980-жылдардың соңында жазушы саясатқа ауысады. Мақсаты - Қазақстанда атом сынақтарына тыйым салу. 1989 жылы КСРО халық депутатының кандидаты ретінде оның алғашқы бағдарламасы осындай болды. Семейдегі атом сынақтарын тоқтату үшін өткен митингте ол "Невада - Семей" антиядролық қозғалысын құрғанын хабарлады.


© olzhassuleimenov.com

Сол жылы тамызда Семейде өткен шеру кезінде Сүлейменов былай деп айтқан болатын:

"Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құрған себебіміз - Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтату. Біз өз жерімізде қауіпсіздік пен тыныштық үшін күресуге құқығымыз бар. Бүгін біз ядролық сынақ полигонының маңына қазақтың Қарауыл кентіне жиналдық. Бұл жер Батыс пен Шығысты түйістіреді. Ядросыз қаруға күресетіндердің халықаралық ынтымақтастық күні біз сіздерден жер бетінде қауіпсіздік орнату үшін өзара мораторий орнатуларыңызды сұраймыз. Бұл күндері адамзат жер бетінен қырылып қалмауы үшін бұл мәселе шешілуі тиіс".

Осы қозғалыстың арқасында Семей полигонында ядролық қарудың сынауы бірнеше есеге қысқарған. Соңғы сынақ 1989 жылы 19 қазанда болған. Екі жылдан соң Семейдегі атом полигоны толық жабылды. Осылайша, Сүлейменов бастаған қозғалыс Қазақстан тұрғындары мен экологиясын қорғап қалды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Олжас Сүлейменовке президент сайлауына түсуді ұсынған. Алайда жазушы одан бас тартты.

Бірақ ол саясаттан алыстап кетпеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша ол Италия, Грекия мен Мальтада Қазақстан елшісі болып қызмет атқарды. Жалпы, Тұңғыш Президент Олжас Сүлейменовтің "Невада-Семей" қозғалысына баға беріп, оның Қазақстанға қосқан үлесі жайлы былай деген еді:

"Ғалымдар, жазушылар, қызметкерлер және түрлі жастағы басқа да адамдардың басын қосқан қозғалыс Семей ядролық полигонын жабу мен әлемдегі басқа да сынақ полигондарының жұмысын тоқтату жолында үлкен үлесін тигізді. Антиядролық қозғалыста Олжас Сүлеменовтің қосқан үлесі зор".

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети