Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
21 мая 2020 09:46

"Карантин кезінде бір-бірімен сөйлеспейтін болған". Италиядағы қазақ елдегі жағдайды айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Суреттер: © instagram.com/kamilla_y Суреттер: © instagram.com/kamilla_y

Бүгінде Италия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 6-орында тұр. Мұнда COVID-19 жұқтырғандардың саны 220 мыңнан асты, ал қайтыс болғандардың саны 32 мыңға жетті. Дерттен бір тәулікте 800-ге жуық адам көз жұмған жағдайлар тіркелген еді. Tengrinews.kz тілшісі Италияда тұрып жатқан қазақстандықтан елдегі қазіргі жағдайды сұрап білді.


Бүгінде Италия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 6-орында тұр. Мұнда COVID-19 жұқтырғандардың саны 220 мыңнан асты, ал қайтыс болғандардың саны 32 мыңға жетті. Дерттен бір тәулікте 800-ге жуық адам көз жұмған жағдайлар тіркелген еді. Tengrinews.kz тілшісі Италияда тұрып жатқан қазақстандықтан елдегі қазіргі жағдайды сұрап білді.

Камилла Юсупованың айтуынша, карантин елде 9 наурызда жарияланды. 

"Бастапқыда бізге коронавирусқа байланысты карантин енгізілетіні туралы айтқанда барлығы дүрлігіп, не істерін білмей қалды. Азық-түлік жетіспеушілігі бола ма деп уайымдадық. Сол түні-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендерде ұзын-сонар кезек болды. Келесі күндері де азық-түлік дүкенінде халық қаптап жүрді. Бірақ, мұндай кезекке қарамастан, қуанышқа орай, барлығы жеткілікті болды. Тіпті кейбір азық-түлікке жеңілдіктер болды", - дейді Камилла.

Оның айтуынша, әдетте күліп, ойнап, барлығымен әңгімелесіп, жақсы көңіл-күймен жүретін италиялықтар тіпті ешкіммен сөйлеспейтін болған, бір-біріне жақындамай, тіпті қарамауға тырысқан.

"Осы жағдайдан кейін италиялықтардың жүріс-тұрысы, өмірге деген көзқарасы бірден өзгерді. Әдеттегі ашық, көпшіл италиялықтар карантиннен кейін тіпті күлмейтін болды. Кезекте тұрып, бірдеңе сұрасаң да жауап бермейтін. Менің туыс әпкемнің құрбысы болса, екі аптаға азық-түлік алып қойып, жолдың арғы бетінде тұратын, таяуда ғана ота жасатқан анасына да бармаған. Себебі көшеге шығуға қатты қорықты", - дейді шетелдегі қазақ.

Камилла сол кезде италиялық әжейдің үйінде бөлме жалдап тұрған екен. Содан 1 сәуірде ол 1,5 сағат ішінде бөлмені босатуды талап еткен. Әжей COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары адамдардың тізімінде болғандықтан ба мен сырттан вирус жұқтырып келеді деп қорқып, менен орнымды босатуды талап етті дейді. Абырой болғанда, әпкесі осында тұрады екен.

Осылайша, шетелдегі қазақтың айтуынша, елде карантин ережесі қатаң сақталды. Барлығы өте сақ болуға тырысқан.

"Ешкім карантин ережесін бұзған жоқ деуге болады. Кешкі уақыт қалада мүлде тыныш болды. Себебі ереже бұзғандарға салынатын айыппұл көбейді. Бастапқыда карантин нормасын бұзғандарға 206 еуро (93 936 теңге) айыппұл салынса, кейін ол сома 3000 еуроға (1 368 006 теңге) жетті", - дейді Юсупова.

Айыппұл сомасы көп болғанымен, Камилланың айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген көмек те аз болмады.

"Елдегі қиын жағдайға байланысты мемлекет әлеуметтік көмек ретінде жұмысынан, табысынан айырылған және өзін-өзі қамтамасыз еткен кәсіпкерлеге 600 еуродан (273 521 теңге) берді. Ал студенттерге Италия билігі 250 еуродан (113 975 теңге) берді. Ол ақшаны бізге ноутбук алуға берді. Біз ол шетелдік болып саналсақ та, барлығымызға осындай төлем жасады", - дейді ол.

Сондай-ақ, Камилланың айтуынша, карантин кезінде елде қоғамдық көлік қозғалысы тоқтаған жоқ. Тек қоғамдық көліктердің жұмыс істеу уақыты мен жүруі жиілігінде өзгеріс болды дейді. Пойыздар күніне екі рет жүрсе, қазір карантин ережесі жеңілдеп жатқанына байланысты сағат сайын жүретін пойыздар да бар екен.

Шетелдегі қазақ қазір елде жағдай тұрақталғанын айтады. 9 наурызда жарияланған карантин 4 мамырда алғаш рет жеңілдетіле бастаған.

"Қазір жергілікті халық кішкене босаңси бастады. Бұрынғыдай үндемейтін, ұяң емес. Көшеде де, супермаркеттерде де арақашықтық сақтап тұрғанын аса байқамаймын. 4 мамырдан бастап бізге жақындарымызбен көрісуге рұқсат берді. Қалаға жұмысқа немесе денсаулық жағдайына байланысты шығуға рұқсат берілді. Балалар дүкендері, кеңсе тауарларын сататын дүкендер, шаштараздар, музейлер мен кейбір көрмелер ашылды. Енді саябақтарда да серуендеуге болады. Мейрамханалар мен барлар тек тамақты жеткізіп береді. Мұнда әр қаланың мэрі карантин ережесін қашан және қалай жеңілдететінін өзі шешеді. 3 маусымнан бастап туризм қайта жандана бастайды", - дейді Камилла Юсупова.


Суреттер: © instagram.com/kamilla_y

Шетелдегі қазақтың айтуынша, наурыз бен сәуір айында елде жағдай қатты ушығып, жергілікті халық енді енді есін жиып, босаңсып, қалыпты өмірге оралып жатыр. Қазір масканы тек ғимаратта тағу міндеттеледі, ал көшеде маскасыз жүре беруге болады дейді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 442.05   490.7   4.74 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети