Youtube-тен видеосын көру аздық етеді - Асаба таңдауда неге назар аудару керек

23 Сәуір, 12:35
0
© mfa.kz
© mfa.kz

Бүгінде дүркіретіп той өткізуге аса мән беретін қазақстандықтар арасында агенттіктер мен ұйымдардың көмегіне жүгіну трендке айналды. Соңғы кездері көбінің той ұйымдастыруды Event-агенттіктерге толығымен сеніп тапсыратынын байқауға болады. Себебі агенттіктер іс-шараны безендіріп, шақырту билеттерін дайындап қана қоймай, тойды жүргізетін асабаға дейін тауып береді. Бірақ олардың той қонақтарын ыңғайсыз жағдайға қалдырып немесе ерсі әзілдер айтпайтынына кім кепіл?

Осы салада қызмет етіп жүрген тараздық шоумен әрі асаба Рауан Tengrinews.kz тілшісіне асаба таңдауда неге назар аудару керек және қандай асабалардан абай болу керектігін айта отырып, өз тәжірибесін бөлісті. Сондай-ақ, ол қазіргі асабалардың жиі жіберетін қателіктерін атап өтті.

Тойдың жақсы өтуі тікелей асабаға байланысты болғандықтан, ол халық алдында сөйлеуге шебер, жиналған қонақтардың басын бір арнаға тоғыстыра білетін, әзілі өтімді адам болуы керек. Бірақ, Рауанның айтуынша, қазіргі асабалардың көбінде "әзіл тек жастарға өтсе болды" деген пікір қалыптасқан.

"Мысалы, кейбір асабалар 80 жас, 60 жас мерейтой болса, оны үйлену тойына арналған сценаримен жүргізіп кетеді. Ондай асабалар бар, бірақ барлығы ондай емес. Байқағаным, соңғы уақытта асабалардың көбінде "тек жастарға өтсең болды" деген пікір қалыптасқан. Нәтижесінде олардың көпшілігі жастардың тілін ғана тауып, үлкендерге жеткілікті көңіл бөле алмай қалады. Сол кезде үлкен кісілер, келген қонақтар шулап кетеді. Дәл сол асабалар "екі үстел күлсе болды" деген оймен барады. Бірақ асаба бүкіл қонақтың көңілін табуы керек", - дейді ол.


Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған сурет

Асаба кезінде өзінің де әзілдері өтпеген жағдайлар болғанын айтады.

"Негізі менің әкем де асаба. Бастапқыда әкемнің айтатын сөздерін жаттап жүрдім. 2015 жылдан бастап Youtube-тан шоумендердің, асабалардың видеоларын қарап, сценарилерін оқып жүрдім. Содан видеоларды қарап жүріп, тәжірибе жинай бастадым. Екі жылдан соң кейбір сөздерден арылып, ешкімге еліктемеу керек болды. Сосын еңбектене бастадым. Қазір сценарилерді ойдан шығаруға ұмтыламын. Ұмытып қалып бара жатсам, ойымнан құрастырып жіберемін, сондықтан кейде мән-мағынасы болмай кететіні рас. Кейбіреулерді ренжітіп қойсам, той соңында кешірім сұраймын", - дейді Рауан.

Асабаның айтуынша, бүгінде тойлар көбіне әзілмен және музыкамен өтеді, яғни халыққа қазір жақсы әзілдер мен музыка өтеді. 

Ал тойда ерсі әзілдер болмауы үшін және алаяқтарға ұрынбау үшін Рауан бірінші кезекте той алдында асабамен кездесуге кеңес береді.

"Иә, алаяқ асабалар бар, ондайлар кездеседі. Біреудің атын жамылып, клиенттерді алдайтын ұйымдастырушылар да болады. Сондықтан алаяқтарға тап болмау үшін алдын ала төлемнің қалай жасалатынын, қандай да бір келісім құжаттары болуын немесе кепілдіктің болуын қадағалау керек. Себебі біздің атымыздан тапсырыс алып, алдап кетіп жататын жағдайлар болды. Сол үшін олармен бетпе-бет кездесіп, көрісу керек. Той иелерінің көбі "келісейік, алдын ала ақша қалдырып кетейік" деп өздері айтады. Олар әдетте тапсырысты 1-2 ай бұрын беріп қояды, бірақ тойға дейін хабарласып тұрады", - дейді Рауан.

Оның айтуынша, асабаны таңдағанда оның Интернеттегі жазылушыларының санына емес, тойды жүргізген видеоларына, дикциясына назар аудару қажет.

"Қазіргі заманда Instagram, Youtube дамып кетті. Сондықтан қазақстандықтардың көбі асабаны Интернеттен қарап, тапсырыс бере салады. Мысалы, бір асабаның жазылушысы көп, бір асабаның жазылушысы аз - көбі соған қарайды. Дегенмен жазылушысы көп асаба екіншісіне қарағанда әлдеқайда әлсіз болуы мүмкін. Ең бастысы онымен кездесіп, айтқан сөзіне, дикциясына назар аудару керек. Сондай-ақ, кімнің тойын жүргізгенін сұрау керек. Және де, әрине, асабаның сыртқы келбетіне назар аудару керек. Тәжірибесі бар-жоғын білу керек, жұмыстарын қарап шығу қажет - яғни Youtube-тегі видеоларын қарап шыққан жөн. Бұдан бөлек, мықты асаба сценарий жаза білуі керек", - дейді Рауан.

Оқи отырыңыз:

Асаба немесе ShowMan. Сіз кімді таңдайсыз?

Қазақстанда тойдағы ысырапты заңмен шектеу қажет пе

"Сапар айын бақытсыздық айы деп санаған". Қазақ қандай жағдайда той жасамаған

Получить короткую ссылку

Тегтер:

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц