ПОДЕЛИТЬСЯ
15 декабря 2021 | 13:19
Атыраулық музыкант қыз түнгі клубта жастарды домбыраға билетіп жүр
Атыраулық Ақтоты Болшова домбыра үнін заманауи стильге нақыштап, электронды музыка жазып жүр. Бүгінде оның туындылары түнгі клубтарда шырқалады. Ол Tengrinews.kz тілшісіне қазақ ұлттық аспаптарын жаңғырту неге маңызды екенін айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Атыраулық Ақтоты Болшова домбыра үнін заманауи стильге нақыштап, электронды музыка жазып жүр. Бүгінде оның туындылары түнгі клубтарда шырқалады. Ол Tengrinews.kz тілшісіне қазақ ұлттық аспаптарын жаңғырту неге маңызды екенін айтып берді.
26 жастағы Ақтоты Болшова бала кезінен-ақ домбыраның қадір-қасиетін біліп өседі.
"Мектеп қабырғасында жүргенде әжемнің ықпалымен домбыраға деген сүйіспеншілігім артып, бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Менің ойымша, өнер қанмен дариды. Менің ата-әжем де өнерден кенде емес. Атам гармоншы болса, әжем күйші еді", - деп әңгімесін бастады ол.
2014 жылы Қазақ ұлттық өнер университетіне түскен ол домбыраны жаңғыртумен айналысып, жеке қолтаңбасын қалыптастырумен айналысады.
"Осыдан 7 жыл бұрын дәстүрлі эстрадаға көңілім ауды. Сол кезден бастап ішкі жан дүниесі ескірген дәстүрлі әуендерге жаңа серпін бергім келді. Кейін көптен бері ойымда жүрген электронды домбыраның құрылысын сызып, тапсырыспен шетелдіктерге жасаттым. Заманауи аспап қолыма түскен бойда классика, джаз, рок, этно-рок және блюз жанрларын қазақы нақышқа келтіре бастадым. Бастапқыда барлық нотаны қағазға түсіріп, одан кейін музыка жазуды қолға алдым", - дейді Ақтоты.
@bolshova_aktoty #рек #рекомендации #реки #рекомендации❤️❤️ #рекомендация #rix #хочувтоп #хочуврек #rixosmoments
♬ оригинальный звук - Toty?
Болшованың музыкадағы жаңашылдыққа ұмтылған талпынысына қарсылық білдіріп, сынға алғандары да аз болмапты.
"Жаңа іс бастау қашан да оңай болмайды. Өнеріме халықтың көзі түзу, бірақ өзім ұстанған стильді түсінбей, оны сынға алып жатқандар да бар. Домбыраның өзіндік ерекшелігін бұзу ешқашан ойымда болған емес. Мен тек қазақтың қастерлі аспабы баршаға ортақ болғанын қаладым, өйткені домбыраның үні біздің күнделікті өмірімізден алшақтап бара жатыр", - деді ол.
Ақтоты Болшова бұл тенденцияны жастардың талғамының өзгергенімен байланыстырады.
"Жастар шетел эстрадасына еліктеп кетті. Домбыраға насихат азайды. Сол себепті де жастардың құлақ еті үйреніскен эстрада жанрына домбыра үнін енгізгім келеді. Жастардың басым бөлігі бос уақытын түрлі лаундждар мен клубтарда өткізетіні белгілі. Мен осы жайтты ескеріп, клубта шырқалатын музыкаларды да трансформацияладым. Қазір жастардың мені қолдап, жаңартылған домбыра әуеніне билеп жүргенін білемін. Демек, мен дұрыс бағыттамын, домбыраға сұранысты осылай арттырып отырмын", - дейді ол.
Сонымен қатар, кейіпкеріміз әлі де домбыраның ашылмаған сыры көп екенін алға тартып, алдағы жоспарын бөлісті.
"Домбыраның музыкалық мүмкіндігі өте жоғары және оның біз білмейтін сыры да аз емес. 2-октаваны құрайтын домбыра диапазоны жағынан да, техникалық тұрғыда да бірнеше профильді қатар алуға шамасы жетеді. 13 жыл домбыраны зерттеп келсем де, оның бар мүмкіндігін толық аша қойған жоқпын. Алдағы уақытта жаңа форматтағы күй-поп бағытын дамытқым келеді. Осының негізінде жеке альбомым да шығып қалуы ғажап емес", - дейді Ақтоты Болшова.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Ақтоты Болшованың жеке мұрағатынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также