Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
05 августа 2019 10:15

Бес баланың әкесі, актер, хит әндердің авторы. Сіз кімсіз, Ринат Зайытов?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ринат Зайытов. © Tengrinews.kz Ринат Зайытов. © Tengrinews.kz

Соңғы уақытта Желіде Ринат Зайытов жиі талқыланып жүр. Айтыскер биыл маусым айында президент сайлауынан кейін "Алматы Арена" маңындағы алаңда ұсталған болатын. Кейін ол босап шыққанын айтып, алматылықтарды сабырға шақырып, видео жариялаған.


Соңғы уақытта Желіде Ринат Зайытов жиі талқыланып жүр. Айтыскер биыл маусым айында президент сайлауынан кейін "Алматы Арена" маңындағы алаңда ұсталған болатын. Кейін ол босап шыққанын айтып, алматылықтарды сабырға шақырып, видео жариялаған.

Артынша халық Алматыда Масанчи мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы полиция ғимараты алдына жиналған. Сол кезде Ринат Зайытов оларды тағы да сабырға шақырып, үйге тарауын өтінген болатын. Сол оқиғадан кейін Желіде Ринат Зайытов туралы сұрақ көбейген. Тengrinews.kz тілшісі айтыскер туралы мәліметтерді жинап шықты.

Қай жақтың ақыны?

Ринат Зайытов 1983 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. 13 жасында ата-анасы ажырасып, болашақ айтыскер анасымен бірге қалады. Зайытов 2016 жылы "Жұлдыздар отбасына" берген сұхбатында өзінің айтыскер ақын болуына осы оқиға себеп болғанын айтады.

"Титтейімнен намысшыл болып өстім. Егер ата-анам ажыраспағанда, мүмкін, мен Семейге келіп, айтысқа араласпас па едім?! Бүгінгідей Ринат болмас па едім?! Барлық нәрсенің бір себебі болады. Жас күнімде балалығымнан қалған ашынудың әсері ме, бұзық болып өстім. Тағы бір мінезім - қанша қиналып тұрсам да, білдірмеймін. Адам баласына зарымды айтып, мұң шағып көрмеппін", - деген еді ол.

Танымал қылған - айтыс

Ринат Зайытов екі түрлі мамандықты тәмамдаған: драма театр актері және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бірақ оны танымал қылған бұл мамандықтар емес.

2001 жылы 17 жастағы Зайытов айтыс сахнасына шығады. Сол кезде-ақ халықтың махаббатына бөленген жас айтыскер кейін республикалық, халықаралық додаларға түсе бастайды. Айтыста ел мұқтажын айтатындықтан бүгінде халық арасында "Ринат - шыншыл ақын" деген ой қалыптасқан. Зайытов сол үшін де талай жарыстан шеттетілгенін айтады.

"Мен айтысқа кеше шыға салып, бүгін "жалмауыз" боп кеткен жоқпын. Жемістің өзі көгеретін, пісетін уақыты болады, сосын шіритін уақыты болады. Ақынның ойы да солай. Бір айтқанда жетпесе, екі айтқанда жетпесе, іште қалай болғанда да жеткізем деген ой пайда болады. Келе-келе менде бір ғана мақсат пайда болды. Ол - менің ешкімге жау емес, дұшпан емес екенімді дәлелдеу", - деген Зайытов Aitysker.com сайтына берген сұхбатында.

Хит әндердің авторы

Ринат Зайытов хит әндердің авторы ретінде де аты шыққан. Ол КешYou тобының көп әніне сөз жазған. Халық арасында хит болған Бүркіттің "Тәттімсің", Бейбіт Қорғанның "От, от жанарым", Ғаділбек Жанайдың "Күзгі жаңбыр" әндерінің авторы - Ринат Зайытов. 2014 жылы сөзін Зайытов жазған "Ізін көрем" әнімен Жанар Дұғалова Turkvision жарысын жеңіп алған болатын.

"Әндерге жазып жүрген сөздеріме қатысты бір шындық бар. Кейде шалағайлық кетіп қалады. Немқұрайды қарап кетемін. Сосын, оның гонорарына қызығушылық болып кетеді. Қызығушылық емес, дәл сол уақытта ақша керек болып тұрады. Соны істеуің керек. Әншілер де талап қояды, көңіліне қарайсың. "Осындай қылып жазып берші" дейді. Шынымен де, сынға ұшырағым келмесе, "жоқ, мен жазбаймын" деп айтуым керек. Соны айтпай қаламын", - деді Зайытов TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ сол сұхбатында ол ән сөздерінен табатын қаламқасы жайлы сұраққа үш айда 500 мың теңге көлемінде табатынын айтқан.

Зайытов әлеуметтік желіде отырмайды

Ринат Зайытов әлеуметтік желілерде отырмайды. Бірақ желіде оның атынан ашылған парақшалар көп. Оның кейбірі Зайытовтың рұқсатымен ашылған. Мысалы, Instagram-да Зайытовтың ресми парақшасына 170 мың адам жазылған. Мұнда айтыс туралы ақпараттар, ақынның қоғамдағы оқиғаларға пікірі жарияланып тұрады.

Сондай-ақ, Зайытовтың айтыстары оның YouTube-арнасында шығып тұрады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети