ШҚО-да белгісіз аң бір үйдің 15 қойын қырып кетті. Жыртқыш Самар ауданына қарасты Көкжота ауылындағы тұрғынның қорасына түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Әкімдіктің мәліметінше, белгісіз аң Болғанбаев көшесінде тұратын Еділхан Сарбасов есімді азаматтың 15 бас қойын өлтіріп, 10 басын жаралады. Көкжоталықтардың сөзінше, қаңғыбас ит болуы мүмкін емес. "Олар әдетте өлі малға ауыз салады" деді.
Бұл елдімекенге аудан басшысы Нұрлан Махамбетов, ауылдық округ әкімі және жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері барып, жағдайдың ақ-қарасына үңілді. Олардың айтуынша, малға ойран салған жыртқыш қораға есіктің түбін қазып кірген.
"Сілеусін шығар деп топшылаудамыз. Қасқыр болса қойларды жарып кетер еді, ал бұл тек қанын ішкен. Жаралы 10 қой да бауыздалды", - деді әкімдік өкілдері.
Барлығы ауылдағы мал өлексесін көмуге арналған орынға көміледі.
"Өйткені аңның сілекейінде қауіпті аурулар болуы мүмкін. Қазір ауылдық округ әкімдігі келтірілген шығынды есептеп жатыр", - деді аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.
Кей тұрғындар "егер қанын ішіп кетсе, мұны істеген қарабауыр болуы ғажап емес" дегенді де айтты.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.