Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
17 июня 2020 13:26

"Коронавирустан емдейтін алғашқы дәрі". Ғалымдар адам өлімін азайтатын препарат тапты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дексаметазон препараты. © Reuters Дексаметазон препараты. © Reuters

Дүние жүзінде коронавирустан жарты милионға жуық адам көз жұмды. Дәрігерлер қазір аурудың емін табу үшін түрлі сынақ өткізіп жатыр. Ал Ұлыбритания дәрігерлері таяуда COVID-19-тан адам өлімінің деңгейін азайтатын дәріні тапты. Ол бұрыннан бар және арзан. Tengrinews.kz тілшісі коронавирустан адам өлімін азайтатын дәрі туралы баяндайды.


Дүние жүзінде коронавирустан жарты милионға жуық адам көз жұмды. Дәрігерлер қазір аурудың емін табу үшін түрлі сынақ өткізіп жатыр. Ал Ұлыбритания дәрігерлері таяуда COVID-19-тан адам өлімінің деңгейін азайтатын дәріні тапты. Ол бұрыннан бар және арзан. Tengrinews.kz тілшісі коронавирустан адам өлімін азайтатын дәрі туралы баяндайды.

Зерттеу қалай өтті?

Дексаметазон препараты коронавирус жұқтырып, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған науқастардың жағдайын оңалтуға көмектеседі. Мұндай шешімге Ұлыбритания ғалымдары келген. Бұл ақпарат Оксфорд университетінің сайтында жарияланған.

RECOVERY клиникалық зерттеуі Ұлыбританияда наурызда басталған. Жобаға 175 ауруханадағы жалпы 11 500 науқас қатысып, түрлі дәрі-дәрмекті сынақтан өткізген.

Жобаның 2104 қатысушысына күніне дексаметазонның 6 миллиграммы берілген. Ғалымдар препаратты қолдану жасанды тыныс алдыру аппараттарына қосылғандар арасында өлім қаупін үштен бірге, ал оттегін қажет ететіндер үшін бестен бірге азайтатынын анықтаған.


© pixabay.com

Бірақ дексаметазон коронавирустың симптомдары аз білінген науқастарға көмектеспейді екен. Ол көбіне тыныс алу бойынша проблемасы бар науқастарды емдей алады.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл дәрі пандемия басталғаннан бері қолданылса, Ұлыбританияның өзінде бес мыңға жуық науқастың өмірін сақтап қалуға болатын еді.

Мамандардың пікірі қандай?

Зерттеудің басы-қасында жүрген Оксфорд университетінің профессоры Питер Хорбидің сөзінше, дексаметазон - COVID-19 кезінде өмір сүру деңгейін жақсартатыны анықталған алғашқы препарат.

"Бұл - тың жаңалық. Дексаметазон енді науқастарды емдеу стандарты болуы керек. Дексаметазонның бағасы қымбат емес және дүние жүзіндегі адамдардың өмірін құтқару үшін қолдануға болады", - деді ол.

Ал профессор Мартин Лендрейдің айтуынша, RECOVERY зерттеуінің алдын ала нәтижесі белгілі - дексаметазон ауыр респираторлық асқынулары бар науқастар арасында өлім қаупін төмендетеді.

Оның сөзінше, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған сегіз науқастың біреуін осы дексаметазон арқылы құтқаруға болады екен.

"Емді он күн қабылдау керек, бір науқасқа 5 фунт стерлингтен кетеді. Сонда бір адамның өмірін құтқару үшін орташа есеппен 35 фунт серлинг керек. Бұл дүние жүзіне қол жетімді дәрі", - деді Мартин Ландрэй.

Ғалымның айтуынша, дексаметазонды қазірден бастап жағдайы ауыр науқастарға бере беруге болады.


Дексаметазон препараты. © Reuters 

ДДҰ не дейді?

Ұлыбританиялық зерттеушілердің бұл жаңалығын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мақтап отыр. ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус кеше Женевада сөз сөйлеп, Ұлыбритания билігін осындай "жақсы жаңалықпен" құттықтаған.

"Бұл коронавирус жұқтырған науқастардың арасында өлім қаупін төмендеткен алғашқы дәрі", - деп мәлімдеді Тедрос Адханом Гебрейесус.

Ол осындай препараттың сынақтан өткізілгенін өте жақсы жаңалық екенін айтады.

Дәрі қаншалықты көмектеседі?

Ұлыбритания үкіметі кеше дексаметазонды коронавирустан емдейтін дәрі ретінде мақұлдады. Ел билігі оны дүние жүзінде COVID-19-дан емдейтін алғашқы дәрі деп атады. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон зерттеушілердің нәтижесін қазіргі уақытта "коронавирусқа қарсы күрестегі ең үлкен жетістік" деп атады.

Зерттеу нәтижесі бойынша, дексаметазонды қолданған кезде жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған науқастардың қайтыс болу қаупі 35 пайызға азайған. Ал оттегі емін қажет ететіндер үшін қауіп 20 пайызға төмендеген.


Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған науқас. © Reuters 

Бұл препарат 1960-жылдардың басынан бері қолданылады. Көбіне оны ревматоид артрит немесе астмасы бар науқастарды емдеу үшін беріледі.

Жасанды тыныс алдыру аппаратын қажет ететін науқастардың жартысына жуығы қайтыс болады екен. Сондықтан, зерттеушілердің айтуынша, вирустан адам өлімін 33 пайызға азайту - маңызы зор жаңалық.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети