1. Главная
  2. Почитай

Олимпиададағы сәтсіздікке кім кінәлі?

Читать онлайн публикацию на тему ✅ Олимпиададағы сәтсіздікке кім кінәлі? ⚡ Интересная и важная информация на актуальные темы от новостного портала Tengrinews.kz.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Нашли ошибку?

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов. © Reuters Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов. © Reuters

Токиода дүние жүзін бес жыл күттірген жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Бірақ қазақстандықтар бүкіл әлемді өзіне қаратқан доданың нәтижесіне көңілі толмады. Сын да көп айтылды. Ел қоржынына сегіз қола медаль түсіп, жанкүйерлер мұны "қола дәуірі" деп атап кетті. Tengrinews.kz тілшісі Токио Олимпиадасын қорытындылайды. 

"Финалға шығыңдаршы, "күміске" қуанайық"

Қазақстан үшін Олимпиада сәтті басталған. Алғашқы сайыс күні ел қоржынына бірінші медаль түсті. Кейін ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қоржынды тағы "қолаға" толтырды. Алғашқы үш күнде - үш медаль. Жап-жақсы нәтиже. 


Елдос Сметов. Фото: Жеңіс Ысқабай, olympic.kz

Бірақ кейін сәтсіздіктер сериясы басталды. Қатарынан бес боксшымыз 1/8 финалда жеңіліп қалды. Ел жүлде күткен дзюдо, грек-рим күресінен, жүзу мен жеңіл атлетикадан спортшыларымыз медаль ала алмады. Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин мен Ольга Рыпакова іріктеуден өте алмады, Риода "алтынға бергісіз күміс" алған Василий Левит нокаутпен жеңілді. 


Василий Левит. Фото ©REUTERS

"Алтын" алыстай бастады. Сол кездерде-ақ жанкүйерлер "биыл алтын медаль болмайды" деп болжады. Солай болды да. Боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, балуан Нұрислам Санаев, каратэшілер Дархан Асәділов пен Софья Берульцева жартылай финалда жеңілді. Бәрі де қола медаль еншіледі. 

"Тым болмаса финалға шығыңдаршы, "күміске" қуанайық" деді кей жанкүйер. Бірақ "алтын" да, "күміс" те жоқ. 8 қола медаль. Қазақстан медальдар есебінде 83-орын алды. Бұл тәуелсіздік алғалы ең төменгі көрсеткіш. 

Ел күткен нәтиже болмады

Бұл Олимпиада расымен де ең сәтсізі болды ма? Иә, солай. Бұлай болуына басты үш факторды келтіруге болады. 

Бірінші кезекте - боксшыларымыздың сәтсіз өнері. Алғаш рет Олимпиададан алтын медальсіз қайтты. 2004 жылы Афины Олимпиадасында алтын медаль ала алмаған Қазақстанға соңғы күні боксшы Бахтияр Артаев "алтын" сыйлаған. Биыл олай болмады. 


Сәкен Бибосынов. Фото © REUTERS

Екіншісі - күресте ел күткен нәтиже болмады. Балуандарымыз Қазақстанға бір ғана қола медальмен оралды. Салыстырып көрсек, қазақстандық балуандар 2016 жылы бір күміс пен екі қола медаль еншілеген. Ал 2012 жылы үш қола медаль жеңіп алған, 2008 жылы бір күміс пен екі қола жүлде иеленген.

Үшінші фактор - ауыр атлетикадағы шектеулер. Кейінгі үш Олимпиадада ел қоржынына "алтын" салумен үйретіп тастаған осы ауыр атлетика болатын. 2008 бен 2012 жылғы алтын жүлделерден айырылсақ та, халық бұл спорт түрін тағатсыздана күтеді. Бірақ Токиоға екі зілтеміршіміз ғана аттанды, абырой болғанда, екеуі де медаль сыйлады. 100 пайыз нәтиже.


Фото ©REUTERS

Қазақстанның жүлде саны көбіне осы үш спорт түріне байланысты. Мысалы, 2016 жылы Қазақстан еншілеген 18 жүлденің 13-і осы спорттан түскен.   

Қосымша ретінде тағы бір факторды атап кетуге болады. Бұл - күтпеген жеңіс. Расымен, әр Олимпиадада жанкүйер күтпеген жеңіс, сенсация болатын. Мысалы, 2016 жылы Дмитрий Баландин мен Нижат Рахимовтан көбі "алтын" күтпеген. 2012 жылы да 38 жастағы ардагер Александр Винокуров Олимпиада чемпионы болады деп көбі ойламаған еді. Ал 2008 жылы 20 жастағы Илья Ильин топ жарып, халықтың ауыр атлетикаға қызығушылығын арттырған болатын. 

Кім кінәлі?

Токиодағы сәтсіздікке кім немесе не кінәлі? Сарапшылар түрлі пікір айтады. Бірінің сөзінше, бұған пандемия кінәлі. Елдегі карантин шектеулеріне байланысты спортшыларымыз дұрыс дайындала алмай, оқу-жаттығу жиынын да қалаған жерінде өткізбеген.

Кей маманның айтуынша, боксшыларды биыл мамырда өткен Азия чемпионатына апармай, демалыс беру қажет еді. Сол жарысқа Қазақстан толығымен дерлік негізгі құраммен аттанған. Боксшылардың сәтсіз өнер көрсетуіне не себеп болғанын Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымжан Кенжебаев та білмейді. "Бұл сұрақты өзіме де қоямын" дейді ол. 


Бекзад Нұрдәуетов. Фото: Olympic.kz. Тұрар Қазанғапов©

Ал балуандарға, керісінше, жарыс жеткіліксіз болған. Сарапшылар сөзінше, Олимпиада алдында балуандар 7-8 жарысқа қатысуы керек. Бірақ біздің құрама пандемияға байланысты көп жарысқа бара алмаған. 

Токиодағы сәтсіздіктерге осындай факторлар өз әсерін тигізген болар. Ал нақты кім кінәлі екенін Олимпиададан кейінгі жиындарда спорт комитетіндегілер шеше жатар.




Join Telegram