Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
08 октября 2021 17:36

"Бала мутант болып туады" - Желіде вакцина туралы адамшошырлық фейктер тарады

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Вакцина құрамында цифрлық із және гидра бар, оны салдырғандарды бақылап отырады" деген жалған ақпарат желіде көп. Тағы бір фейкте екпе алғандардың баласы мутант болып туады делінеді. Оның бәрі жоққа шығарылды. Tengrinews.kz тілшісі Қазнетте тараған фейктерді жинап шықты. 


"Вакцина құрамында цифрлық із және гидра бар, оны салдырғандарды бақылап отырады" деген жалған ақпарат желіде көп. Тағы бір фейкте екпе алғандардың баласы мутант болып туады делінеді. Оның бәрі жоққа шығарылды. Tengrinews.kz тілшісі Қазнетте тараған фейктерді жинап шықты. 

"Ревакцинация иммунитеттің айтарлықтай әлсіреуіне әкеледі" - фейк

Әлеуметтік желі қолданушылары украиналық дәрігер Надежда Жолобактың сұхбатының үзіндісін бөлісіп жатыр. Онда ол коронавирусқа қарсы көп мәрте ревакцинация жасау иммунитет әлсіреуіне әкелуі мүмкін деп мәлімдейді. Бұған 70-жылдары теңіз шошқаларына жүргізілген зерттеулер дәлел екенін айтады. 

"Ревакцинаны қаншалықты көп салдырсақ, иммундық жүйе соншалықты әлсірей береді. Кейін кішкентай ғана инфекция адамды өлтіруге жеткілікті", - делінген хабарламада. 

Теңіз шошқалары зертханалық жануарлар ретінде қолданылады. Атап айтқанда, оларда аллергиялық реакциялардың ықтималдығын, белгілі бір препараттардың қауіпсіздігін және т.б. зерттейді.

COVID-19-ға қарсы вакциналар адамдардың иммунитетін тежей алмайды. Бұған көптеген ғылыми тәжірибе дәлел бола алады. ДДСҰ, Nature ғылыми журналы және Джонс Хопкинс институты осы ауруға қарсы ревакцинацияның қауіпсіз және тиімді екенін жазған.

The Lancet журналы да вакциналар мен ревакцинация иммундық жүйеге теріс әсер етпейтінін және оны тежемейтінін дәлелдейтін зерттеулер жүргізген. 

"Вакцина салдырғандар қаны егілмегендердің қанына қарағанда күңгірт" - фейк

Telegram-да коронавирусқа қарсы егілген адамдардың қаны вакцина салдырмағандардың қанынан ерекшеленетіні туралы хабарлама тарады. Екпе алған адамдарда қан түсі қою қызыл, қоңыр реңкті болады-мыс.

Бұл теорияның "дәлелі" ретінде "Вконтакте" әлеуметтік желісінде ProMed тобында жарияланған суреттер ұсынылған. Суретте түтіктерде веноздық және артериялық қан бар деп жазылған. Фотоның вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ.

Веноздық қан артериялық қанға қарағанда күңгірт, өйткені ол оттегімен аз қаныққан. Жүректен ағзаларға өтетін артериялық қан, керісінше, оттегімен қаныққан, соның нәтижесінде ашық қызыл реңкті болады.

Әр адамның қанының түсі әртүрлі болуы мүмкін. Бұл көптеген факторға, соның ішінде жасына, белгілі бір ауру болуына немесе болмауына байланысты.  

"COVID-19 қарсы вакцинадан гидра табылды" - фейк

Қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары таңғаларлық жаңалықты бөлісіп жатыр - COVID-19-ға қарсы вакцинадан гидра табылған екен. Алайда, бұл жаңалықты кімнің ашқаны белгісіз. Кейбір пайдаланушының пікірінше, препараттағы жануарды аноним маман тапқан, басқалары вакцинацияға қарсы белгілі тұлға Кэрри Мадейге тиесілі деп жазады. 

Вакцина құрамында гидралар болуы мүмкін емес. Жалпы Гидра немесе Hydra vulgaris – тұщы су гидроидтерінің өкілі. Көбіне мұндай гидралар өсімдіктердің сабақтарына, мысалы, құмыраларға жабысып өмір сүреді. Гидраның көлемі шамамен екі сантиметр. Тиісінше, оны көру үшін микроскоп қажет емес, ал вакцина құтысында оны бірден байқауға болады.

Ампулаларда гидраға қорек көзі жоқ. Вакцинасы бар құтылар күн сәулесі түспейтін тоңазытқыштарда сақталады. Бұл жағдайда гидралар ұзақ тіршілік ете алмайды. 

Moderna вакцинасының құрамы Желіде жарияланған. Оның құрамында жануар текті компоненттер, оның ішінде гидралар жоқ.

"Түркияда вакциналанған аналардан мутант балалар туған" - фейк

Желіде Түркияда жүктілік кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салдырған әйелдерден мутант балалар туғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Нәрестелердің құйрығы, түгі бар және қол-аяғы көп. Бұл жалған.

Moderna Pfizer/BioNTech өндірген вакцинаны салдырған аналардан туған мутант балалар туралы түрік әл-ауқат партиясының төрағасы Фатих Эрбакан хабарлаған. Ол теледидардан сөйлеген сөзінде COVID-19-ға қарсы мРНК вакциналары адамдардың ДНҚ-сын өзгертеді, бұл мутант балалардың дүниеге келуіне себеп болады деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол ерекше сәбилердің суреттерін көрсетті.

Шын мәнінде, фотосуреттердің ешқайсы вакцинамен және COVID-19 пандемиясымен байланысты емес. Құйрығы бар бала бейнеленген алғашқы сурет графикалық редакторлардың көмегімен жасалған. Суретті 2009 жылы фотограф Саймон Стоун шығарып, өңдеген.

Денесін түк басқан бала бейнеленген екінші фотосуреттің де вакциналарға еш қатысы жоқ. Суреттегі бала гипертрихозбен немесе "қасқыр синдромымен" туған. 

Эрбакан көрсеткен үшінші фотосуретте 2016 жылы Үндістанда дүниеге келген Сиам егіздері бейнеленген. Жаңа туған ұл мен қыздың ортақ мүшелері көп және екі аяғы ғана болған, сондықтан оларды бөлу мүмкін болмаған.

Жарияланған суреттер COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін түсірілген және осы ауруға да, оған қарсы вакциналарға да ешқандай қатысы жоқ.

"Вакциналарда цифрлық із бар" - фейк

Желі қолданушылары арасында жаңалықтар шығарылымынан алынған үзінді тарап жатыр. Сюжетте COVID-19-ға қарсы вакциналарда белгілі бір цифрлық із бар екеніне дәлел табылғаны айтылады.

Видеода "цифрлық із" сөз тіркесін Ресей денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко айтады. Жаңалық сюжетінде оның XI Бүкілресейлік пациенттер конгресінде сөйлеген сөзінен үзінді келтірілген. Іс-шара былтыр қарашада онлайн-форматта өткен. Желіде сөйлеген сөзінің видеосы бар. 

Толық видеодан министр вакцинадағы чиптер мен құпия ингредиенттер туралы айтпағаны байқалады. Бұл ретте клиникалық зерттеулерге қатысушыларда "Спутник-V" вакцинасына жағымсыз реакцияларды цифрлық бақылау жүйесі туралы сөз болып отыр.

Сонымен қатар, цифрлық із - материалдық нәрсе емес. Оны бір заттың құрамына қосу мүмкін емес. Цифрлық із - бұл адам Интернеттегі қызметі нәтижесінде қалдыратын ақпарат. 

Мәліметтер Stop Fake сайтынан алынды

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети