Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
24 декабря 2020 14:58

"Блокбекетте жұрт ала көзімен қарайтын". Пандемия әскери қызметшілерге қалай әсер етті?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Елде пандемияға байланысты карантин жарияланғанда әскери қызметшілердің жұмысы күрделене түсті. Себебі олар блокбекеттерде күзетіп, қаладағы карантин шараларының орындалуын бақылап жүрді. Tengrinews.kz тілшісіне әскери қызметші Архат Тәттімбетов пандемиядағы жұмысы мен жеке өмірі туралы айтып берді.


Елде пандемияға байланысты карантин жарияланғанда әскери қызметшілердің жұмысы күрделене түсті. Себебі олар блокбекеттерде күзетіп, қаладағы карантин шараларының орындалуын бақылап жүрді. Tengrinews.kz тілшісіне әскери қызметші Архат Тәттімбетов пандемиядағы жұмысы мен жеке өмірі туралы айтып берді.

Архат Тәттімбетов - Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі басқарманың аға офицері. 1979 жылы Семейде туған. 1996 жылы Алматыға көшіп келген.  

18 жасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтына түскен. 2001 жылдан бері офицер, әскери шені - подполковник. Әскери қызметте жүргеніне 23 жыл болған.

"Жездем кезінде республикалық гвардия жаңа құрылған кезде сол жерде штаб бастығы болып қызмет еткен. Соған қарап, қызықтым. Сол үшін офицер мамандығын таңдадым", - дейді Архат.

Пандемия оның жұмысына да ықпалын тигізген. Бірақ өзі басқа салалардағыдай әсері қатты болмағанын айтады.

Төтенше жағдай режимі кезінде Ұлттық ұлан, ішкі істер органдарының қызметкерлері карантинді сақтау үшін қала маңындағы блокбекеттерде қызмет етті. Архат сол жұмыстың дұрыс істелуін тексерген. Жұмыс күшейтілген режимде болғанын айтады.

"Блокбекеттен айналып өткісі келгендер болды. Біреулер өзен арқылы қашқысы келді. Оларды ұстап алғаннан кейін жағдайды түсіндіруге тырысамыз. Қазір карантин екенін, вирус таралу қаупі бар екенін айтамыз. Бірақ оны түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. Арандатуға дейін барғандар болды", - дейді ол.

Архат әскери қызметшінің бәрі бұл жұмысын халық үшін істейтінін басып айтты.

"Кейде халық блокбекеттен өте алмай қалғанда, не ұсталғанда бізге ала көзімен қарайды. Ал біз бұйрықты орындайтын адамдармыз. Бар жұмысымыз сол халық үшін істеліп жатыр ғой. Елде вирус тарамасын деп, бәрі сақтық шарасын ұстансын дейміз, бұл да халықтың қамы. Бірақ соны көбі түсінбейді", - дейді әскери қызметші.

Архат Тәттімбетов әскери ант қабылдаған соң, барлық қиындыққа төзуге дайын екенін айтады. Бірақ пандемия кезінде қолайсыздық туындатқан кездер болған екен.

"Әрине, пандемия кезінде қиындықтар болды. Ұзақ уақыт бойы резеңке қолғап, қорғаныс костюмдерін, маска киіп жүру жұмыс барысында ыңғайсыздық туындатты. Дегенмен шыдай алмайтындай қиындық деп айта алмаймын. Әскери бөлімде коронавирус жұқтырған адамдар болды. Сол сарбаз қызмет ететін бөлімшелер, роталар карантинге жабылды. Сол кезде әскери қызметшілер үйіне қайта алмай, екі апта карантинде жатты. Жақындарыңмен кездесе алмай қалғанда психологиялық қиындық болары анық", - дейді ол.

Сонымен қатар, бір жерге көп адам жинауға болмайды, әлеуметтік қашықтық сақтау керек деген соң, жауынгерлік дайындық әдістерін өзгертуге тура келген. Көп іс-шара онлайн-форматта өткен екен.

"Күнде кешкісін жеке құрамды тексеремін. Алматыда коронавирус ошағы болған үйлер жабылғаны естеріңізде болар, соны біздің қызметшілеріміз күзетті. Соларға барып, жағдайды бақылап отырдым. Онда да үйге кіргісі келіп, арандатқандар болды. Біреулер әдейі келіп арандатып жатты. Бірақ қызметшілеріміз жұмысын заң бойынша істеді", - дейді ол.

Архат жарымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Жұмысы сарбаздардың тәрбиесіне қатысты болған соң қызметін үйде де ұмытпаған.

"Төтенше жағдай режимі кезінде сыртқа шығып, спортпен айналысатын мүмкіндік болмады. Сол себепті интернеттен түрлі жаттығу тауып, ұлыммен жарыса жаттықтым. Пандемия кезінде көп адам жұмыссыз қалып, үйде отырды. Ал бізде, керісінше, жұмыс күшейді. Бірақ сол сәтте де уақыт тауып, кітап оқыдым, гитарамен ән айттым, отбасыма көңіл бөлдім. Ұлыма гитара тартуды үйреттім. Кешкі аста бәріміз оқыған кітабымызды талқылаймыз. Карантин болған соң, балаларым үйде отырады, сосын зерігетіні анық. Сондықтан жұмыстан келген соң түрлі ойын ойнаймыз. Күнде кешкісін жаңа ойын тауып қояды", - дейді Архат.

Архат пен жары қазір жақсы жаңалық күтіп жүр. Оның айтуынша, қаңтарда жары бесінші баласын дүниеге әкеледі. Бірақ жазда сол баласы үшін қатты уайымдаған екен. Себебі отбасымен бірге ауырып қалған.

"Тамызда пневмониямен ауырдым. Еңбек демалысына енді шыққан едім, жөтеле бастадым. Сөйтіп, жақын маңдағы ауруханаға барып тексерілдім. Пневмония диагнозын қойды. Үйден емделіп, ешқайда шықпай, дәрігерлер жазып берген дәрі-дәрмекті іштім. Зімбір денсаулыққа пайдалы деген ақпарат тараған еді сол кезде, оны да пайдаландым. Он күндей дене қызуым көтеріліп, жаттым. Жарым да менімен бір уақытта ауырды. Балаларым да ауырып шықты. Жолдасым бесінші баламызға жүкті. Мен содан қорқып едім. Себебі күн сайын коронавирус пен пневмония статистикасы өсіп, қайтыс болғандар саны артып жатты. Жарты сағат сайын түрлі жаңалық шығады. Соның бәрін оқып, уайымдадым. Бірақ қазір бәрі жақсы", - дейді әскери қызметші.

Архат Тәттімбетов әскери қызметтегі жұмысын жалғастыра бермек. Кейбірі арандатып, сынап жатса да, халық үшін еңбегі бекер болмайтынына сенімді.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети