Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 января 2021 16:57

Зейнетақы жинағына неге көлік алуға болмайды? Экономист түсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Біржолғы зейнетақы төлемі арқылы неге көлік сатып алуға болмайды? Бұл бағдарламаның мемлекетке тағы қандай пайдалары бар? Экономист Мақсат Серәлі Tengrinews.kz тілшісіне зейнетақы жинағына қатысты пікірін айтты.


Біржолғы зейнетақы төлемі арқылы неге көлік сатып алуға болмайды? Бұл бағдарламаның мемлекетке тағы қандай пайдалары бар? Экономист Мақсат Серәлі Tengrinews.kz тілшісіне зейнетақы жинағына қатысты пікірін айтты.

Маман зейнетақы жинағынан ақша алуға қорықпауға шақырды. Себебі кей адам зейнетке шыққанда әсері бола ма деп қорқады.

"Зейнетке шыққан кезде осы алып жатқан біржолғы зейнетақы төлемінің ешқандай әсері болмайды. Жиналған қаражаттың сомасы бағдарламада көрсетіледі. Сондықтан, еш әсері болмауы керек. Бұл заң жүзінде. Қазір біржолғы төлемді алып жатқандар жастар, олар зейнетке шыққанша реформа өзгеріп кетпейтін шығар. Бірақ қазіргі қалыптасқан жүйе бойынша зейнетақы жинағынан алған ақшаңызға кейін әсерін тигізбейді", - дейді Мақсат.


Фото: Тұрар Қазанғапов

Сондай-ақ, ол ондаған жыл өтілі бар жұмысшылардың зейнетақы жинағы неге аз екенін түсіндірді.

"Қазіргі зейнетақы реформасы 1998 жылдан бастап қолданылады. Зейнетақы жинағы да сол кезде басталды. Оның үстіне, бұрын болған жалақыны да есепке алу қажет. Көбінің жалақысы соңғы онжылдықта ғана өсіп жатыр. Бұрын 60-70 мың ғана айлық алатын. Әрине, олардың еңбек өтілі көп болса да, зейнетақы жинағына қаражат көп жиналмайды.

Негізі, орта таптан жоғары таптар зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Олар бүгінге дейін белгілі бір көлемде ақша жинап үлгерген. Статистикаға қарасақ, университет бітіре салып жұмыс істеген адамдар және оның ішінде Қазақстандағы орташа жалақыдан жоғары табысы бар адамдар жинай алған. Бұл жерде үш аймақты атап кетуге болады: Алматы, Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облысы. Бұл аймақтарда жалақы басқаларына қарағанда жоғары", - дейді экономист.


Фото: Әлихан Сариев

Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға, ипотека төлеуге, емделуге, қаржы компанияларының басқаруына пайдалана алады. Кейбірі бұл қызметтер қатарына көлік алуды да қосуды ұсынған. Мақсат Серәлі осыған қатысты пікірін айтты.

"Қазіргі таңда бекітілген қызметтер дұрыс деп ойлаймын. Не үшін? Өйткені бұл жүйе бойынша алынып жатқан ақша Қазақстанның ішкі айналымында қалады. Тұрғын үй саласын алсақ та, теңге іште қалады. Денсаулық сақтау саласын алсақ та, ақша өз ауруханаларымызда болады. Егер көлік сатып алуға мүмкіндік берілсе, ақша шетелге шығып кетуі мүмкін. Бұл аз ақша емес, 2,5 триллион теңгеге дейін ағылым келіп отыр. Көлік алуға рұқсат берілсе, ақша Ресей секілді көршілес елдерге кетуі мүмкін. Ол біздің экономикамызға тиімсіз. Жер сатып алып, үй салуға да мүмкіндік жасалған. Сондықтан, осы ұсынылған қызметтер жеткілікті деп ойлаймын", - дейді ол.


Фото: Тұрар Қазанғапов

Маман бұл шетелден алынған тәжірибе, қазір қолданыста барын айтады.

"Халыққа мынаны түсіндіруіміз керек: бұл бір рет берілмейді. Шекті сомасынан асқан азамат кез келген уақытта ала алады. Қазір шешіп үлгеріңдер, кейін ондай мүмкіндік болмайды деген әңгіме жоқ. Сондықтан, дәл қазір абыр-сабыр болудың керегі жоқ", - дейді Мақсат.

Ол бұл бағдарлама ел экономикасына қандай ықпалын тигізуі мүмкін екенін түсіндірді.

"Ең алдымен, пәтер қымбаттауы мүмкін. Қымбаттап жатыр да. Бұл да анық нәрсе, себебі қазір пәтерге сұраныс көбейеді. Сондықтан, сұраныс бар кезде міндетті түрде баға өседі. Үй салуға мүмкіндік бар, демек, құрылыс компанияларына қосымша қаражат келеді. Ақша айналымы артады, құрылыс саласындағы жұмысшылардың жалақысы өсуі де мүмкін. Бұл жерде тек құрылыс емес, кірпіш өндіретін немесе басқа да зауыттарға көмек болады. Яғни, бұл экономикаға оң септігін тигізеді. Халық үйлі болып қана қоймай, ішкі экономикамыз жанданып, оған қосымша қажат тартылады. Шетелдерде дағдарыс болып, инвестиция көлемі азайып жатқан кезде бұл - өте пайдалы бағдарлама", - деді экономист.

Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға арналған өтінімдер қабылдайтын сайт 23 қаңтарда іске қосылған

Биыл 2 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін заңға қол қойған еді.

Кейінірек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері зейнетақы жинағының бір бөлігін қалай пайдалануға болатынын түсіндіріп берген. Қордағылар қаражатты нақты қай мақсатта қолдануға болатынына жеке-жеке тоқталған еді.


Зейнетақы жинағының шекті сомасы

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети