"Сондай мінсіз". Әлем жұлдыздарының Димаш жайлы айтқан пікірлері

15 Сәуір, 12:47
4

Бүгінде қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің өнеріне бүкіл әлем тәнті деуге болады. Әншінің жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен табылады. 75 миллион тыңдарманы бар радиоға сұхбат берген Димашқа шетелдік БАҚ өкілдерінің де зор қызығушылық танытатыны байқалады. Тіпті қазақстандық әнші жайлы деректі фильм түсірілейін деп жатыр. Ал Youtube хостингінде Димаштың таңғажайып даусына жоғары баға беріп, түрлі реакциялар түсірілген видеолар саны күннен-күнге көбейіп жатыр.

Күні кеше еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекеттік делегациямен Ташкентке ұшып келгенін және онда Димаш Құдайбергеннің де барғанын айтты. Қазақстандық әншіні онда бір топ жанкүйері күтіп алды. Димаш енді өз шығармашылығымен Өзбекстан халқын қуантпақ. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі әлемге әйгілі өнер иелерінің Димаш Құдайберген жайлы айтқан пікірлерін еске түсірді.

Игорь Крутой

Былтыр қарашада әнші ресейлік композитор Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен "Любовь уставших лебедей" әнін орындаған болатын. "НТВ телеарнасының "Центральное телевидение" бағдарламасында маэстро Игорь Крутоймен бірге ән шырқадым, біздің алғашқы дуэтіміздің премьерасы" деп жазған еді әнші Кремль сарайында өткен концерттен кейін.

НТВ эфиріндегі әннен кейін Игорь Крутой Димаштың алдағы уақытта Ресей жұртшылығының зор ықыласына бөленетінін мәлімдеген еді. "Бүгінгі күн Димаштың ресейлік тыңдармандарды жаулап алуымен тарихқа енеді деп ойлаймын", - деген еді ресейлік композитор.


© instagram.com/kudaibergenov.dimash

Лара Фабиан

Ал атақты әнші Лара Фабиан болса, қазақстандық әншіні тіпті кездесуге шақырған болатын. Лара Фабиан Димаштың дауысына таңғалысын жасырмаған еді. 

 Ева Лонгория

Бұдан бөлек, Лара Фабиан актриса әрі модель Ева Лонгориямен Димаш Құдайбергенді туған күнімен арнайы құттықтаған еді. Айта кетейік, қазақстандық әнші Ева Лонгориямен Париждегі Global Gift Gala гала-кешіне қатысқанда танысқан болатын.


© Instagram.com/kudaibergenov.dimash

Джеки Чан

Ал әйгілі актер Джеки Чан Қазақстанға сапарында Димаш Құдайбергенге өнерін әрі қарай дамытып, әншілікпен бірге сазгерлік қырынан да көрінуін тілеген еді. Қазақстандық әнші болса, оған қазақ шапанын сыйлаған болатын.

Николай Басков пен Филипп Киркоров

Ресейлік әнші Николай Басков "Россия 1" телеарнасындағы "Субботний вечер" бағдарламасының жүргізушісі болып, Димашты таныстырған кезде оны "ерекше дауыс иесі" деп атады. Филипп Киркоров та қазақстандықтың таңғажайып даусына таңданысын білдірген болатын.

Оңтүстік Кореяның №1 әншісі Kim Hyunsoo

Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның белгілі әншісі Kim Hyunsoo-ның Димаштың өнеріне деген таңғалысы түсірілген видео Желіде тараған болатын. Forte di Quattro тобының вокалисі қазақстандық әншінің талантына, шеберлігіне жоғары баға берген еді.

"Өте әдемі және жіңішке дауыс. Актерлік шеберлігі де тамаша, музыкалық актер секілді. Даусы таңғажайып. Ол қай елден қатысып жатыр? Сондай мінсіз... (...) Классикалық вокалистің даусы бар. Режиссурада да өзін тамаша көрсете білді. Ер адамның әнді осылай орындауы таңғаларлық! Мен мұндай жоғары нотаны ала алмаймын, оның октавасы менікінен де жоғары", - деген еді оңтүстіккореялық әнші Димаштың видеосын қарап отырып.

Алесандро Сафина

Италияның опера және эстрада әншісі Алесандро Сафина да қазақстандық әншінің өнеріне жоғары баға берді. Димаштың Қытайда қатысқан байқауларының бірінде ол "Оның даусын тыңдап көріңіздерші, сол кезде оның қандай таңғажайып екенін түсінесіздер" деген еді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Alessandro SAFINA (@alessandrosafinaofficial)

 Мэри Циммер 

Вокалдан сабақ беретін америкалық мамандардың бірі Мэри Циммер Димаш Құдайбергеннің даусына таңғалып, баға берген еді.

"Мұндай дауыспен дүниеге келетін адамдар аз. Димаш ерекше диапазон иесі, сондай-ақ, ол әндерді түрлі стильдерде орындаудың шебері", - деген еді Мэри Циммер.


