Биылғы көктемді Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев тұрғындары үреймен күтіп отыр. Омбы қардың құшағында қалған ауыл елдің іргесіндегі бейітті көктемде тұтастай су шайып ата-бабаларының сүйегі Нұра өзеніне ағып кете ме деп қауіптенеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Елордадан таяқ тастам ғана қашықтықтағы алақандай ғана ауылдың іргесінде құм мен қиыршық тас үздіксіз қазылып, толассыз тасып жатқандықтан Нұра өзенінің арнасы бұзылып жыл сайын көктемде бейітті су шайып кетеді. Тұрғындар бейіттің жартысына жуығындағы мазарлардың бұзылып, мәйіттердің сүйегін су түбінен жиғанын, қалғаны өзенге ағып кеткенін айтып зар илеп отыр. Жергілікті жұртшылықтың айтуынша бейітте өткен жылдары сонау 1680 жылдарда қаза болған ата-баба бейіттері ағып кеткен. Қазіргі уақытта 1800 жылдардағы бейіттер мен тоқсаныншы жылдары қаза болған жандардың да зираттар да құлаудың алдында тұр. 12 жылдан бері ауылдың жанындағы өзен жағасынан қайтыс болған адамдардың сүйектерін теріп алып қорықса да қайта жерлеп жүрген тұрғындар өзен арнасын бұруға биліктен еш рұқсат ала алмай отырғанын айтады.
"Сонау үш ғасырдан бері қайтыс болған адамдар жерленген бейіттің қазір жартысына жуығын су шайып, бейіттер құлап адамдардың сүйегі еріген қармен бірге өзенге ағып кетеді. Тапқанымызды жинап құран оқытып қайта көмген боламыз. Біреудің аяғы, біреудің басы шығып жатады. Кімдікі екенін де білмейміз. Бейітте сонау ғасырлар бұрын қайтыс болған адамдардың зираттары құлап, сүйектері Нұра өзеніне ағып кеткен. Тіпті сонау 1680 жылы қойылған бейіт те болған. Су оны да шайып кетті. Қазір 1800 жылдардағы тіпті бертінгі тоқсаныншы жылдардағы зираттар да құлауға таяп қалған. Қазір үлкен бейіттің 10-15 метрі жоқ. Қойылған тастары құлап, су ағызған құммен бірге ағып кеткен. Ал биылғы қар аса қалың. Тіпті бейіт түгелдей суға кете ме деп қорқып отырмыз. Жергілікті аудандық, облыстық әкімдіктерге өзен арнасын бұруға рұқсат беруін сұрап талай мәрте хат жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Карьерлерден тас өндіретін фирмалар өзен арнасын бұрып беруге әзір. Бірақ аудан әкімдігі рұқсат бермейді. Былтыр тіпті 3-4 шаруашылықпен келісіп күзде іске кіріскен. Әкімдік полиция жіберіп жұмыс істетпей, өзен арнасын бұруға рұқсат бермей қойыпты", - дейді Рақымжан Қошқарбаев ауылының тұрғыны Бақыт Қырғызбаева.
Жетпістен асқан зейнеткер сонау 2017 жылдан бері осы мәселені көтеріп бармаған жер баспаған тауы қалмаған. Округ және аудан әкімдерінен бастап, бұрынғы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жеке қабылдауында да болған. "AMANAT" партиясында, экология департаментіне, тіпті осыған дейінгі Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың да қабылдауына кіргенін бірақ барлық мемлекеттік органдар мен құзырлы ведомстволардың құрғақ уәдеден әріге аса алмағанын ашына жеткізді.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.