Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
18 августа 2020 18:14

Пандемия кезінде жұмыссыздар саны 8 есе артқан. Күннің басты жаңалықтары

ПОДЕЛИТЬСЯ

Соңғы бір аптада Қазақстанда 146 адам коронавирустан қайтыс болған. Елде 103 мыңнан аса адамнан COVID-19 табылған. Пандемия кезінде елімізде жұмыссыздар саны 8 есеге артқан. Tengrinews.kz тілшісі 18 тамыздағы басты жаңалықтарға шолу жасайды.


Соңғы бір аптада Қазақстанда 146 адам коронавирустан қайтыс болған. Елде 103 мыңнан аса адамнан COVID-19 табылған. Пандемия кезінде елімізде жұмыссыздар саны 8 есеге артқан. Tengrinews.kz тілшісі 18 тамыздағы басты жаңалықтарға шолу жасайды.

Коронавирустан әлі 20 мыңнан аса адам емделіп жатыр

Өткен тәулікте Қазақстанда тағы 267 адам коронавирус жұқтырған. Оның 123-інде аурудың клиникалық белгілері жоқ.

Аймақтар бойынша (жалпы/симптомсыз):

Нұр-Сұлтан қаласы - 35 / 1
Алматы қаласы - 39 / 19
Шымкент қаласы - 2 / 1
Ақмола облысы - 13 / 7
Ақтөбе облысы - 3 / 2
Алматы облысы - 5 / 4
Атырау облысы - 14 / 13
Шығыс Қазақстан облысы - 30 / 11
Жамбыл облысы - 10 / 4
Батыс Қазақстан облысы - 22 / 13
Қарағанды облысы - 32 / 23
Қостанай облысы - 16 / 7
Қызылорда облысы - 1 / 0
Маңғыстау облысы - 7 / 6
Павлодар облысы - 7 / 3
Солтүстік Қазақстан облысы - 24 / 4
Түркістан облысы - 7 / 5

Осылайша, елде COVID-19 жұқтырғандар саны 103 300-ге жетті. 82 777 адам аурудан жазылған. Соңғы бір аптада 146 адам қайтыс болған. Елде коронавирустан көз жұмғандар саны 1415-ке жетті. 

Ал 1 тамыздан бері есептелетін пневмония 18 606 адамнан анықталған. Оның 218-і қайтыс болған. 


Фото ©РИА Новости

Қанша адам 42500 не 21250 теңге алды?

Бүгінге дейін қанша қазақстандық карантин кезінде табысын жоғалтқаны үшін біржолғы төлем алғаны белгілі болды. 

Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгіне дейін 2,3 миллионнан аса қазақстандық 42500 не 21250 теңге көлемінде төмен алған. 

"18 тамыз сағат 09.00-дегі жағдай бойынша ағымдағы жылғы шілдеде шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 миллион 570 мыңнан аса бірегей өтініш қабылданды, төлем мөлшері ең төменгі жалақыға - 42 500 теңгеге тең.

Төлемді 2 миллион 353,8 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 миллион 343,7 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 0,5 ЕТЖ - 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Жұмыссыздар саны еселеп артқан

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, елімізде пандемия кезінде жұмыссыздар саны 8,5 есе өскен. 

"Электронды еңбек биржасы белсенді түрде пайдаланып жатыр. Мысалы, бос орындар саны 8,5 есеге артты. 7 ай ішінде 330 мың жұмыссыз жүрген қазақстандық жұмыс тапты. Оның 57 пайызы - тұрақты жұмыс орны. Жұмыс табу үшін олар жұмыспен қамту орталығына келеді", - деді Нұрымбетов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, елімізде жұмыспен қамту органдарына жүгінетін тұрғындар саны артқанын да айтты. 

"Біз орташа есеппен 60 мың адамның жұмыспен қамту органдарына көмек сұрап жүгінетінін көріп отырмыз. Тіркелген жұмыссыздар саны 8 есеге өсті", - деді Нұрымбетов.

Өзендегі қоқыс талқыланып жатыр

Желіде қоқысқа толы өзеннің жағасы түсірілген видео тарап жатыр. Видеоны Алматы облысы Азат ауылының тұрғындары түсірген екен. 

Видеодан қоқысқа толы Талғар өзенінің жағасын көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, мұнда қоқысты жөн-жосықсыз төгу салдарынан осындай үйінді пайда болған.

"Бұл қоқыс Талғардағы саяжайлардың маңында тұр. Біздің ойымызша, әкімдік мұндай жер барын, онда адамдар тұратынын ұмытып кеткен сияқты. Мұнда жол да жоқ. Балалар Талғардағы мектепке жаяу барады. Жанымызда Талғар өзені тұр. Ол қоқыс алаңына айналып кетті. Себебі қоқысты алып кету дұрыс жолға қойылмаған. Мұнда көпір бар. Ол арқылы Кеңдала ауылына баруға болады. Бірақ көпірден өту өте қауіпті. Әсіресе, кешке. Ал қыста бұл жерде жүру мүмкін емес. Біз бұл ақпарат Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне жеткенін қалаймыз", - дейді желідегі видеоның авторы.


Видео кадрларынан 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазақстандықтардың қоқысты жөн-жосықсыз тастау салдарынан қоқыс үйіндісі пайда болып жатқанын атап өтті. Оған мысал, Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылы. Министрлік өкілі бұл учаске бақылауға алынғанын жеткізді.

"Қызыл аймақта" болған дәрігер қайтыс болды

Соңғы бір тәулікте Қазақстанда түрлі саладағы белгілі адамдар қайтыс болды. Анестезиолог-реаниматолог, Талдықорғандағы облыстық аурухананың меңгерушісі, белгілі дәрігер Абай Сахариев коронавирус пневмониясынан қайтыс болды. 

Абай Сахариев эпидемия басталғаннан бері "қызыл аймақта" болған.

"Анестезиолог-реаниматологтардың ауыр жағдайдағы науқастарға медициналық көмек көрсетуіне байланысты оларда вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін бәрі біледі. Сондықтан Абай Мұхамедұлы қайтыс болған жоқ, ол шайқаста қаза тапты. Бұл пневмониямен асқынған коронавирустың ауыр түрі болды. Ол екі айға жуық уақыт Нұр-Сұлтанда жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған күйі жатты", - делінген хабарламада. 


Абай Сахариев. © Әкімдіктің баспасөз қызметі

Сондай-ақ, бүгін Қазақстан Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов қайтыс болғаны хабарланды.

Ұлттық ұлан хабарламасында, Сатовтың неден қайтыс болғаны жазылмаған. Генерал-майор 59 жасында көз жұмған. 


Мұхаметқали Сатов

Сонымен қатар, бүгін футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Разия Нүркенова 52 жастан асқан шағында қайтыс болды. Қазақстан футбол федерациясы бапкердің неден көз жұмғанын хабарламады. 

"Қазақстан футбол федерациясы Разия Нүркенованың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қатты қайғырады. Спорт мамандары мен жанкүйерлердің ортасында Разия Нүркенова еліміздің тәуелсіз тарихындағы Қазақстан құрамасының алғашқы шабуылшысы ретінде кең танымал", - дейді федерация өкілдері.


Разия Нүркенова. © ҚФФ

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети