Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
22 ноября 2019 17:44

"Ауғанстан секілді ел деп ойладым". Шетелдік футболшылар Қазақстан туралы не деген?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстан футболында әлемнің түкпір-түкпірінен легионерлер жиналған. Олардың бірін еліміздің кең аумағы, бірін дәстүрі таңғалдырған. Ұлттық тағам - ет те біріне ұнаса, біріне ұнамаған. Tengrinews.kz тілшісі елімізде доп тепкен шетелдік футболшылардың Қазақстан туралы пікірлерін ұсынады.


Қазақстан футболында әлемнің түкпір-түкпірінен легионерлер жиналған. Олардың бірін еліміздің кең аумағы, бірін дәстүрі таңғалдырған. Ұлттық тағам - ет те біріне ұнаса, біріне ұнамаған. Tengrinews.kz тілшісі елімізде доп тепкен шетелдік футболшылардың Қазақстан туралы пікірлерін ұсынады.

"Қазақ тағамдары ұнады - мысалы, бесбармақ"


Станимир Димитров (3-нөмірде)

Болгариялық қорғаушы Станимир Димитров 2005-2009 жылдар арасында қостанайлық "Тобылда" ойнаған. Сол төрт маусымның ішінде ол "Тобылдағы" ең танымал футболшыларының біріне айналған.

2014 жылы Sports.kz порталына берген сұхбатында Димитров Қазақстанды әлі ұмытпағанын айтқан.

"Қазақстанда тек жақсы эмоциялар алдым. Қостанайға келген кезде менің қалам, менің командам екенін түсіндім. Жергілікті адамдай сезіндім. Отбасым 2007-2008 жылдары екі-үш айға ғана келді, себебі балаларым оқып жатты. Оларға да Қостанай ұнады. Қала орталығында пәтер жалдап тұратынмын. Жанында саябақ болды. Қазақ тағамдары да ұнады - мысалы, бесбармақ. Кинотеатр, аквапаркке бардық, жігіттермен қала шетіндегі саяжайларға барып тұратынбыз", - деп есіне алды ол.

Сондай-ақ болгариялық экс-футболшы Қазақстанда ең таңғалдырғанын айтты.

"Мені Қазақстанның үлкен аумағы қатты таңғалдырды. Сырт алаңдағы ойындарға ұшақпен 3, 4, 5 сағат ұшасың. Қостанайдан 10 градус суықта ұшып, Алматыда қонасың - ал онда 15 градус жылы", - деген еді Димитров.

"Қазақстан негізі Ресей сияқты"


Исаэл. © fckairat.com

Бразилиялық Исаэл 2014-2018 жылдар арасында алматылық "Қайратта" доп тепкен. Алматылық клубта ойнап жүрген кезінде берген сұхбатында бразилиялық футболшы Қазақстан туралы ештеңе білмегенін айтқан.

"Қазақстан туралы ештеңе білмей тұрған кезде ол Ауғанстан сияқты ел деп ойладым. Қазақстан негізі Ресей сияқты, кей тұрғыда, тіпті, одан жақсырақ. Қазақстандықтардың көбі ағылшынша сөйлей алатыны таңғалдырды", - деген еді ол клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Бірақ кейін оның да, Бразилиядағы туыстарының да Қазақстанның қандай ел екеніне көзі жеткен.

"Бразилиялық телевизияда Қазақстандағы өмір жайлы репортаж шыққан, сол кезде отандастарымның көбі оның Ауғанстанға ұқсамайтынын, дамып жатқан ел екенін көрді. Қазір бәрі менің шөл далада емес, заманауи қалада тұратынымды біледі", - дейді ол.

"Алматыға екі күн пойызбен бардық"
 


Виталий Кицак. © fc-aktobe.kz

Карьерасын аяқтаған украиналық қорғаушы Виталий Кицак Қазақстанға өткен ғасырдың соңына қарай келіп, он жылын елімізде өткізген. Алдымен павлодарлық "Ертісте" ойнаған ол кейін қызылордалық "Қайсар", "Атырау", "Ақтөбе", талдықорғандық "Жетісу" және алматылық "Мегаспорт" сапында өнер көрсеткен.

Бірнеше жыл бұрын "Диапазон" газеті "Ақтөбе" футбол клубының алғаш чемпион болған сәтіне он жыл толуына орай команданың сол кездегі капитаны Кицактан сұхбат алған. Украиналық футболшы сол кездегі қызық оқиғаны бөлісті.

"2003-2005 жылдары сырт алаңдағы кез келген матчтар қызық оқиғамен есте қалатын. Мысалы, пойызбен Алматыға дейін екі күн жүргеніміз. Жексенбіде өз алаңымызда матч ойнадық, келесі ойын сенбіде, Алматыда. Бейсенбіде сонда болу үшін сейсенбіде жолға шықтық, яғни дұрыс жаттықпадық. Сондықтан ең тамаша нұсқа - сенбіде не бір күн бұрын ұшып бару. Бірақ чартерді сирек жалдайтынбыз. 2005 жылы сырт алаңдағы матчтардың бәріне дерлік пойызбен бардық. Бірде ташкенттік пойызға отырдық, онда барлық орын бос емес. Алматыға дейін екі күн тұрып баруымыз керек болды! Бірақ бас бапкер шыдай алмайды, пойыздан түсіріп алды. Ол Архимед Бегежанұлына хабарласып, бізге чартер алдыртты", - деді Кицак.

"Таксист 20 мың теңге сұрады"


Роджер Каньяс. © fckairat.com

Колумбиялық Роджер Каньяс қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2012 жылдан бері қазақстандық клубтарда ойнап жүр. Алдымен қарағандылық "Шахтерде", кейін елордалық "Астана" сапында чемпион атанған. 2017 жылы шымкенттік "Ордабасыда", биыл павлодарлық "Ертісте" ойнаған.

2016 жылы футболшы "Астана" сапында ойнап жүрген кезінде Prosports.kz сайтына сұхбат беріп, елордадағы таксистермен болған оқиғаны есіне алған.

"Соңғы рет жиыннан Астанаға ұшып барғанымда, әуежайда таксиске Marriott қонақүйіне бару керек екенін айтты. Ал ол "20 мың бер!" дейді. Доллар емес, теңге (күліп). Мен орысша түсінбейтіндей кетіп қалдым. Екінші таксист келіп, 15 мың сұрады. Мен одан "Астанаға бірінші рет келіп тұр деп ойладың ба?" деп сұрадым. Кейін үшінші таксист келіп, 5 мыңға жеткізіп тастайтынын айтты, бұл да көп. Мен көп дегенде 3 мың төлеймін. Бірақ үшінші таксистің қасында менен 15 мың сұраған екінші таксист тұрғандықтан, 5 мыңға келісіп кеттім", - деген еді Каньяс.

"Кедейлерді байқамадым"


Хуан Лескано (99-нөмірде). © "Тобыл" ресми сайты

Аргентиналық Хуан Лескано былтыр "Тобыл" сапында жалда ойнаған. Футболшы қостанайлықтар сапында 9 матч өткізген еді.

Лескано "Тобыл" жейдесін киген кезде аргентиналық Olé газеті одан сұхбат алып, Қазақстан туралы сұраған. Шабуылшы Қазақстанның Ресейге ұқсас екенін айтып өткен.

"Қостанай Ресей шекарасына жақын, Қазақстанның солтүстігінде орналасқан. 225 мың халқы бар. Бәрі ұйымшыл және өте таза. Ресейге қатты ұқсайды, мұнда орысша сөйлеймін, себебі қазақша білмеймін. Менің көргенім бойынша, мұнда бәрі жақсы, кедейлерді немесе далада өмір сүретіндерді байқамадым". 

"Алаңда қой сойған кезде таңғалдым"


Джордже Деспотович. © "Астана" ФК баспасөз қызметі

Сербиялық Джордже Деспотович 2015-2018 жылдар арасында Қазақстанда ойнаған. Алдымен "Жетісуда" өнер көрсеткен ол кейін "Қайрат", "Астана", "Тобылдың" намысын қорғаған.

Былтыр "Оренбург" сапына ауысқаннан кейін Деспотович ресейлік БАҚ-қа сұхбат берген.

"Қазақстанда өте қонақжай халық тұрады! Өз үйімде жүргендей болдым. Қонақа келсе, үстел басына отырғызады - кәуап, жан-жақта ет. Тамаша!", - деген еді ол.

Сондай-ақ сербиялық футболшы қазақ дәстүрі жайлы сөз қозғаған.

"Алаңда қой сойған кезде таңғалдым. Қазақстанда ондай болып тұрады. Бірде көзімше сойды, аяп кеттім. Ол сәттілік алып келу үшін жасалады. Бұл дәстүр туралы естіген кезде, бапкерден: "Мүмкіндік болса, оны көрмеуіме бола ма?" деп сұрадым. Ол көруім керек екенін айтты. Мен үш тур бойы гол соға алмай жүргенмін. "Бутсаңды әкел, қанға малып алайық, бірден гол соғып бастайсың" деді. "Қажет емес" дедім. Олар бәрібір бутсама қан жақты, ал мен келесі ойында гол соқтым. Сол кезде маған "Көрдің бе, бәрі қойдың арқасында" деді", - деп есіне алды ол.

"Қазақстандағы ең танымал әнші - Қайрат Нұртас"


Андрей Аршавин

Ресейлік футболдың жұлдызы, лондондық "Арсеналда" ойнаған Андрей Аршавин карьерасының үш жылын алматылық "Қайратта" өткізген болатын. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанмен жақынырақ танысқан.

2017 жылы ресейлік Gazeta.ru сайтына берген сұхбатында Аршавин қазақ мәдениеті мен асханасы туралы айтқан.

"Ол жақта көбіне жабық киінеді, не дегенмен Азия ғой. Үстел басында ер адам басшы, ал әйелі тыңдайды. Қалған кезде де өз колориті бар. Бұл көбіне елдің оңтүстігінде тараған. Қазақстанның солтүстігі ресейлік қалаларға ұқсас.

(...) Бесбармақты жеген жоқпын, себебі маған оның түрі ұнаған жоқ. Есесіне жылқы етін көп жедім, Қазақстанда ол кең таралған. Жылқы етін кез келген мейрамханада табуға болады, базарда да сатып алу оңай.

Қазақстандағы ең танымал әнші - Қайрат Нұртас. Оның Нюшамен бірге орындаған әнін көп естимін. Бұл композиция шынымен де әдемі естіледі", - деді Аршавин.

Оқи отырыңыз:

"Бесбармақтың түрі ұнамады". Әлемге танымал спортшылар Қазақстан туралы не деген?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети