Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
23 сентября 2019 16:33

Сүндет той мен бесік тойдан бас тарта аламыз ба? Мамандардың пікірі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Таяуда белгілі актер Жүсіп Ақшора қазақтың "қанына сіңіп қалған" жағымсыз қасиеттердің бірі деп той өткізуді айтты. Актер сүндет той мен бесік тойды алып тастауды ұсынды. Сүндет той мен бесік тойды ауқымды түрде тойлауды тоқтату қаншалықты дұрыс? Tengrinews.kz тілшісі мамандардың пікірін білді. 


Таяуда белгілі актер Жүсіп Ақшора қазақтың "қанына сіңіп қалған" жағымсыз қасиеттердің бірі деп той өткізуді айтты. Актер сүндет той мен бесік тойды алып тастауды ұсынды. Сүндет той мен бесік тойды ауқымды түрде тойлауды тоқтату қаншалықты дұрыс? Tengrinews.kz тілшісі мамандардың пікірін білді. 

"Тамаша дәстүрді тойлауды жоюға болмайды" - Этнограф

Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, бесік той мен сүндет той - қазақ дәстүріндегі балаларға арналған ең маңызды тойлардың бірі. 

"Қазақ баланы бақытына балайды. Сүндет той мен бесік той қазақ халқының ең мәнді, ең мағыналы тойларының бірі. Этнограф ретінде айтарым - оны тойлауды алып тастауға болмайды. Дәстүрімізді жаңғыртып, қалпына келтіріп, "Рухани жаңғыруды" қолға алып жатқан кезде мұндай салтымызды алып жүрудің өзі керемет. Ол тамаша үлгі-өнеге. Оны еш уақытта, ешқашан да алып тастауға болмайды", - дейді этнограф.

Болат Бопайұлының айтуынша, бұрындары зәулім мейрамханалар болмағандықтан үйде, ауыл-аймақта тойланған. 

"Қазір заманға сай мейрамханалар бар. Оны ас та төк не ықшамдап тойлау - әркімнің шама-шарқына байланысты. Бесік той - тек қазақта бар ерекше той. Сүндет той мен бесік тойдың мағынасы - тек қана тойлап қою емес, онда ерекше бір тәлім-тәрбие бар. Сүндет той мен бесік тойды мерекелеуді тоқтату - қазақтың салт-дәстүрінің тамырын шауып тастаумен бірдей. Сондықтан, өз басым балалардың бақытына арналған, салтты сақтаған тамаша дәстүрді тойлауды жоюға болмайды деп есептеймін", - дейді Болат Бопайұлы. 


Шілдеханада берілетін сый. © inzhu-studio.kz

Этнографтың айтуынша, сүндет той мен бесік тойды ауқымды түрде тойлау ертеден келе жатқан жағдай.

"Бұрынғы заманның өзінде байлар ақ түйенің қарнын жарып, бие сойып, ат бәйгесін беріп, балаларын бесікке бөлеп, сүндет тойын жасаған. Ал кедейлер болса ешкі-лағы болсын кішігірім түрде өткізген. Ол тойдан балаларға берілетін көрімдігі бар, сыйлығы бар. Баланы шабыттандырып, үлгі мен өнегеге, береке мен бірлікке, өмір жолына баулитын тамаша тағылым. Сүндет той мен бесік той - бүкіл тойдың арқауы, алтын тұтқасы", - дейді Болат Бопайұлы.

"Бала қанша жаста болса, сонша қонақ шақырылуы керек" - Психолог

Ал психолог Жанат Біржанованың айтуынша, сүндет той мен бесік той - отбасылық мейрам. Психолог адамның өзінің сана-сезімі дайын болмай, бұл мейрамдарды ауқымды түрде тойлауды тоқтату мүмкін емес деген пікірде. 


© 1show.kz

"Сүндет той мен бесік той үйлену тойы секілді ауқымды мейрамдардың қатарына жатқыза алмаймын. Ол өзінше бөлек отбасылық мейрам. Бұл баланың өсіп-дамуына арналған мереке деуге болады. Мұндай деңгейдегі мейрамдарға кредит алып, шашылудың қажеті жоқ. Бұл үлкен шығын ғой. Бірақ халқымыз кез келген тойды ауқымды түрде тойлағанды жақсы көреді ғой. Психологияда бала қанша жаста болса, сонша қонақ шақырылуы керек деген заң бар. Ауқымды түрде тойлауды тоқтатудың мағынасы жоқ деп ойлаймын", - дейді психолог. 

"Тойлауды қоғамның әл-ауқатының жақсарғаны деп түсінбеу керек" - Әлеуметтанушы

Әлеуметтанушы Мақсат Жақауовтың сөзінше, мерекелерді ауқымды түрде тойлау - қоғамның әл-ауқатының жақсарғаны деп түсіну қате пікір.

"Дәл осы сүндетке отырғызу мен бесікке салу дәстүрлі рәсімдерді астатөк тойлау деңгейіне көтеріп, той деп қоғамдық әдетке айналдыру бұл қоғамның әлауқатының жақсарғанын деп түсінсек, қателескендік. Бұл сананың рухани құндылықтардан дүниені жоғары қоюы. Расымен, мәдени дәстүрден хабарсыз ағайын әлгі дүмше діншілдің уағызына сенгендей, жұрттың айтқанын зерделемей, көптің істегінен қалмайық деген ұғыммен тойлай жөнеледі. Бұның бір ғана себебі, қой дейтін ақсақалдың, ақ жаулықты әжелеріміздің, ненің не екенін айтатындардың жоқтығы", - дейді Мақсат Жақауов. 


© Alshop

Жақауов тойлаудан гөрі ізгілікке, кітап оқуға тәрбиелеу анағұрлым балаға қайырлы іс болатынын атап өтті. 

"Бүгіндері тойлау науқаны ретсіз жабайы мәдениеттің орнын толтырып жатыр. Ысырап пен дандайсыну бала тұрмақ үлкенділерді жақсылыққа тәрбиелемейді. Ал енді оған несие алып өткізу, барып тұрған ақымақтық. Сондықтан, тойлаудың өз жөні бар, үлкен той мен үйде, ағайын арасында ырымдап атап өтуді бәрін наурыз көже қылып жіберген. Мәселе түбінде балаға оң әсері бола ма, болмай ма - осыны тойшыл қауым ойлауы керек. Болмаса, тойшыл ағайынға ұлтымыздың белгілі этнографы Арғынбаевтың "Қазақ отбасы" деген мықты еңбегін оқуға кеңес берер едім. Бізге рухани білім керек, ол болмаса ұлтымыз сандалып бара жатыр", - дейді әлеуметтанушы. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети