10-15 бала тапқан әжелерімізден қай жеріміз кем - Көпбалалы ана

08 Наурыз, 19:14
2

"Әр баланың өз несібесі бар". Алматылық Ризваням Зульярованың өмірлік ұстанымы осындай. Ол бүгінде төрт сәбиді дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанып отыр. 

Tengrinews.kz тілшісі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ризваняммен кездесіп, әңгімелесіп қайтты.

Ризваням Зульярованың үлкен қызы Шахмина - қазір 10 жаста. Әмір есімді жалғыз ұлы бар. Оның жасы - 8-де. 2014 жылы егіз қыз босанып, есімдерін Самира мен Шахмира деп қойған. Оның айтуынша, баланың саны көп болса, әр мереке де қызықты өтеді.

"Күнделікті өмірде таңатпай балаларды мектепке, балабақшаға жіберіп, үй шаруаларына кірісемін. Ал 8 наурызда бәрі басқаша. Алдымен екі анамды құттықтаймын. Балаларым да мені таң атпастан еркелетіп, мерекеммен құттықтайды. Сол үшін 8 наурызды қатты күтіп жүреді. Ұйқыдан тұра сала, "Мама, үй жинайын, ыдыс жуайын" деп көмектесе жөнеледі", - дейді бақытты ана.

"Әрине, жылдың әр күнінде анама қолғанат болуға тырысамын. Бірақ 8 наурызда оған ерекше көңіл бөлемін. Себебі бұл күнде тек жымиып жүргенін қалаймын. Сондықтан, мүмкіндігімше еден жуып, үй тазалауға көмектесемін. Мен үшін бұл - ең алдымен, анамның мейрамы. Сондықтан ол жылдағы жалғыз мейрамын көңілді өткізіп, көп шаруа жасамағанын қалаймын", - дейді ұлы Әмір.  

Ризваням Зульярова Халықаралық әйелдер күні алған ең құнды сыйлығын есіне түсірді.

"8 наурыз күні таңда ұйқыдан тұрсам, күйеуім үйде жоқ. Қайда кеткенін білмей, түсінбей қалдым. Бір кезде күйеуім қолына гүл мен алтын сақина алып келіп тұр. Таңатпай тұрып, гүл сатып алуға шығып кеткен екен. "Осындай балалар сыйлағаның үшін рақмет" деп сыйлығын табыстады. Одан артық не бақыт керек?", - дейді Ризваням.

Оның айтуынша, Самира мен Шахмираны көп адам ажырата алмай жатады. Бірақ өздері алдына кімнің келіп тұрғанын оңай біледі екен.

"Екеуінің мінездері әр түрлі. Айтқан сөздерінен, мінез-құлықтарынан ажыратамыз. Шынымды айтсам, егіздерімді туған кезде олардың салмақтары аз болған. Содан қатты қорықтым. Біреуі 1,8 келі, екіншісі 2,6 келі болды. Ешқандай ауруға ұшырамаса екен деп тіледім. Ал биыл 8 наурызда балабақшада қыздарым маған сыйлық жасаған кезде олардың өсіп қалғанын көріп, көзіме жас келді", - дейді Ризваням Зульярова.

Ризванямның айтуынша, балалары өзара ұрсысып қалса, олардың бәрін жазалайды екен.

"Жаза дегенім ұрып-соғу емес. Мысалы, олармен сөйлеспей қаламын. Айтқандарын тыңдамаймын. Сол кезде балаларым да ойлана бастайды. Қазір бір-бірімен өте тату", - дейді ол.

Зульярова балаларының түрлі қылықтарын әлі күнге дейін күліп еске алады. 

"Былтыр 8 наурызда бір танысым мейраммен құттықтап, сусабын сыйлап кеткен. Үйге келген бір қонақ "Бөлмеден бір иіс шығып жатыр" деп ескертті. Қарасам, егіз қыздарым сусабынды ашып, ішіндегісін бір-біріне түгел жағып отыр. Сөйтіп, қыздарымды жуындырайын десем, сусабын одан сайын көпіріп, кетпей қойды. Соған 1,5 сағатымды жібергенмін", - дейді көпбалалы ана.

Зульярованың ұлты ұйғыр болғанымен, ол қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген. Мектепте үш тілде де тәлім алған екен. Ал қазір балалары бірден төрт тілде сабақ оқып жүр. 

Енді Ризваням мен оның жары Шухрат дүниеге бесінші рет сәби әкелуді қалап жүр.

"Күйеуім "тағы бір ұл ту" дейді. Себебі үйде бір еркек - еркек емес. Ертең қыздар өзара сырласып жүреді, ал ұлға жалғыз қиындау. Оған іні керек. Болашақта бір-біріне жәрдемдесіп, кеңестерін беріп жүреді. Уақыты келгенде сол кезге де жетерміз", - дейді ол.


Суреттер отбасылық мұрағаттан

Ризваням соңғы кезде әлеуметтік желілерде көп бала тумауға шақырып жүргендерге өз жауабын берді.

"Адам баланы мемлекет үшін, басқа үшін тумауы керек. Мен өзім үшін тудым. Мысалы, әкем 11 ағайынды болған. Кішкентай кезімде 11 бала тапқан әжеме қарап мен де көпбалалы болсам екен дейтінмін. Балаларының бәрі жиналғанда отыратын орындық жетпей қалатын. Бұрынғы қиын-қыстау заманда ана-әжелеріміз 10-15 баладан туған еді, қазіргі таңда мен төрт бала асырай алмаймын ба? Бәрі адамның өзіне байланысты. Кейде әлеуметтік желіде бір адамдардың мұны "кедейлікті көбейту" деп жазып жатқанын оқимын. Бұл - ақымақтық. Әр баланың өз несібесі бар", - дейді көпбалалы ана.

Автор: Есет Төлеш

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц