09 мая 2020 | 14:00

Саттар Каренов бастаған бөлімшенің жауапты учаске үшін күресі

Tengrinews.kz "Жулдыз FM" радиосымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тарихы мен естеліктері жайлы "Жеңімпаздар оқиғалары" подкастын ұсынады. Жобаның ресми серіктесі - "ВКонтакте" əлеуметтік желісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Tengrinews.kz "Жулдыз FM" радиосымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тарихы мен естеліктері жайлы "Жеңімпаздар оқиғалары" подкастын ұсынады. Жобаның ресми серіктесі - "ВКонтакте" əлеуметтік желісі.

Қанат Кареновтың "Кешір інім, кешір" шығармасында әкесі Саттар мен оның ағасы Асқар туралы жазған. Бұл үзіндіде автордың әкесі Саттар Каренов қол астындағы 40 шақты адаммен Зуевка селосын жаудан қорғайды. Шығарманы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актеры Елдар Отарбаев оқиды.

Реклама
Реклама

Аға сержант Саттар Кареновтің взводты басқарғанына төрт айдың жүзі болды. Қырық екінші жылдың маусым айынан бастап, қаза тапқан взвод командирінің қазасынан кейін, ол қолбасшылықты өзіне қабылдаған болатын және немістердің шабуылына тойтарыс беру үшін, жеке құрамын көтеріп, қоян-қолтық ұрысқа сан шыққан-ды. Ұрыстың әрбір сәті оның есінде: түйрелген найзалар, қолдары көгергенге шейін сығымдалып ұсталатын сапер күректер, каскаларды қақ жарған соққылар, сынған сүйектер. Лас етікті немістерге жерімізді таптатпас үшін, өздері жаралы болса да жауынгерлердің соңғы күші қалғанша қалай немістердің етегіне жармасқаны,  кеуделерін кек пен ыза кернеп, тістеніп, жаумен айқасқандары да әлі жадында.   

Бүгін де, ол,  қыркүйектің аптап ыстығында, бұйрыққа сәйкес, өз взводын Зуевка селосына бастады.  Жауынгерлердің  ыстық тамақ татпағандарына бес тәуліктің жүзі болған, шексіз көп көшпелі ұрыстан қалжыраса да, олар командирлерінің соңынан еріп келеді. Тер басқан жүздеріне қонақтаған шаң мен тозаңды  олардың шаршаған түрлерінен  ашу-ыза байқалады.

Рота командирі, капитан Анищенконың айтқан сөзі Саттардың ойынан әлі кетер емес:

-         Каренов, сенде 3 бөлімше, 32 жауынгер бар. Мен саған пулемет бөлімшесін, яғни, тағы да 8 жауынгер беремін. Сонда, сендегі жеке құрамда 40 адам болады. Сондықтан, негізгі күштер келіп жеткенше Зуевка селосының бекінісін ұстап тұруға тиіссің.

-         Ал, егер танкілерін жіберсе ше? Мен оларды пулеметпен соққылаймын ба? Тым құрмаса танкі ататын екі қару берсеңізші. Өзіңіз айтып тұр емессіз бе, бұл учаске тым жауапты деп, - талап қойды ашу кернеген Саттар.

Анищенко оған бастан аяқ сынай, көз жүгіртті. Оның алдында сұңғақ бойлы, жинақы әрі мұнтаздай тап-таза взвод командирі тұрған еді. Каренов офицер болмаса да, ақыл-ойға жетік, батыл да сенімді болатын, ұрыста көзге түскен жауынгер ретінде мұндай атаққа да лайықты еді. Нағыз командир! Анищенко қызбаланған Саттардың аптығын баспақ болып, дауысын көтергісі келіп еді, бірақ, ол, ол райынан жауынгерлік тапсырма жүктелетінін ойлап, тез қайтты:

-         Жарайды, Каренов,  танкі ататын екі қару берермін, - деді.

Теуіп келу үшін  велосипедке ие болған  бала құсап, Саттар қатты қуанып кетті, оның жүзінде күлкі ойнады:

-         Рахмет, жолдас капитан! Енді кез келген қорғанысты ұстауға болады.

Ал, Анишенконың көзінен: "Сен үшін мен ештеңе де аямаймын! Эх, егер де үлкен қаруымыз болса ғой, осындай жауапты учаскелер аз болар еді" деген ойды оқуға болатын еді.

Барлық  майдан бойынша немістің "Орталық" армиясының тобы Смоленск маңынан жаңа бекініс құру және біздің бекіністі  бұзу мақсатында өз күштерін жиып, қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан болатын. Алайда, бұл қайда және қашан  болатынын ешкім де білмеді.

Зуевка селосының сырт жағына шыққан Саттар айналаны жіті қарап шықты, картаға бір қарап алып, өзіне бөлімше командирін шақырды, оған қай жерден жертаса қазу, жеке құрамды қай орынға жайғастыру жөнінде бұйрық берді.

-         Остапенко, кел маған! - деп, енді ғана он сегіз жасқа толған байланысшысын шақырды. Үнемі күлімдеп  тұратын украиндық бұл бозбала сабағын дұрыс, уақтылы орындауға тырысатын ынталы оқушыға көп ұқсайтын, содан да болар Саттардың оны көргенде бауырлық аяушылық сезімі оянатын. Оны қанша жерден құшағына қысқысы келгенмен, солдаттың аты солдат, оған да белгіленген жауапты тапсырма бар, сондықтан ол қатқыл дауыспен бұйрық берді:

-         Остапенко, байланыс үзілмесін!

-         Ұқтым. Құп болады, жолдас командир!

         Түнгі сағат екіде Саттар қарауылдардың күзетін тексерді. Бірінші бөлімшенің командирі сержант Равиловты оятып, оған қарауыл бекеттеріне бақылауды қамтамасыз етуді тапсырып, өзі, шабылған бір құшақ   шөптің үстіне шинелін жамылып, жата кетіп еді, бірден қор ете түсті. Біреудің иығынан жұлқып, сыбырлағанынан оянып кетті:

-         Тұр, Саке, немістер.

Бұл Равилов болатын. Орнынан атып тұрған Саттар гимнастеркасын түзеп:

-         Олар қанша? – деп сұрады.

-         Алты мотоцикл және сонша бронетранспортер.

-         Бәрің ұрысқа дайындалыңдар! Менің бұйрығым бойынша атыңдар, - осы дауыс жертасаларға жаңғырып кетті.

-         Тоқташы, Радик, мен бірдеңеге ұшырайтын болсам, командирлікті өз қолыңа аласың, - деп, Саттар  Равиловты тоқтатты

-         О не дегенің, Саке, бәрі жақсы болады, бірінші рет емес қой, бір жөні болар.

-         Остапенко, мені командир Анищенкомен қосшы, - деп, байланысшыға бұйрық берді де, өзі дүрбіге үңіліп, техникаларды санай бастады.

-         Жолдас командир, байланыс бар!

-         Жолдас капитан, сізге аға сержант Каренов баяндап тұр. Маған алты бронетранспортер мен алты мотоцикл қарсы шықты.

-         Қармаққа түсті ме, -  ішінен айтам деп, Анищенко, өзінің дауыстап жібергенін аңдамай қалды.

-         Не? Түсінбедім, жолдас капитан, - деп, сымның арғы жағынан Саттар түсінбей қайтадан сұрап жатты.

-         Бәрі жақсы, Каренов, - деп, ұрыс жүргізу туралы бұйрық берген Анищенко оған сәттілік тіледі.

Саттар бөлімше командирлерін шақырып алып, былай деді:

-         Бірінші болып танкі ататын қарулар бастасын. Көздеп тұрып, дәл тигізуге тырысу керек, шегінер жолды жабу үшін алдыңғыларды өткізіп жіберіңдер.  Пулемет бөлімшесі бұйрық бойынша дұшпанның тірі күшіне оқ атсын. Ал саған, Равилов, ерекше тапсырма. Өзіңнің бөлімшеңмен мотоциклшілердің жолын бөгеп, олардың көзін гранатамен жоятын бол. Танкі ататын қарудың атысы естілгенде, бастайсың ғой. Барлығың тек бұйрық бойынша қимылдаңдар. 

Саттар Каренов.

Алдағы ұрысты күткен солдаттар тыпырши бастады. Біреулері шешуші сәтте өзі сенетін мылтығын сүртіп-тазаласа, екіншілері оқ-дәрілерін қайта тексеріп жатты, енді біреулері  жаумен айқасуға дайын екенін білдіріп, жандары тағат табар емес.

-         Атыңдар!- деп, бұйырған Саттардың дауысы жауынгерлерді дүр сілкінтті.

Бірінші атылған оқ бронетранспортерге дөп тиді. Екінші соққы жанап өтті. Дүрбімен қарап тұрған Саттар лақтырылған гранаталардан үш мотоциклдің жарылғанын көрді, сол сәтте Равиловтің бөлімшесі қалғандарына оқ жаудырды. Қайта оқталған танкі ататын қарудан бірнеше мәрте оқ атылды. Тағы да екі рет дөп тиді. Немістердің бронетранспортерден ытқып шыға бастағанын көрген пулемет бөлімшесі мен взводтағы солдаттардың бәрі жауға ес жиғызбай, оқтың астына алды. Ұрыс жарты сағатқа жуық уақытқа созылды.

Алты бронетранспортердің бесеуі орнында қозғалыссыз тұрып қалды, үшеуі жанып жатты, мотоциклдердің барлығы да жойылды.

-         Бөлімше командирлері мен взвод командирлері! - деген дауыс тізбек бойынша жарыса кетті.

-         Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас командир! - деді, бірінші болып бастаған Равилов

-         Баяндаңыз, - деді Саттар, терең тыныстап

-         Берілген тапсырма орындалды. Жеке құрам арасында шығын жоқ. Екі адам жараланды.

-         Баяндап тұрған екінші бөлімшенің командирі кіші сержант Гнедых. Менен біреуі қаза тапты.

-         Баяндап тұрған үшінші бөлімшенің командирі кіші сержант Ухватов. Менен біреуі жаралы.

-         Остапенко, мені Анищенкомен қосшы - деп, Саттар командирге жағдайды баяндады.

-         Бұл барлау ротасы сияқты, - деді, Анищенко өзінің ойын білдіріп, - дайындала бер, көп кешікпей олар енді сені жайпауға келеді.

-         Түсіндім, жолдас капитан, - деді Саттар салқын ғана. Ол бұл әңгіменің соңғысы екенін білмеді. Бұдан кейін ол, өзі өлсе де, ешқашан шегінбейтін, шепті қорғайтын командирін көрмеген еді.

Көп ұзамай Анищенконың айтқаны дәл келіп, жаппай артиллериялық атқылау басталды. Әрбір жарылыстан жер дірілдеді. Ол екі бөлікке қарс айырылып, құрдымға кететіндей көрінді. Артиллериялық атқылаудың қаншаға созылатынын ешкім де білмеді. Ойраны шыққан осы жерде тірі қалғандарын: шынымен де бұл ессіздіктің басылғаны ма деген бір-ақ ой мазалады. Топырақ басқан жертасадан түрегелген Саттар екі қолымен шуыл мен ауырғаннан жарылғалы тұрған басын ұстады. Құлағынан аққан қан саусақтарының арасымен жылжып ағып,  гимнастеркасына сіңіп жатты. Ол тірі қалғандарды іздеп, жан-жағына көз салғаны сол еді, жертасадан ебедейсіз қалыпта жатқан жауынгерді көрді, сірә, жаудың алқымынан алу үшін соңғы ұрысқа көтеріліп, үлгермеген де болуы керек. Көбісі жарылған снарядтардың жарықшақтарынан қаза болған екен.

Олардың ашық қалған көздерінде оттың өткір ұшқыны мәңгіге қалған еді. Бұл өмірге деген құштарлық, туған-туыстары мен Отанына деген сүйіспеншілік және дұшпанға деген қатыгез өшпенділік болатын. Саттар қаза тапқан жауынгер серіктерінің әрқайсын бауырына қысып, олардың ерліктері алдында тізесін бүккісі келді!

Ұрыс жалғасып жатты.

-         Саке! Саке! Сізге не болды? - деді, ентіге жеткен Равилов.

-         Тірі қалғандар қанша? - деп сұрады, Саттар жүрелей отыра кетіп.

-         Бізбен 19 адам. Гнедых жаралы. Ухватов қаза тапты, - деп айқайлай дауыс қатты Равилов.

-         Ұрысқа дайындалыңдар! Қазір олар шабуылға шығады, - деді Саттар, бар күшін жұдырығына жинап.

Алда жанып жатқан бронетранспортерлердің түтіні арасынан, саны жағынан олардан біршама басым жаудың қарасы көрінді. "Бәлкім, бұл біздің соңғы айқасымыз болатын шығар, - деп ойлаған Саттар, бір гранатаны қалтасына салды да, - тірідей берілмеймін" деді. Бірақ, оның бұл күмәнді ойы орындалмады. Бұл кезде біздің авиацияның әуеден бомбалаған соққылары фашистердің резервтік артиллериясын жойып жіберген еді.

Жертасадан атып шыққан ол, тіп-тік тұрып бұйрық берді:

-         Взвод, Отан үшін! Сталин үшін! Алға! – деп, жауға қарсы ұмтылды.

Тірі қалғандары: Ура! Отан үшін! Сталин үшін! – деп айғайлап, командирінің соңынан ере жөнелді.  

Tengrinews.kz "Жеңімпаздар" (Победители) жобасының аясында ҰОС-на қатысқандар жайлы мəлімет жинайтынын еске салады. Біз əрбір Қазақстан азаматын Ұлы Отан Соғысы жəне еңбек тылында болған қазақстандық ардагерлер жайлы құнды естеліктер мұрағатын толтыруға ат салысуға шақырамыз.

Ол үшін сайтта ардагер жайлы сауалнама толтыруыңыз қажет: Аты-жөні, туған жылы, соғыста немесе тылда болған жылдары туралы қысқаша мəлімет, сонымен қатар, суретін енгізуіңіз керек. Естеліктер мына +7-700-905-1945 WhatsApp нөмірі арқылы да қабылданады.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная