Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Кездесу Алматыдағы Ғылым ордасында өтті.
"Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды"
"Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс"
Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет
"Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін. Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз"
Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші.
"Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен.
Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды.
"Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім "Жас көңілде жарық бар" деп айтқан. Жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуы керек. Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында "Алгебра" оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан.
Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың "жұмсақ күші" дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың "жұмсақ күші", яғни "soft power" деуге болады"
Қолда бар ресурстың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды
"Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды. Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс"
Бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет.
Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады.
Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады. Ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолынан келеді. Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін.
Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады
"Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек. Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын.
Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн"
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті
"Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді. Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды. Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында"
"Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз"
"Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді.
Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады"
"Еліміз үшін барлық кәсіп иелері қажет"
"Тағы бір мәселе. Мен еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен бес жылдың ішінде бұл бағытта көп шаруа атқарылды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Жалақы көтерілді. Басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынды. Мемлекеттік марапаттар нағыз еңбек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі мамандық иелерінің беделі арта түсті.
Мамандықтың жаманы жоқ. Еліміз үшін барлық кәсіп иелері қажет. Өз ісінің хас шебері атанған адам міндетті түрде табысқа жетеді. Түптеп келгенде, бұл – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті жаппай дәріптеу деген сөз. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін қоғамда осы құндылықтар орнығуы қажет"
"Әйелді құрметтей білетін қоғам шын мәнінде өркениетті, мәдениетті қоғам болмақ"
"Өздеріңізге мәлім, биыл сәуір айында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Заңға қол қойдым. Екі аптадан кейін бұл толықтырулар күшіне енеді. Жаңа нормалар біздің қоғамды жаңғыртуға, отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Өйткені әйелдер мен балалардың құқықтарын жан-жақты қорғау дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға мүлдем қайшы келмейді, керісінше оларды күшейтуге ықпал етеді.
Ана ұлтты тәрбиелейді. Әйелді құрметтей білетін қоғам шын мәнінде өркениетті, мәдениетті қоғам болмақ. Әрине, бір Заңмен барлық мәселе шешілмейтіні анық. Ең бастысы, өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. Әр үйде отбасы құндылықтары орнығуы қажет. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру осындай қарапайым дүниеден басталады", - деді Президент.