Мэри Циммер.

Данэлия Төлешова

Таяуда наурыз айында Димашпен бірге Қазақстан атынан америкалық The World's Best шоуына қатысқан Данэлия Төлешова да отандасының өнеріне бағасын берді.

"Міне, The World's Best шоуы да аяқталды. Димаштың мәрттігіне таңдай қағамын, оның нағыз ер адамға лайықты әрекетін бүкіл әлем бағалай алады деп үміттенемін! Сіз әртіс үшін өмірдегі ең маңыздысы шығармашылық екенін дәлелдедіңіз. Сахнаға және әніңді тыңдап отырған адамдарға деген махаббатқа ештеңе жетпейді. (...)", - деп жазған еді Данэлия Instagram желісіндегі парақшасында.


© instagram.com/tuleshova_daneliya

Сондай-ақ, осы байқауда Димаш Құдайберген қазылар алқасын тамсандырған болатын. Айта кетейік, онда үш судья болды - әнші Фэйт Хилл, актриса Дрю Бэрримор және актер Ру Пол, барлығы 50 ұпайдан берген еді, бұл ең жоғары баға болып саналады екен.

 Дрю Бэрримор

Солардың бірі америкалық актриса, модель әрі продюсер Дрю Бэрримор қазақстандықтың өнеріне таңғалып, эмоциясын бөліскен еді.

"Көзімді жұмып тұрғанда, онда 8-9 адам ән айтып тұр деп ойлар едім. Қалай ғана бір адамда осынша талант бар", - деген еді актриса.


Дрю Бэрримор. © Видеодан алынған кадр


Димаш Құдайберген The World's Best шоуында

Мұнымен қатар, Димаш Құдайберген АҚШ-та "алты октава адам" атанған болатын. Қазақстандық әншінің америкалық судьяларды таңғажайып диапазонымен таңғалдырғаны соншалық, олар Димаш ән айтып жатқанда орнынан тұрып, қол шапалақтаған еді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от fan page (@dimash_support)

 Гүлзат Дауырбаева

Ал қазақстандық опера әншісі Гүлзат Дауырбаева Димаштың даусы әлемде сирек кездесетінін айтады.

"Димаш тек опера әншісі деп айтуға келмейді. Оның даусы әлемде сирек кездеседі. Өнерде отыз жылдық тәжірибем бар, Димаш секілді басқа әнші мен үшін жоқ. Оның диапазоны жететін әншіні әлі көргенім жоқ", - деген еді опера әншісі.

Мақпал Жүнісова

Халық әртісі Мақпал Жүнісова болса, Қазақстанда бұрын-соңды Димаштай әншінің болмағанын айтқан еді. 

"Димаштай азамат мың жылда бір рет туатын шығар. Ол, шынымен де, қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдыз десем, артық айтқаным емес. Димашты қайталаудың қажеті жоқ, ол - уникум, дара тұлға" деген болатын халық әртісі әнші Астана арнасындағы "Сырласу" бағдарламасында.

Сондай-ақ, Мақпал Жүнісова Димаштың Қазақстанда жүріп бірден бағын аша алмағанына тоқталған еді. Айтуынша, Қазақстанда Димаштай әншіні қабылдамайды. Мұнымен қатар, ол кезінде біраз отандық әнші шетелде танылғанымен, интернет дамымағандықтан, олар туралы видеолар аз екенін айтты.

"Димаш қазір Майкл Джексон сияқты халықаралық деңгейде концерттер беріп жүр. Бұл қазақтарда болмаған нәрсе. Бізде "Халықаралық әншімін" деп бүкіл әлемді жаулап алғандай сөйлейтіндер бар. Бірақ ешкім бұлай шетелде жеке концерт беріп көрмеген", -  деген еді халық әртісі Мақпал Жүнісова.

Бибігүл Төлегенова

КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова да Димаш Құдайбергеннің өнеріне өз бағасын берген болатын. Опера әншісінің Димашты кәсіпқой музыкант деп атады.

"Димаш - әлемдік масшабтағы тұлға, жай көзбен-ақ көрініп тұр ғой. (...) Димаш ерекше. Ол классикалық әндерді де, халық әндерін де орындайды. Домбырада да керемет ойнайды", - деген еді Бибігүл Төлегенова.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген кеше, 14 сәуірде Ташкентке ұшып барған болатын.  2019 жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы болып белгіленгендіктен, Ташкентте бірнеше мәдени іс-шара жоспарланып отыр. Солардың бірінде отандасымыз өнер көрсетпекші. Қазақстандық әншінің Өзбекстандағы жанкүйерлерлері Желіде видеолар мен суреттер жариялап үлгерді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от DIMASH Official Uzbek FanClub (@dimash.uzbek.fanclub)

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от DIMASH Official Uzbek FanClub (@dimash.uzbek.fanclub)

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (4)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц