ПОДЕЛИТЬСЯ
28 сентября 2018 | 09:58
Тоқаев үлгі қылған үш елдің "ұлттық дәстүрге бет бұрған" тойы қалай өтеді
Осыдан екі апта бұрын Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың той жасау үрдісі туралы ойын айтты. Тоқаевтың Twitter парақшасындағы жазбада үйлену тойларында немесе өзге де салтанатты шараларда ысырапшылдыққа жол бермеу ұсынылған.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Осыдан екі апта бұрын Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың той жасау үрдісі туралы ойын айтты. Тоқаевтың Twitter парақшасындағы жазбада үйлену тойларында немесе өзге де салтанатты шараларда ысырапшылдыққа жол бермеу ұсынылған.
"Ысырапшылдықтан, аста-төктен арылу үшін жаңа формат керек. Ұлттық дәстүрге бет бұру қажет, мысалы, өзбектер, түріктер мен түрікмендер сияқты", - деп жазды ол. Тоқаев ұсынған өзбектердің, түріктер мен түрікмендердің үйлену тойы қалай өтеді? Тойды ұлттық нақышта өткізуге қанша қаржы жұмсалады? Тengrinews.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Биыл көктемде Өзбекстан Сенаты тойдағы ысырапшылдыққа заңмен тыйым салған. Енді бұл елде тойға шақырылатын адам саны (150 адамға дейін), дастархандағы тағам мен үйлену тойында жүретін кортеждегі көліктің саны да шектеулі болады. Тіпті, тойдың өтетін уақытында да шектеу бар.
Жалпы, өзбек тойларының көпшілігі қымбат мейрамханаларда емес, үйлерінде өтеді. Аsia-travel.uz сайтындағы мәліметтер бойынша, өзбектердің тойы мерекелік палаудан басталады. Ол екі жастың ата-анасына арналып күйеу жігіттің үйінде әзірленеді және қалғаны сәлемдемелермен бірге қыздың үйіне жіберіледі.
Салтанаттың алдында екі жас ұлттық киім киіп, әшекейлерін тағады. Некелерін АХАЖ-да ресми тіркетпей тұрып, ол үйге имам келіп, дұға оқып, ерлі-зайыпты деп жариялайды. Ресми рәсімдер аяқталғаннан кейін қыз ата-анасымен қоштасып, жігіттің үйінің табалдырығын аттайды. Осыдан бастап ән айту, би билеу мен ойындар ойнау басталады.
Той аяқталған соң келін шымылдықтың артына кіріп, "Келінді сатып алу" рәсімі өткізіледі. Күйеу жігіт қалыңдықтың құрбысына ақы төлеп, бөлмеге кіреді. Келесі күні "Келін сәлем" рәсімі ұйымдастырылып, келін жаңа отбасының жаңа мүшесі болып қабылданады. Ол баршаға сәлем салып, сыйлықтар алады.
Суреттер kstrip.ru сайтынан алынған.
Ал, түріктердің үйлену тойы құдалықтан басталады. Бұл рәсім үшін арнайы қонақ шақырылмайды, бірақ қыздың үйі құдаларын күтіп алып, үйлену тойын жігіт жағы өз мойнына алады. Бұл рәсімнен кейін қалыңдық үшін "Хна түні" ұйымдастырылады. Бұл кешке қыздың құрбылары жиналады. Осыдан кейін үйлену тойы басталады.
Түріктердің үйлену тойында алдын ала безендірілген көліктердің кортежі міндетті түрде болады. Олар музыканы айғайлатып, сырнай, дабыл мен дағыра соғады. Фотосессиядан кейін екі жас арнайы жайылған дастарханға келеді. Түріктердің тойы көбінесе тым кеш басталады және олар дастарханға ыстық тамақ қоймайды. Қонақтарға ұсынылатын тағамдар: жаңғақтар, майға қуырылған картоп, алкогольсіз сусындар мен түріктердің бал қосылған баклавасы.
Түріктер үйлену тойында ән айтып, жанды дауыста ән салатын ансамбльмен ұлттық би билеуге басымдық береді. Сөйтіп, олардың тойы түннің ортасына дейін жалғасады.
Суреттер tomer.ru сайтынан алынған.
Түрікмендердің де үйленуі алдымен құдалықтан басталады. Оларда да имамның дұға оқып, неке қиюы, ата-анамен қоштасу және беташар деген салттары бар. Екінші күні қыздың үйінде той болып, үшінші күні жігіттің үйіндегі тоймен жалғасады. Құдалыққа қой сойылып, содан тағам әзірленеді, ал қыздың үйіндегі тойға күйеу жігіттің жағынан ең көбі 20-30 адам шақырылады.
Үйлену тойы болған күні 5-7 көліктен тұратын кортеж жүреді және олар ұлттық нақыштағы әшекейлермен безендіріледі. Үйлену тойының өзі мейрамханада, көп жағдайда үйде жасалады. Себебі оларда ата-анасының үйінде үйлену той жасау оларға деген құрметті білдіреді.
Суреттер studlive.by сайтынан алынған.
Үйлену тойы болатын күні күйеу жігіттің үйінде мерекелік чорба сорпасы әзірленеді, ол күлшемен және палаумен бірге ұсынылады. Сонымен қатар, салттық тағам "жарма" (еттің сорпасына пісірілген бидай жармасынан жасалған ботқа) дайындалады.
Ал біздің елде тойлардың көбінесе мейрамханаларда жасалатынын білеміз. Мейрамханалар міндетті түрде 2 ыстық тамақ, 4 түрлі салқын тіскебасар, 5 түрлі салат ұсынады. Бұған қоса жемістер, тәттілер мен пісірілген тәтті нан түрлері, шай мен сусын, арақ-шарап тағы бар. Мейрамханалардың адам басына алатын ақысы 7 мың теңгеден жоғары. Орташа баға бір адамға - 12 мың теңге. Егер тойыңызға 200 адам шақырсаңыз 2 миллион 400 мың теңге тек мейрамхананың тамағына төленеді.
Осы ретте мейрамхана әкімшісі Айнұр Смағұлдың көмегіне жүгіндік. Оның айтуынша, мейрамханалардың көпшілігі өз мәзіріндегі тағамға қосымша сұрататын заттар жетерлік.
"Егер өзіңіз ешнәрсе әкелмей, барлығын мейрамхана ұсынсын десеңіз әр адамға төленетін ақы көтеріледі. Ол орташа есеппен 15 мың теңгеден жоғары. Егер 10-12 мың теңге болсын десеңіз сусындарды, арақ-шарапты, кей жағдайда жемісті өзіңіз әкелесіз. Оған қоса асаба, видео, фото дегеніңіз бар", - дейді ол.
Тоқаев ұсынған үш ұлт та қонағына бір түрлі ғана ұлттық тағамын ұсынады. Ал біздің ұлттық тағам - ет. Әкімшінің айтуынша, қазақтың ұлттық тағамы асылған еттің бір табағы орташа есеппен 8 мың теңге тұрады. Әр табақ 5 адамға есептелген, егер 200 қонақ шақырсаңыз 40 табақ керек, ол дегеніміз 320 мың теңге.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также