Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
12 марта 2021 12:01

Басқармадан әкімге дейін. Басшылық қызметтегі спортшылар

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

Таяуда Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов басшылық қызметке тағайындалды. Елімізде спортшыларды мемлекеттік қызметке қою бұрыннан қалыптасқан құбылыс. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев он жылдан аса уақыттан бері мемлекеттік қызметте жүр. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі жылдары басшылық қызметке тағайындалған қазақстандық спортшылар туралы баяндайды.


Таяуда Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов басшылық қызметке тағайындалды. Елімізде спортшыларды мемлекеттік қызметке қою бұрыннан қалыптасқан құбылыс. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев он жылдан аса уақыттан бері мемлекеттік қызметте жүр. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі жылдары басшылық қызметке тағайындалған қазақстандық спортшылар туралы баяндайды.

Әділбек Ниязымбетов

Әділбек Ниязымбетов 1989 жылы 19 мамырда Өзбекстанның Нүкіс қаласында туған. Кішкентай кезінде Ақтауға көшіп барған.

31 жастағы Әділбек бокстағы карьерасымен елге танымал. 2011 және 2013 жылдары әлем чемпионатында күміс медаль таққан. 2012 және 2016 жылдары өткен Олимпиада ойындарында да финалда сүрініп, елге "күміспен" оралған. Карьерасында Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы секілді жетістіктер бар.

Ол карьерасын 2018 жылы аяқтады. 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтандағы Олимпиада орталығында қызмет етті. Ал былтыр Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі директорының орынбасары болды.

Таяуда Ниязымбетов осы мектептің директоры қызметіне тағайындалды.

Динара Сәдуақасова

Осыдан бірнеше күн бұрын шахматтан әлем чемпионы Динара Сәдуақасова да басшылық қызметке тағайындалды. Ол елімізде емес, халықаралық ұйымда қызмет етеді. Дәлірек айтқанда, 24 жастағы Динара FIDE халықаралық шахмат федерациясы спортшыларының комиссиясын басқарады.

"Қуанышты жаңалығымды бөлісіп отырмын - FIDE спортшылары комиссиясының төрағасы болып тағайындалдым", - деп жазды Сәдуақасова Instagram-парақшасында.

Шахматшы 1996 жылы 31 қазанда Нұр-Сұлтанда дүниеге келген. Бес жасынан бері шахмат ойнайды. 2018 жылы FIDE әлемдік рейтингінде ТОП-15 қатарына енген.

Ал 2019 жылы әйелдер арасында Азия чемпионатында топ жарған алғашқы қазақстандық атанды. 14, 17, 18 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы болған.

Мұхтархан Ділдәбеков

Жыл басында танымал боксшы Мұхтархан Ділдәбеков те басшы атанды. Ол "Шымкент қаласының №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің" директоры болып тағайындалды.

Спорт мектебі 1997 жылы ашылған. Мектепте спорттың 8 түрі бар: каратэ, таеквондо, кикбокс, бокс, дзюдо, еркін күрес, әйелдер күресі және грек-рим күресі.

Мұхтархан Ділдәбеков 1976 жылы наурызда қазіргі Түркістан облысы Жамбыл аулында туған. Ауыр салмақта халықаралық деңгейде сәтті өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық боксшы саналады. 1999 жылғы әлем чемпионатында, сол жылғы Азия чемпионатында күміс жүлде иеленген. 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарында да күміс медаль таққан.

Азия ойындарында үш мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген. 1998 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанса, 2002 және 2006 жылдары финалда сүрінген.

Бұған дейін ол республикалық "Көкпар" федерациясын басқарған болатын.

Илья Ильин

Ауыратлет Илья Ильин былтыр бірнеше қызметке тағайындалды. Мамырда зілтемірші спорттағы карьерасын аяқтағаны хабарланды. Көп ұзамай ол Қызылорда қаласындағы "Мұз айдыны" кешенінің директоры атанды.

Ал қыркүйекте тағы бір лауазымға ие болды. Бұл жолы Қызылорда облысының қазақстандық спортшылар одағының филиалын басқаратыны хабарланды.

Желтоқсанда Ильин "Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының" бас ғылыми қызметкері болғаны жарияланды.

32 жастағы ауыратлет - 2005, 2006, 2011 және 2014 жылдағы әлем чемпионаттарының жеңімпазы. 2016 жылы ол допингке қайта тест тапсырғаннан кейін 2008 және 2012 жылдары Олимпиада ойындарында жеңген алтын медальдарынан айырылып, екі жылға жарыстардан шеттетілген болатын.

Ильин екі салмақ дәрежесінде төрт бірдей әлем рекордын орнатқан. 2005, 2006, 2014, 2015 жылдары әлемнің үздің ауыратлеті атанған.

Ақжүрек Таңатаров

Олимпиада жүлдегері атанған тағы бір қазақстандық Ақжүрек Таңатаров та қазір басшылық қызметте. Ол 2018 жылы Жамбыл облысына қарасты "Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің" директоры болып тағайындалды.

Ақжүрек 1986 жылы Таразда туған. Еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Басты жетістігі - 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарындағы қола медалі.

2017 жылы да қанжығасын бірнеше медальмен толтырған. Парижде өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген. Ал Нью-Дели Азия чемпионы атанған.

Асхат Шахаров

Дзюдошы Асхат Шахаров білдей бір қаланы басқарып отыр. Ол былтыр наурызда Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалған.

Спортшы 1978 жылы қазанда Орынбор облысы Ақбұлақ аулында дүниеге келген. Дзюдодан 2000 жылы Азия чемпионатында күміс, 2001 жылы әлем чемпионатында қола медаль иеленген. Самбодан үш дүркін әлем чемпионы атанған.

Спорттағы карьерасын аяқтаған соң Шахаров Ақтөбедегі университеттердің бірінде оқытушы болып жұмыс істеген. Бірнеше жыл бойы қалалық, облыстық мәслихат депутаты болған.

Артынша БҚО-дағы Қаратөбе мен Зеленовский аудандарының әкімі қызметін атқарған. 16 наурызда Шахаровтың Ақтөбе әкімі атанғанына бір жыл болады.

Серік Сәпиев

Серік Сәпиевтің де жоғары лауазымдарда жүргеніне бірнеше жыл болды. Болашақ боксшы 1983 жылы қарашада Қарағанды облысы Абай қаласында туған. Бокстағы карьерасында жетістігі мол. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында топ жарған. Екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы атағы бар. 2010 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

Олимпиададан кейін Сәпиев Лондонда оқып қайтып, 2014 жылы Astana Arlans клубының президенті қызметіне тағайындалды. 2017 жылы Мәжіліс депутаты атанып, бір жылдан кейін өкілеттілігін тоқтатты.

2019 жылы қаңтарда боксшы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ал жарты жылдан кейін Серік Сәпиев ТМД-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт кеңесінің төрағасы атанды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети