Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
14 мая 2020 11:58

"Жылап отырып жаздым ғой" - Гүлнар Дәукенова "Күрең күз" әні қалай шыққаны туралы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Гүлнар Дәукенова. © instagram.com/gulnar_daukenova Гүлнар Дәукенова. © instagram.com/gulnar_daukenova

Кеше, 14 мамырда ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Гүлнар Дәукенова өмірден озғаны хабарланды. Ол 58 жасында көз жұмды. Tengrinews.kz тілшісі композитордың өмірі мен халық жүрегінен орын алған туындыларының тарихы туралы баяндайды.


Кеше, 14 мамырда ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Гүлнар Дәукенова өмірден озғаны хабарланды. Ол 58 жасында көз жұмды. Tengrinews.kz тілшісі композитордың өмірі мен халық жүрегінен орын алған туындыларының тарихы туралы баяндайды.

Гүлнар Дәукенова 1961 жылы 16 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген. 30 жылдан астам уақыттан бері өнер жолында жүрген Гүлнар Дәукенова қалың көпшілікке "Сағындым сағым жылдар", "Қайран уақыт", "Күрең күз" секілді көптеген әнімен танымал болған композитор. Оның ең алғашқы туындысы - 1993 жылы жарыққа шыққан "Жасай бер, Қазақстаным!" күйі. Гүлнар Дәукенова консерватория қабырғасында білім алып жүргенде Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің құрамында домбырашы болып еңбек жолын бастаған.

Композитордың ата-анасы өнерден алыс болмаған көрінеді. Бала күнінен "әртіс боламын"деп айтып жүрген екен. Ата-анасы да өнер жолын таңдауына қарсы болмапты.

"Сағындым сағым жылдар" әнінің тарихы

Гүлнар Дәукенованың айтуынша, ақын Фариза Оңғарсынова бұл әнді "қазіргі заманның әнұраны" деп баға берген екен.

"Өзі 1994 жылы шықты. 1990 жылдар - қиын уақыттар болды. Бір журналисттер "Ел қиналып жатқан уақытта сіздің шығармаңыз халыққа кереметтей ой салды", біреулер "Қырық рет тыңдаймыз", біреулер "Алматыдан Талғарға дейін бұл ән 11 рет ойналады екен" деп айтты. Тұманбай Молдағалиев ағамыз "Бұл - классика" деді. Бұл да бір қасиет, Алланың берген сыйы деп ойлаймын", - деген екен композитор "Сенбілік таң" бағдарламасында.


Видео: Мәдина Ералиеваның орындауындағы "Сағындым сағым жылдар" әні

Әнші "Сағындым сағым жылдар" әнінің қалай шыққанын айтып берген екен.

"Бұл әнді жылап отырып жаздым ғой. Бұл ән сағыныстан, қиналыстан шықты. Бірақ ол кезде сөзі жоқ. Әуенін жазып алдым да Шөмішбай ағаға: "Сағыныш болсын, күз болсын ішінде" деп айттым. Шөмішбай ағаның дәл тапқаны соншалық, бірінші шумағында адамның уақыты, екіншісінде күндері, үшіншісінде жылдары дегендей бір адамның ғұмыры іспеттес бұл ән", - дейді әнші.

"Күрең күз" әні қалай шыққан?

Композитордың халық жүрегінен орын таба білген тағы бір туындысы - "Күрең күз" әні. Бұл ән ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған.

Бұл туынды 1999 жылдың қазан айында дүниеге келген екен. Композитордың айтуынша, бұл әнді Мәдина Ералиеваға беремін деген ой болмаған екен. Әнші Гүлнар Дәукеноваға "Мен күрең күз болып жүрмін" деген екен. Тіпті бұл туынды өмірге келгеннен кейін бір ер адам композиторға "Мәдина сенің әніңді айтты да өліп қалды" деген екен. Осы сөздерден кейін Гүлнар Дәукенова екі жылдай өз-өзіне келе алмай жүрген екен.

Күндердің күнінде түс мезгілінде Гүлнар Дәукенованы бір танысы қонаққа шақырады. Алайда, сазгердің қонаққа баратын құлқы болмай, оның үстіне көңіл-күйі болмай, ол үйде қалуды жөн санайды. Ойына бір әуен келіп тұрады. Бірақ, оның сұлбасы елестегенімен сыртқа шығара алмайды. Сазгер қолына Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын алып кітапты парақтай бастайды. Бір кезде көзіне "Күрең күз" өлеңі түседі. Өлеңді оқыған сазгер дереу әуен жаза бастайды. Түскі сағат 12-ден бастап жазыла бастаған ән таңғы бесте ғана аяқталады. Осы уақыт ішінде сазгер біресе жылап, біресе мұңайып, қатты қиналған екен.

Гүлнар Дәукенова

Таңғы сағат сегізде ол жұмысқа келеді. Әріптестері оған бірге жұмыс істеген жап-жас қызды әлдекімдер өлтіріп кеткені туралы суық хабарды жеткізеді. Бір қызығы, сазгер ән шығарған уақыт аралығында қыздың өліміне байланысты қылмыс жұмыстары жүргізілген. Таңғы уақытта қыз көз жұмған екен. Сонда сазгер: "Менің қиналғаным бекер емес екен. Қыз жаны осы әнмен бірге шыққан ғой" деп болжайды. Жаназасын шығарғанда ішінен: "Әнімді өзіңе арнадым" деп онымен қоштасқан екен. 

Бір күні композитор теледидардан Мәдина Ералиеваның сұхбат берген бағдарламасын көріп, әншіге хабарласады. Жаңа әннің жазылғанын, оның үлкен әсерде дүниеге келгенін айтып, домбырамен айтып береді. Әнді марқұм Мәдина ұнатып, оң бағасын береді. Кейін сазгер мен әнші жолығып әнді өңдеп, жаздыртады. Бір айдан кейін ән халық назарына ұсынылады. 


Видео: Мәдина Ералиеваның орындауындағы "Күрең күз" әні

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.73   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети