1. Главная
  2. Узнай
  3. Культура
  4. Музыка

"Құстар қайтып барады" әні қалай шыққан?

Тұманбай Молдағалиев © retro-almaty.kz Тұманбай Молдағалиев © retro-almaty.kz

Бүгін танымал ақын Тұманбай Молдағалиевтің туған күні. Ақын 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, "Жарсу" аулында дүниеге келген. Tengrinews.kz тілшісі ақынның өмірі мен еңбек жолын баяндайды. 

Тұманбай Молдағалиевтің әкесі 1941 жылы майданға кетіп, соғыста қайтыс болған. Ақын естеліктерінде көбіне анасының тәрбиесінде болғанын жазған. 

Тұманбай Молдағалиев 16 жасында мектеп бітіреді, ал 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын "Лениншіл жас" газеті мен "Пионер" журналында әдеби қызметкер болып бастайды. 1959-1971 жылдары жазушы баспасында редактор, аға редактор қызметін атқарған. 1971-1973 жылдары "Балдырған" журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жылдары "Жалын" журналының бас редакторы, 1984 жылы Қазақстан жазушылар одағының басқармасының хатшысы болған. Артынша өмірінің соңына дейін "Балдырған" журналының бас редакторы болды. 


© "Ғибратты ғұмырлар"

"Украина қызына" деп аталатын тұңғыш өлеңі 1954 жылы жарияланды. Алғашқы өлеңдер жинағы студент кезінде жазған "Студент дәптері" 1957 жылы жарық көрді. Бастапқы шығармаларының өзі сол кездегі әдебиет майталмандары Әбділдә Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Сырбай Мәуленов секілді алыптардың назарына іліккен. 

"Қазақ поэзиясының классигі Әбділдә Тәжібаев қайда барса да Тұманбайды үлігілі, өнегелі жағынан көрсетіп, жастарға Тұманбайды сөзімен ұсынып отыратын", - дейді ақынның досы Нұрғожа Ораз "Арнайы жоба" бағдарламасында. 


© "Ғибратты ғұмырлар"

"Құстар қайтып барады" әнінің шығу тарихы

1965 жылы сол кезде Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Қазақфильм киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарған екен. Бірде жұмыстан шығып, көңілсіз күйде үйіне қарай бара жатқан. Бәлкім, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшы саябағына келіп, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі.

Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер "Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас" деген ойға келеді. "Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол біріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім" деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалықты, ол "Құстар қайтып барады" әнін дүниеге әкеледі.

Нұрғиса Тілендиев © aikyn.kz

Кейін Тілендиев Тұманбай Молдағалиевті шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын композиторды мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай "Құстар қайтып барады" әні халық назарына ұсынылған. 

Бұл әннің алғашқы орындаушысы - Қазақстанның халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы ән арқасында жас әншілердің есімдері кеңінен таралды. Ән танымалдылыққа ие болып, "Құстар әні", "Бара жатыр құс қайтып", "Құстар қайтып бара жатыр" деген атауларға ие болды. 

"Құстар қайтып барады" әнін Қазақстанның халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің майталмандары шырқады. Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған.

Композитор қайтпас сапарға аттанар сәтінде "Мені "Құстар қайтып барады" әнімен шығарып салыңдар" деп аманат еткен екен.

Тұманбай Молдағалиев өмірлік серігі, жары Күлтай Қасымовамен үш қыз, бір ұл тәрбиелеген. Ақын 2011 жылы 10 қазанда көз жұмды. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!