Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
25 января 2021 13:58

"Жүз мыңнан аса адам қатысқан". Ресейде митинг қалай өтті?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Өткен демалыста Ресейде митинг өтті. Наразылық шарасы Еуропаның басқа елдерінде де болған. Кей мәліметке сүйенсек, митингіге жүз мыңнан аса адам шыққан, үш мыңнан астамы ұсталған. Бүгінде қылмыстық іс қозғалып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Ресейде болған митинг туралы баяндайды.


Өткен демалыста Ресейде митинг өтті. Наразылық шарасы Еуропаның басқа елдерінде де болған. Кей мәліметке сүйенсек, митингіге жүз мыңнан аса адам шыққан, үш мыңнан астамы ұсталған. Бүгінде қылмыстық іс қозғалып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Ресейде болған митинг туралы баяндайды.

Бәрі Навальныйдан басталды

Бәрін басынан бастаған дұрыс болар. Былтыр тамызда ресейлік оппозиционер Алексей Навальный уланып, артынша Германияға емделуге аттанған болатын. Германиядан тек биыл 17 қаңтарда еліне оралды. Полиция оны әуежайда ұстаған.


Алексей Навальный. Фото: ТАСС 

Бұған себеп 2014 жылы Алексей Навальный мен оның інісі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша айыпталған. Сол кезде оппозиционер 3,5 жылға шартты түрде сотталып, 2020 жылдың 30 желтоқсанына дейін сынақ мерзімі бекітілген. Бұл уақыт ішінде ол ай сайын екі рет тіркеуге келіп тұруы керек болған. Сондықтан, Навальный сынақ мерзімінің талаптарын бұзғаны үшін ұсталды.

Осылайша, оппозиционер 17 қаңтарда ұсталып, келесі күні сот отырысы өтті де, ол 30 күнге қамауға алынды. Сол кезде Навальный видеоүндеу жариялап, өз жақтастарын 23 қаңтарда 14:00-де митингіге шығуға шақырған.

100 мыңнан аса адам митингіге шыққан

Митингіге шығу туралы хабарламада желіде тарай бастады. Роскомнадзор "ВКонтакте", TikTok, YouTube және Instagram желілеріне митингіге шақыру айтылған жазбаларды өшіруді талап еткен. Бірақ наразылық шарасына Ресейде ғана емес, Еуропа елдерінде де қатысушылар көп болды.

Митингіге шыққандардың нақты саны жоқ. Түрлі мәлімет келтірілген. Мысалы, "МБХ медиа" мәліметінше, Ресейде Навальныйды қолдау үшін 110-160 мың адам митингіге шыққан. Ал Навальный ашқан "Жемқорлықпен күрес қоры" митингіде 250-300 мың адамдай болғанын хабарлады.


© Reuters 

Reuters мәліметіне сүйенсек, Мәскеудің өзінде 40 мыңға жуық адам наразылық шарасына қатысқан. Бірақ елдің Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты растамады, ведомство хабарлауынша, ел астанасында 4 мыңға жуық адам митингіде болған.

Санкт-Петербургте де осындай жағдай. Мұнда түрлі дереккөзде 5 мыңнан 30 мыңға дейінгі сандар айтылады. Екатеринбор мен Нижний Новгородта 10 мыңға жуық адам қатысқан.


Санкт-Петербургте митингіге шыққандар. © Reuters 

Бейбіт митинг қақтығысқа ұласты

Бейбіт митинг ретінде басталған шара кейін қақтығысқа айналды. Желіде полиция мен наразылық білдірушілер арасындағы төбелестің видеолары тарады. Желідегі роликтерге қарасақ, халық полиция өкілдері мен көліктеріне қар лақтырған. РБК мәліметінше, полицейлерге бөтелкелер, фальшфейерлер мен түтіндету құтысын лақтырған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от МОСКВА ИНФОРМ #РОССИЯ (@moscowinfo)

Көптеген видеода Ресей Гвардиясының өкілдері митингіге шыққандарды шоқпармен ұрып жатқанын көруге болады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от МОСКВА ИНФОРМ #РОССИЯ (@moscowinfo)

Желіде ең көп тараған тағы бір видео Санкт-Петербургте түсірілген. Әйел адам үш сарбаз митингіге шыққан адамды ұстап, алып бара жатқан кезде оны не үшін ұстағандарын білмек болған. Сол кезде сарбаздардың бірі әйелдің ішінен тепкен, артынша әйел адам басымен асфальтқа соғылған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ? Санкт-Петербург | Россия ?? (@piterboorg)

24 қаңтарда күндізгі уақытта РИА Новости Маргарита Юдинаның (соққыға жығылған әйел) жағдайы нашар екенін хабарлаған болатын. Алайда астана уақыты бойынша сағат 21.30-да ол ауруханадан шыққан.

Кейін сол сарбаз Юдинаның жағдайын білу үшін ауруханаға барып, одан кешірім сұраған.

Шетелдіктер де Навальныйды қолдады

Алексей Навальныйды қолдау үшін басқа мемлекеттерде де митингілер өтті. BBC мәліметінше, Гаага, Лондон, Берлин, Токио, Милан, Мюнхен, Прага, Барселона, Мадрид және басқа қалаларда Ресей елшілігінің маңында наразылық шаралары ұйымдастырылған.


Лондонда өткен акция. Фото: bbc.com 

Берлинде митингіге кем дегенде 3 мың адам жиналған. Ал Тель-Авивте, куәгерлердің айтуынша, митингіге мыңға жуық адам қатысқан. Сондай-ақ, АҚШ пен Аустралия қалаларында да осындай акциялар өткен.

Нью-Йорктегі Тайм-Сквер маңында жүздеген адам жиналып, әр елдің туын көтерген. Арасында Қазақстан байрағы да бар. 

RuNews24.ru ақпараты бойынша, Киевте 30-ға жуық адам жиналған. Yle.fi мәліметіне сүйенсек, Хельсинки тұрғындары митингіге елдегі карантин шараларын сақтап шыққан. Дәлірек айтқанда, әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін 10 адамнан аспай 16 жерде акция ұйымдастырылған. Бұл акция полициямен келісілген.

BBC мәліметінше, жалпы алғанда 23 қаңтарда Ресейдің 122 қаласы мен шетелдің 78 қаласында осындай акциялар ұйымдастырылған. 

АҚШ Мемлекеттік департаменті, ЕО дипломатиясының басшысы Джозеп Боррелл және Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб наразылық білдірушілерге күш қолдану мен ұстау әрекеттерін сынға алды. Боррелл мен Рааб рұқсат етілмеген наразылық акциясында ұсталғандардың бәрін босатуға шақырды.

Кей дерекке сүйенсек, Ресейде митингіге қатысқан 3 618 адам ұсталған. Кеше ұсталғандардың біріне алғашқы үкім жарияланды. Санкт-Петербургте Юрий Балабонян есімді тұрғынға 10 мың рубль көлемінде айыппұл салынды.

Қазіргі уақытта Мәскеу мен Владивостокта да қылмыстық іс қозғалып жатыр. ІІМ хабарына қарағанда, митинг кезінде жолды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтіргендер жазаланады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети