1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

Адам танымастай өзгерген Зухра Хакиева отаға қанша жұмсағанын айтты 04 ноября 2021, 13:58

Кейінгі жылдары Қазақстанда пластикалық ота жасатып, сырт-келбетін өзгертетіндер бар. Зухра Хакиева 8 рет пышаққа түсіп, адам танымастай өзгерген.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Кейінгі жылдары Қазақстанда пластикалық ота жасатып, сырт-келбетін өзгертетіндер бар. Зухра Хакиева 8 рет пышаққа түсіп, адам танымастай өзгерген. Ол Tengrinews.kz тілшісіне отадан кейінгі өмірін айтып берді.

Зухра - Алматы қаласының тумасы, жасы 32-де. 5 жасар ұлы бар, ажырасқан. Қазір ол Қазақстандағы танымал телешоуға қатысып, болашақ жарын іздеп жүр. Кейіпкеріміз бірнеше пластикалық ота жасатып, 6 миллионға жуық қаражат жұмсаған екен.

Пластикалық отаға дейін

"Шынымды айтсам, менде ешқандай да комплекс болған емес. Өз-өзіме көңілім толатын, алайда тұрмыс құрып, босанғаннан кейін үйде отырып қалдым. Өздеріңіз білетіндей, әйел адамның ісі таусылмайды. Бала бағып, күйеуімнің қас-қабағына қараумен болдым. Өзіме көңіл бөліп, қалыпқа келетіндей мүмкіндігім болмады. Оның үстіне, бар ақшаны пәтерге жинадық. Кейіннен бетіме қара дақтар шығып, артық салмақ және тағы да басқа проблемалар пайда бола бастады", - дейді ол.     

"Бұрынғы күйеуімнің іші күйіп жүр"

Хакиеваның айтуынша, оның өзгеруге деген талпынысына бұрынғы күйеуі себеп болған.

"Тұрмысқа шығуды қатты армандап, бұрынғы күйеуіммен сүйіп қосылдым. Кейін ол күрт өзгере бастады. Бар өмірімді балам мен жарыма арнап, айтқанының бәрін істедім. Десе де, бұрынғы күйеуім үнемі дене пішініме, келбетіме сын айтып, мені мазақ қылатын. Өз күйеуіңнен мұндай ауыр сөздерді есту өте қиын екен. Біраз уақыт есімді жия алмай жүрген кездер де болды, сынып қалдым. Өз-өзіме деген сенімсіздік пайда болып, өзімді ешкімге қажетсіз адам ретінде сезіндім. Одан бөлек, қол көтеріп, ішімдікке салынып, түбінде көзіме шөп салғаны да бар. Бұл мүлде бөлек әңгіме. Осындай опасыздықтардан кейін өзімді қолға алып, өзгергім келетінін сездім", - деді Зухра.

Зухра Хакиева бұрынғы күйеуімен 5 жылға жуық отбасы болған. Ол қазір мүлде араласпайтынын айтты.

"Бізді байланыстырып тұрған ортақ баламыз ғана. Бұрынғы күйеуім менің өзгергенімді байқап, аяғымды шалғысы келеді де тұрады. Шын мәнінде оның іші күйіп жүр", - дейді ол.   

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Хакиева Зухра Рахимжановна (@zuhra_hakieva)

Отаға дайындық

Кейіпкеріміздің пластикалық ота жасайтынын ешкім білмеген.

"Мен ешқандай отадан қорықпаймын. Діттеген мақсатым болса, соңына дейін жеткізбей тыңбаймын. Әйтеуір, жолын тауып, амалын қарастыра бастадым, сондықтан да дайындық өте оңай болды. Тек қаржы мәселесі қиындық тудырды, бірақ бірнеше жерде жұмыс істеп, қажетті соманы таба алдым. Шынтуайтында, мені алға жетелеген өзгеріске деген ұмтылыс еді. Жасыратыны жоқ, пластикалық оталар жайлы ешкіммен ақылдаспадым, себебі туыстарымның басым бөлігі қазақи ортада өскендіктен таңдауымды қолдамайтыны анық болды", - дейді Зухра Хакиева.

Зухра жасатқан пластикалық оталар

Ол өзі жасатқан әр отаға жеке тоқталып, қанша сома жұмсағанын айтып берді. Зухраның айтуынша, оның дәрігер таңдауда жолы болып, керемет нәтижеге қол жеткізіпті.

"Көзімнің астында ісіктер болды. Ол негізі геннен тараған, анамда да бар. Көзімнің астына әжімдер жиылып, салбырап тұратын. Бір күні бұл туралы интернеттен мағұлмат іздеп, жақсы маман таптым. Ота құны 85 мың теңге екен. Қуана келістім. Көзімнің астын теріс айналдырып, ішіндегі артық майды алып тастады. Операциядан кейін бетімнің реңі кіріп, көзім ерекшеленіп шыға келді. Одан кейінгі отамды жарты жылдан кейін жасадым. Бұл жолы блефаропластиканы көздедім. Көзімнің үстіңгі қабағын кесіп, қабақтың пішінін өзгерттім. Нәтижесі өте керемет, бір айға жетпей терідегі тыртық кетті. Бағасы - 250 мың теңге. Келесі жолы хейлопластиканы қалап, тағы пышаққа түстім. Булхорн немесе ерін пластикасы деп те аталады. Менің үстіңгі ернім тістерімді жауып тұратын. Соны жоғары көтеріп, мұрынның астынан тіктірдім. Бұл ота да өте сәтті шықты. Хейлопластикаға да 250 мың теңге жұмсадым. Сондай-ақ, ринопластиканы да жасаттым. Неге десеңіз, мұрнымның ұшы төмен қарап, ерсі көрінетін. Кейін мұрнымды еуропалық стильде өзгерттім. Құны 1 миллион теңге болды", - дейді 32 жастағы алматылық.   

Сонымен қатар, Зухра Хакиева 500 мың теңгеге кеудесін, 3 миллионға тісін жасатқан екен. Ал 840 мың теңгеге бразилиялық жіппен бетін тарттырған.

Пластикалық отадан кейін

"Отадан кейінгі өмірім күрт өзгерді деп айта алмаймын, бірақ өзіме деген сенімім қатты артты. Сондай-ақ, бұрынғыдай өзгелерге қызығып, сол кісілердей әдемі болуды армандамаймын, себебі қазір өзімді жоғары бағалаймын. Маған тым жасандысың деп айып тағатындар бар. Мен олардың пікірін елемеймін де, ең бастысы, өзімді жақсы көремін. Өмірімнің ең бақытты кезеңдерін кешіп жүрмін. Жасырмаймын, кейде айнаға қарай бергім келеді. Бұрынғы мен қазіргі суреттерімді салыстырсам, екі бөлек адамды көргендей боламын.

Ал отадан кейінгі денсаулық мәселесіне келетін болсақ, жағдайым бірқалыпты, өзімді жақсы сезінемін. Жыл сайын дәрігерлердің қарауында болып, денсаулығымды қадағалаймын. Әзірге ешқандай ақау табылып, жағдайым нашарлаған емес", - деді ол.

Зухра Хакиева алдағы уақытта тағы да бірнеше ота жасату ойында барын айтты. Ол енді дене бітімін толық өзгертіп, іші мен қолын арықтатқысы келеді.

Осы тұста біз Оңтүстік Кореяның танымал пластикалық хирургы Ди Хван Кимнан эстетикалық оталардың кері тұстарын да сұрадық.

"Пластикалық отаға дайындық көп уақытты талап етеді. Бір жерімді өзгерту керек деп қана пышаққа түсуге болмайды. Операция біткеннен кейін нәтижесіне көңілі толмай жатқан қаншама пациент бар. Егер де бұл сіздердің нақты шешімдеріңіз болса, міндетті түрде бірнеше дәрігерге қаралып, жан-жақты кеңес алу керек. Тек білікті деген маманға сенім артқан дұрыс, неге десеңіз, пластикалық отадан зардап шеккен адам аз емес. Олардың арасында өз-өзіне қол жұмсап жатқандар да бар. Сөз соңында айтарым, адам өз сұлулығын көре білуі маңызды, ал пластикалық ота тек рең беруі тиіс", - дейді шетелдік дәрігер.  

 Әңгімелесен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Зухра Хакиеваның жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!



Join Telegram