11 августа 2021 | 16:45

Студенттер жаңа оқу жылы туралы не білуі тиіс?

Камила Долаева Корреспондент
© Тұрар Қазанғапов

Қазақстанның мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындары 1 қыркүйектен бастап қандай форматта оқитыны белгілі болды. Биылғы оқу жылында студенттер қалай білім алатыны туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстанның мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындары 1 қыркүйектен бастап қандай форматта оқитыны белгілі болды. Биылғы оқу жылында студенттер қалай білім алатыны туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында. 

Жаңа оқу жылында университет, колледжерде оқу қандай форматта болады?

2021-2022 жылғы оқу жылында студенттер офлайн, яғни дәстүрлі форматта оқиды. 

"Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс", - деді бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Премьер-министр 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды 100 пайыз вакциналауды тапсырды. 

©REUTERS

Студенттер вакцина салдыруға міндетті ме? Ал екпе алмаған студенттер қалай оқиды?

Білім және ғылым минстрі Асхат Аймағамбетов университеттер мен колледжерде вакцина алмаған студенттер қалай оқитынын түсіндірді.

"Вакцинаға қарсы көрсетілімі бар студенттердің жөні бөлек. Ал басқалары жатақхана, кітапханаларға Ashyq жүйесі арқылы кіргізіледі. Маска тағу режимі мен басқа да санитарлық талаптар қатаң сақталады. Олар да дәстүрлі форматта оқиды", - деді министр Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Дегенмен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін үкімет отырысында 18 жастан бастап студенттерді 100 пайыз вакциналау керегін айтты.

"Жоғары оқу орындары мен колледждердің дәстүрлі оқыту форматына көшуі кезінде педагогтер мен қызметкерлерді, жатақханалар мен асхана персоналын, 18 жастан бастап студенттерді 100 пайыз вакцинамен қамтамасыз ету қажет.

Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу үшін оқу корпустарына, кітапханаларға, жатақханаларға кірерде Ashyq қосымшасы қолданылады", - деді Цой.

Айта кетейік, 1 шілдедегі БҒМ мәліметі бойынша, Қазақстанда ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің 40 пайызға жуығы, сондай-ақ білім алушылардың 20 пайыздан астамы вакцина салдырған.

Сонымен қатар, бүгін үкімет отырысында жалпы вакциналауға жататын педагогтердің (мектеп мұғалімдерін қосқанда) 93,1 пайызы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4 пайызы вакцина алғаны хабарланды.

Реклама
Реклама
Аралас оқу форматы қандай жағдайда енгізіледі? 

Білім министрінің сөзінше, әр оқу орны өзінің академиялық саясаты мен жағдайға қарай аралас оқу форматын қолдана алады. 

"Оқу орындарында 200 студентке дейін дәріс өткізілуі мүмкін екені белгілі. Мұндай дәрістерді ЖОО-лардың өзі аралас оқу форматына ауыстыра алады. Немесе лабараториялық я тәжірибелік сабақтарды көбейтуі мүмкін. Не 200-300 студент отыратын дәрістерді онлайнға көшіреді. Бірақ әр университет академиялық саясаты мен жағдайға қарай өзі шешім шығарады", - деді Асхат Аймағамбетов тікелей эфирде Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. 


© abctv.kz

Қазақстандық университеттер вакцина салдырған студенттерге қандай жеңілдік жасайды? 

Қазақстандық жоғары оқу орындары студенттер арасында вакцинацияны қолдау акциясын бастап кетті. 

Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, COVID–19-ға қарсы екпе алған студенттер жоғары оқу орындарының мүмкіндіктеріне байланысты оқуға, жатақханаларда тұруға жеңілдіктер алып, түрлі сыйлықтарға ие болады.

"Осылайша, жоғары оқу орындары халықтың денсаулығын қорғау үшін вакциналау қарқынын күшейту жөніндегі жұмысты қолдайды. Тек студенттер ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарының екпе салдырған оқытушылары да материалдық ынталандыруға ие болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, М.Өтемісов атындағы БҚУ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті вакцинациялауды қолдау бойынша акцияларды бастап кетті. Бірқатар жоғары оқу орнының студенттері үшін оқуға, жатақханаларда тұруға жеңілдіктер, сауықтыру шипажайларына тегін жолдамалар, тегін тамақтану және қоғамдық көлікті пайдалану талондары қарастырылған", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындары вакцина алған студенттер үшін шет тілдері, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын тегін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, екпе салдырған кейбір университеттердің студенттері фитнес залдарына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және концерттерге тегін бара алады.

Вакцина салдырған оқытушыларға қандай жеңілдік қарастырылған? 

Жоғары оқу орындарының оқытушылары да назардан тыс қалмады. Екпе жасатқан оқытушылар қосымша ақы немесе ақылы демалыс алады.

"Жоғары оқу орындарын коронавирустың елде таралуы алаңдатып отыр. Вакцинация мәселелері мен оның шешілу жолдарын жоғары оқу орындарының өздері қабылдайды. Министрдің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттер мен оқытушыларды вакцинациялауға шақырып, ынталандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл акция біздің азаматтардың санасын оятуға көмектеседі деп сенеміз. Біз бірлесе отырып, қауіпті вирусты жеңе аламыз және карантин мүмкіндігінше тез аяқталады деп үміттенеміз. Басқа жоғары оқу орындарын да вакцинацияны қолдау үшін ынталандыру шараларын ұйымдастыруға шақырамыз. Себебі, бұл коронавирустың тарауын тоқтатудың жалғыз жолы", - деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Оқу кезінде қандай сақтық шаралары болады?

Ведомство мәліметінше, жоғары оқу орындары жаңа оқу жылына дайындық бойынша толық режимде, барлық ЖОО инфрақұрылым дайындығын тексеру, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді жасақтау бойынша бірінші дәрежелі шаралар кешенін аяқтаған.

"Студенттерге айыппұл санкцияларын қолдану қазақстандық заңнамаға сәйкес алып тасталды. Оқу процесі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың толық сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, сабақ өткізу кезіндегі әлеуметтік арақашықтықты ескеріп ұйымдастырылады", - делінген БҒМ хабарламасында.

Барлық білім беру ұйымына педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар Ashyq жүйесі арқылы кіреді.   


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная